Жаңалықтар

Батыр музейі ерлікке үндейді

Ұлы Отан соғысындағы ең сұрапыл шайқастар – Сталинград пен Курск қалаларын қорғау және Днепрден өту үшін болған қанды майдандар. Кеңес Одағының батыры Мартбек МАМЫРАЕВТЫҢ осы шайқастарда ерен ерлік танытқаны белгілі. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, Қарағандыдағы №68 мектеп-интернатта қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» тақырыбында қалалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Батыр бабамыз бен оның қаруластарының ерлігін ұрпаққа үлгі ету және болашақ зерттеулер туралы пікір алмасу мақсатында ұйымдастырылған шарада Мартбек Мамыраев музейінің тұсауы кесілді.

Конференцияға атқарушы және өкілетті органдардың басшылары, ғалымдар, оқуытушылар, мектеп ұстаздары, оқушылар мен батырдың етжақындары қатысты.

Музейдің ашылу лентасын Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов, қала әкімінің орынбасары Нұрлан Бикенов және Мартбек Мамыраевтың қызы Клара Мамыраева қиды.

Батыр атындағы музей үш бөлімнен тұрады. «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» атты бөлімінде – қаһарман ердің соғыстағы ерлік жолы қамтылып, қару-жарақтары мен шағын мүсіні орналастырылған. «Ер есімі – ел есінде» бөлімінде оның көлемді портреті, өмірбаян деректері, сондай-ақ, марапаттауға ұсыну құжаттарының көшірмелері және марапаттары қойылған. Ал, «Ерлік елдікке жеткізеді» атты үшінші бөлімде бейбіт өмірдегі кездесулері, отбасылық альбомдары, әскерге шақыру туралы құжаттардың көшірмесі және батырға арналған туындылардың көшірмелері тұр. Музейде сонымен қатар, оның туған жері Ақжол ауылындағы мұражайдан жеткізілген киімдері мен өзі пайдаланған тұрмыстық бұйымдарын қамтитын көшпелі көрме орналастырылыпты.

Шара барысында облыстық өлкетану мұражайының мамандары білім ошағының басшылығына Мартбек Мамыраев музейінің төлқұжатын табыстады.

Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Бикеновтің айтуынша, Мартбек Мамыреав есімі берілген ықшамауданда батыр атымен аталатын аллея бар. «Енді, музей ашылды. Бұл бағыттағы жұмыс болашақта да жалғасын табады», – деді ол.

Конференцияны мектеп директоры, қалалық мәслихат депутаты Жанділ Мұхтаров тізгіндеді.

  • Музейге оқушылардың туындысы – 3D форматындағы соғыс көрінісі бейнеленген сурет қойылыпты. Енді, оған рухты музыка ойнайтын құрылғы орнатса, тіпті, тамаша болар еді. Осыдан кейін, жылына екі рет Мартбек Мамыраевтың туған күні мен Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ҚарМУ-дың тарих факультетінің оқытушылары келіп, оқушыларға дәріс оқуы тиіс. Конференциядан қалар пайдалы іс осы болсын, – деді Нұрсахан Ахметқызы өз сөзінде.

Конференцияда мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмагүл Божбанова «Ұлы дала Елі – ерліктің мекені» тақырыбында баяндама жасады. Мектеп оқушылары да өз баяндамаларын ұсынды. Мартбек Мамыраевтың Әнел есімді шөбересі ержүрек атасы туралы таныстырылым туындысымен көпшілікті тәнті етті.

  • Музейді ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Мектеп мұғалімдері мен облыстық өлкетану музейінің мамандары елімізді аралап, шетелдерде де болып, көптеген дерек жинады. Бұл – үлкен еңбек, әрине. Әкем еңбексүйгіш еді, бізді де солай тәрбиеледі. Осы музей патриот жастар тәрбиелеуде киелі орда боларына сенемін, – деді батырдың қызы Клара Мамыраева.

Конференцияның пленарлық мәжілісінен кейін жиылған қауым екі секцияға бөлініп, оларға жоғары оқу орындарының оқытушылары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дәріс оқыды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button