Жаңалықтар

Қарағандыда мағынасы жоқ ауыл атаулары өзгереді

Қарағанды облысында атауы ескіріп, уақыт талабына сай жаңартуды қажет ететін елді мекендер мен көше аттары өзгереді. Сондай-ақ, білім беру мекемелеріне алашордалықтардың есімін беру жоспарлануда, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

«Елу жылда – ел жаңа» демекші, аймақта тарихи, идеологиялық тұрғыда ескірген, мағынасы жоқ ауыл атаулары мен көше аттары өзгеріп, жаңа тыныс, жаңа өмірге ие болуда.

«Қазақстан Республикасы Президенті ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи аталымдарды жаңалау мақсатында әкімдерге идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен көше аттарын өзгертіп, оларды ұлттық салт-дәстүр мен тарихқа сай атау жайлы тапсырма берген болатын. Ата-бабамыз мыңдаған жылдар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізген еліміз 27 жылдық төл тарихы бар мемлекетке айналды. Осыған байланысты ешқандай мағынасы жоқ, идеологиялық тұрғыда ескірген көше аттарын өзгерту қажет», – дейді Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Баян Нұртаева.

Бүгінде елді мекендер мен көше атауларын ауыстыру тәртібі заңнамамен бекітіліп, ол кезең-кезеңмен іске асырылады. Бірінші кезекте тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өтіп, халықтың пікірі тыңдалады. Барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынады. Осыдан кейін өзгертулер облыстық мәслихатта қаралады. Қарағандының Қаражал және Саран қалаларындағы көше аттарын жаңарту жайлы мәселе облыстық мәслихатта қаралды. Халық қалаулылары Қаражалдың Степная көшесінің енді «Қайнар» деп аталуына, Саран қаласындағы Комсомольская көшесіне «Сарыарқа» атауының берілуіне қарсылық білдірмей, бір ауыздан қолдады. Ережеге сай енді шешім әкімдікпен келісіліп, заң органдарында тіркеуге алынуы тиіс. Осыдан кейін аталған көшелердегі мекен-жай тақтайшалары өзгертілетін болады.

«Республикалық ономастикалық комиссияға аталған екі қалада екі-екіден 4 көшенің атауын өзгерту жайлы өтінім жолдағанымызбен тек екі көшенің атын өзгетуге рұқсат алдық. Ономастикалық комиссияда Бұқар Жырау және Нұра аудандарында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды жаңарту қарастырылып жатыр. Болашақта Қарағандының Киров және Пржевальск елді мекендерінің де атауы жаңартылмақ. Нұра ауданындағы Киров ауылдық округіне тарихи атауы қайтарылып, ол «Егінді» деп аталса, Пржевальск ауылы болашақта «Мұзбел» деп аталатын болады. Сондай-ақ, Нұра ауданындағы 8 білім беру мекемесіне атақты алашордалықтардың есімі берілмек», – дейді Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова.

Еске салайық, осыдан екі жарым жыл бұрын сол уақыттағы Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның аты берілетіндігін айтқан болатын. Дегенменде, бұрынғы әкімнің сөзі сол күйінде қалып, Октябрь ауданының аты өзгермеді.

Baq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button