Қарағандыда мектепке қабылдаудың электрондық жүйесі таныстырылды

Қарағандылық ата-аналар бұдан былай балаларын мектепке онлайн режимде орналастыра алады. Бұл жаңашылдық сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және ата-аналар мен ұстаздардың уақытын үнемдеуге септігін тигізбек. Онлайн өтінішті 1 маусымнан бастап  school.kargoo.gov.kz порталы арқылы беруге болады. 

Өтінішті рәсімдеу барысында баланың электронды фотосуреті, туу туралы куәлігі мен денсаулық паспортының сканерленген (1,17 және 18 беттері) көшірмесі қажет. Жіберілген өтініш SMS хабарлама арқылы расталады. 

Қарағандыда өткен жалпы қалалық ата-аналар жиналысында онлайн өтінімді дұрыс толтырудың маңыздылығы айтылып, ата-аналар өтінішті дұрыс толтырудың үлгісін сынап көре алады. 18 мамыр күні Қарағанды қаласының барлық мектептерінде жаңа жүйе тесттік режимде жұмыс істейді.   

Бірінші кезекте тіркелген мекенжайы бойынша таңдалған мектепке жататын балалар қабылданады. Ал балаларын басқа ауданда орналасқан мектепке бергісі келетіндер үшін квоталық орындар қарастырылған. Ол орындар 1-ші тамыздан кейін бөлінеді. Бұл ретте гимназия мен лицейлердің баламен әңгімелесу және тестілеу өткізуге құқығы бар. 
Жаңа жүйе бір сыныпқа 25 баладан артық қабылданбайтындай етіліп құрылған. Ал егер сынып инклюзивті болса, онда бір сыныптағы орын саны одан да аз болуы мүмкін. 

— Бұл жүйеде ата-аналар қаланың барлық мектептерінің тізімін көріп, олардың рейтінгтерін де салыстыра алады. Сонымен қатар, ата-аналар осы жылы бірінші сынып оқушыларын қабылдайтын барлық педагогтарды көреді. Әр мұғалімнің марапаттары, санаттары және жетістіктері көрсетіледі. Егер қабылдау құжаттарының тізімінде қандай да бір құжат жетіспесе, мектеп ол баланы қабылдамауға құқылы екенін ескерген жөн, — дейді Қарағанды қаласының білім бөлімінің жалпы және орта білім беру секторының меңгерушісі Наталья Головина.