Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағандыда оқушылар сарайының қадасы қағылды

Облыс орталығында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасы негізінде балалар мен жеткіншектер сарайының құрылысы басталды. 1 мамыр – Балаларды қорғаудың халықаралық күні мерекесінде аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен Қарағандыдағы Достық үйінің іргесінде болашақ ғимараттың орнына уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.

Құны 4536 млн. теңгені құрайтын нысанның жалпы аумағы 11855,28 шаршы метр болмақ. Техникалық және химия-биологиялық бағыттағы ғимаратта оқушылар гидропоника, космонавтика, нанотехнология, авиамодельдеу, роботты техника бойынша қабілет арттырады.

– Балаларды қорғау күні оларға сыйлық тарту дәстүрге айналды. Елбасының тапсырмасы бойынша біз қарағандылық балаларға кең, қазіргі заманғы Оқушылар сарайын сыйлауды жөн санадық. Бұрынғы сарай осыдан 80 жыл бұрын салынған болатын. Өкінішке қарай, ол барлық талаптарға жауап бермейді және оған барлық ниет білдірушілер сыймайды, – деді Ерлан Қошанов.

380 орындық көрермен залы қарастырылған ғимаратта қолданабалы өнер мен 50-ге жуық тіл үйірмелері жұмыс жасамақ. Бұдан бөлек, нысан ауласында футбол және 2 баскетбол алаңын салу жоспарлануда. Сөйтіп, жаңа сарайдағы үйірмесекцияларға күн сайын 3 мыңнан астам бүлдіршін қатыса алады.

– Жаңа нысанның архитектурасы да тұрғынарды таң қалдырады деп сенемін. Дүйсенбіде құрылысмонтаждау жұмысына кірісеміз. Қарағандыда алғаш рет нысан тұрғызуды қолға алғанымызбен, бұл салада тәжірибеміз жеткілікті. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тәуелсіздік сарайы», «Хан Шатыр», «Конькимен сырғанау» стадионы, «Астана-Арена» футбол стадионы сынды елге танымал нысандардың құрылысына қатыстық, – деді мердігер «КазСтройПодряд» ЖШС бас директорының орынбасары Әділхан Әбілдин.

 Он жеті айға негізделген құрылыс жұмысы 2020 жылы қарашада тәмамдалады деп жоспарлануда. Ал, жастардың болашақ ұрпаққа Жолдау салынған капсуласы 2050 жылы ашылатын болады.

Рауан ҚАБИДОЛДА

Басқа материалдар

Back to top button