Жаңалықтар

Қарағандыда «Өнегелі өмір» атты ғылыми-танымдық конференция өтті

Қарағандыда заманының заңғар тұлғалары, қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі – С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай «Өнегелі өмір» тақырыбында қалалық мектеп оқушылары арасында ғылыми-танымдық конференция өтті. Ілкімді шараны Қарағанды қаласының білім бөлімі мен Қарағанды гуманитарлық колледжі бірлесіп ұйымдастырған.

Конференцияның мақсаты – қазақ әдебиеті тарихында өздерінің қолтаңбасын қалдырып, өр тұлғасын танытқан үш бәйтерек – үш ғұмыр – С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің биік өресін, шығармашылық қырын, өнерпаздық келбетін, парасаттылық болмыс-бітімін, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын таным таразысына салып зерделеу.

Шараның пленарлық отырысын Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Есжан Әміров ашып, «Ұлт руханиятының көсемдері» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының білім бөлімінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің әдіскері Гүлназ Жаркеева, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұлов, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары Дәрен Жусуповтер сөз сөйлеп, конференция қатысушыларына сәттілік тіледі.

Жиын соңында қатысушылар келесі номинациялар бойынша марапатталды:

  • «Өлең сөздің гауһар тастай дарасы» (С.Сейфуллиннің ақындық, жазушылық қыры, зерттеушілік ізденісі, азаматтық, қайраткерлік бейнесі, өнерпаздық тұлғасы, поэзиядағы жаңашылдығы туралы) бағыты бойынша:

Ι дәрежелі диплом Саяжан Тусупбекова, №16 ЖББОМ, жетекшісі: Рауза Аятбекова;

ΙΙ дәрежелі диплом Нүркен Нәрікбай, А.Байтұрсынұлы атындағы №41 мектеп-гимназия; жетекшісі: Ләззат Сатыбалдина;

ΙΙΙ дәрежелі диплом Адиль Акылов, Вероника Береза, №15 ЖББОМ; жетекшісі: Арайлым Темиржанова.

  • «Қазақты сұлу жырға қанық еттің» (І.Жансүгіровтің үлкен парасат иесі екендігі, қоғамдық-әдеби қызметі, шығармаларының идеялық-көркемдік сипаты, өмір шындығы туралы) бағыты бойынша:

Ι дәрежелі диплом Нұрай Абдуллаева, №6 ЖББОМ, жетекшісі: Аширкуль Шунеева;

ΙΙ дәрежелі диплом Айзада Өмірзакова, №93 гимназия; жетекшісі: Алтын Әмірбекова;

ΙΙΙ дәрежелі диплом Зере Жамалиденова; №59 ЖББОМ, жетекшісі: Салтанат Сағындықова.

  • «Бір ғажап сиқыр күш бар тіліңде ойнар» (Б.Майлиннің қаламгерлік, суреткерлік, шеберлік қарымы, дала жырларының өзіндік ерекшеліктері, драмалық шығармалары жөнінде) бағыты бойынша:

Ι дәрежелі диплом Шұғыла Шәмірбек, С.Саттаров атындағы №57 мектеп-лицей, жетекшісі: Әсем Қызырова;

ΙΙ дәрежелі диплом Мадия Арыстанбекова, №101 мектеп-лицей; жетекшісі: Манар Сағибаева;

ΙΙΙ дәрежелі диплом Жадыра Нұрмышева; №21 негізгі орта мектеп, жетекшісі: Гүлмира Әмрина.

Конференцияға қатысқан елу оқушыға электронды материалдар жинағы мен сертификаттар, жеңімпаз оқушылардың жетекшілеріне алғыс хаттар берілді.

К.З.ЖАМАНБАЕВА

«Қарағанды гуманитарлық колледжі» КМҚК,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

Басқа материалдар

Back to top button