Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағандыда мың шақырым жол жөнделеді

БИЫЛ ОБЛЫСТА МЫҢ ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ. ЖОЛ САПАСЫН ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ҚАДАҒАЛАЙТЫН БОЛАДЫ.

Орталықта 25 адам қызмет етеді. Мамандар күн сайын асфальт төсеу учаскелеріне барып, материал сынамасын алып, технологиялық нормалардың сақталуын қадағалайтын болады.

Аймақ басшысы Ерлан Қошанов жол төсемінің сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.

– Асфальт төсеу барысында сапаны бақылау үшін жұртшылықты, депутаттарды тартыңыздар. Қатаң бақылаусыз ақшаның барлығы желге кеткендей болады, – деді облыс әкімі.

Осы жылы облыс орталығында Республика даңғылы мен Тәттімбет көшесін жалғайтын жол құрылысы аяқталуы тиіс. Тағы екі жаңа жолдың құрылысы басталады. Олардың бірі – айналма жол болса, екіншісі – көтерме-тарату логистикалық орталығына апаратын жол.

Новодолинка-Шахан, Қарабас-Жартас-Долинка және Ақтоғай-Балқаш жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, биылғы жылы Қарағанды қаласынан Саран және Шахтинск шаһарларына баратын тас жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

Су тасқынына қарсы шаралар аясында төрт көпір мен 12 су өткізу құбырын жөндеу жоспарлануда. Қарағанды-Тоғызқұдық-Ботақара тас жолындағы су өткізу құбырын күрделі жөндеу шілде айында аяқталады.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров хабарлағандай, 25 сәуірден кейін Федоров, Жаңаөзен және Майқұдық шағын аудандарындағы орамаралық жолдарды жөндеу басталады. Бұқар жырау даңғылында жол өткелінен Гончарная көшесіне дейінгі және Саран тасжолында 15-ші магистральдан ДСК-ге дейінгі жолда орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Қала басшысының ақпараты бойынша, шұңқырларды жөндеу жұмыстары 25 мың шаршы метр жол төсемін қамтиды. Бұл жұмыстар жаздың басында аяқталуы тиіс.

Ал, облыс орталығындағы сапасы сын көтермейтін жолдарды кепілдік берген мердігерлер 25 мамырға дейін жөндеуге міндетті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button