Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағандыда лифт жөндеу жұмысы қарқын алады

Біздің дәуірімізге дейінгі 236 жылы әйгілі Архимед алғашқы лифтіні тұрғызыпты. Және жаппай қолданысқа енгізуді армандаған екен. Әйтсе де, екі мың жыл бұрынғы жаңалыққа кейбір қарағандылықтардың әлі күнге қолы жетпей жүр. Дүйсенбі күні өткен аппарат жиынында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек осы мәселеге назар аударды. Енді, Архимедтің арманы көмірлі өлкеде Барыс жылына дейін жүзеге асатын түрі бар. Аймақ басшысы облыстағы қозғалыссыз тұрған лифтілерді екі жыл ішінде іске қосу туралы тапсырма берді. Бұл мақсатта қазақстандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығымен келісім жасалып, компания қайтарымды негізде 2 млрд. теңге бөлуге дайын екенін айтты.

ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ШАРУАСЫ ЕДІ

Әрине, кеңестік құрылысшылар тоғыз қабатты үйді тұрғызғанда лифт орнатуды ұмытпаған. Кінәні дүние төңкеріліп түскен тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан іздесек болады. Жарты әлемді жабдықпен қамтып тұрған алпауыт өндірістер құрдымға кеткен кезең. Электр жоқ. Су тапшы. «Қазақстанның болашағы қараң» деген жұрттың бас сауғалап, шет жерлерге, тарихи Отандарына қоныс аударған шағы. Бос қалған үйлердегі лифтілер де осы кезде темір-терсек қабылдау нүктелерінен табылыпты.

Бүгінгі тірлігіміз мүлдем бөлек. Еліміздің жарқын келешегіне ағайын сенімі бекем. Сәйкесінше, қираған дүниені қалпына келтіру жұмыстары қолға алынуда. Десек те, лифт шаруашылығында қарға адым жер ұзай алдық па?

Облыс қалаларында 361 лифт жұмыс істемейді. Әкім осы лифтілерді кезең-кезеңмен іске қосуды міндеттеді.

Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінде облыстағы көпқабатты үйлерде 1341 лифт бар. Бірақ, бұлардың денінің қызмет етіп тұрғанына ширек ғасырдан асыпты. Яғни, зауыттан шыққанда бекітілген қызмет мерзімі баяғыда өткен.

Облыста «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңберінде лифтілерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін «Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС құрылды. Тиісінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту ісінде аталған ұйымның үлесі зор. 2011 жылдан бері 102 лифтіні тұрғындар игілігіне тапсырды.

Серіктестік директоры Д.Дүйсембаевтың мәліметінше, биыл мекеме мамандары 8 лифтіні қатарға қосты. Қарағандыда – 4, Теміртауда – 4. Енді, мемлекет тарапынан жұмсалған шығынды лифт жаңғыртылған подъезд тұрғындары бекітілген кесте бойынша қайтаруы тиіс. Айта кетсек, әр лифтінің құны – орта есеппен 12,5 млн. теңгеге тең. Яғни, 8 лифтіге 100 млн. теңге жұмсалды. Ескерері, әр лифтінің құны әртүрлі болуы мүмкін. Мұнда баға құрылымның моделі, жабдықталуы мен өзге де керек-жарақтарының құнына тәуелді.

Жаңа лифт шетелден әкелінеді. Биыл орнатылған лифтілер – Беларусьтің Могилев қаласындағы лифт-машина жасау зауытының өнімі. Отандық лифт өндірісі жоқ. Жақын екі жылда ТМД аумағындағы лифт зауыттары Қарағандыдан түскен тапсырысқа қарық болары анық. Тиісінше, өзімізде жоқтың салдарынан миллиардтаған теңге шекара аспақ.

Әкімнің тапсырмасына сәйкес, аталған серіктестік 2020-2021 жылдары 186 лифтіні жаңартуды жоспарлап отыр. Қарағандыда – 84, Теміртауда – 86, Жезқазғанда – 4, Балқашта – 3 лифт қамтылған. Бұдан бөлек, Саран, Сәтбаев, Абай сынды қалаларда жаңа лифтілер қолданысқа беріледі.

Өткен жылдармен салыстырсақ, жұмыс көлеміндегі айырмашылық көзге оңай көрініп тұр. Облыста тоғыз жылда атқарылмаған жұмыс еңсерілмек.

Осы жерде есеп-қисап тіліне салып көрсек… Тоғыз жылда Қарағанды облысында 102 лифт жөнделді. 102-ні 9-ға бөлсек, орта есеппен жылына 11,3 лифт жөнделіп келген. Ал, көмірлі өлкеде іске жарамсыз 361 лифт тізімде тұр. Демек, 361-ді 11,3-ке бөлсек, 31,9 шығады. Бұл – бұрынғы қарқынмен аймақтағы барлық лифтіні іске қосу үшін отыз жылдан астам уақыт керек деген сөз. Яғни, сіздің үйге лифт 2050 жылы орнатылуы мүмкін еді…

ТҰРҒЫНДАР БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚАЖЕТ

Әкім айтқаннан кейін жауапты органдар бұл жұмысты ширата қолға алуы тиіс. Әйтсе де, бар шаруаны әкімдіктің иығына артып қойып, отыра берген жарамас. «Алма піс, аузыма түстің» күні емес. Тұрғындар да белсенділік танытуы қажет. «Әкімдік қайда қарап отыр?» деп, қит етсе, билікке бұртия қарағанды қолай көретін дағдымызды ысыра тұрған жөн. «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген тәмсіл есімізге түседі мұндайда…

Әсілінде, «өз қотырымызды өзіміз қасығанымыз» абзал. Әуелі тұрғындар тарапынан әкімдікке ұсыныс болуы шарт. Себебі, орнатылған лифтіге кеткен шығынды тұрғындар бекітілген кесте бойынша қайтарып беруі қажет. Ол үшін подъезд тұрғындары жиылып, жиын өткізеді. Сол жерде бар мәселе талқыланбақ. Қатысушылардан келісім алынады. Қорытындысында хаттама толтырылып, тиісті тұлғаларға тапсырылуы тиіс. Құжатты рәсімдеуге кететін шығын болса, оны да жинап беруі міндетті.

Облыс орталығындағы Октябрь ауданында жұмыс істемейтін лифтілер қарасы қалың. Мұндағы «Восток – 2», «Восток – 3», №15, 18, 19 ықшамаудандардағы тоғыз қабатты үйлердің басым бөлігіндегі лифтілер тұрғындар қажетіне жарамай тұр.

Қазыбек би ауданындағы жағдай да мәз емес. Құрылысшылар даңғылы, Ермеков, Карбышев, Сатыбалдин көшелерінде орналасқан кейбір зәулім үйлердегі лифтілер істен шыққалы қашан?!

Бұл лифтілер текке тұрмай, адам өміріне қауіп төндіруде. Қараусыз лифт шахтасына кісі түсіп кетіп, қайтыс болған деректер жеткілікті. Өрт те жиі шығып жатады. Мәселен, Ермеков көшесі, №62 үй тұрғындары 2017 жылы лифт шахтасы жалынға оранғанын айтады. Тұтас подъезд өртеніп кете жаздаған. Кейін комиссия анықтағандай, өрт шахтаға тасталған темекі тұқылынан тұтанған.

Сатыбалдин көшесіндегі №4 үй де лифтіден мақұрым үйлердің бірі. Тоғыз қабатты үйдің үш подъезінде тұратын тұрғындар лифт түймесін баспағалы ширек ғасыр өтіпті. Электр өшкен тоқсаныншы жылдары бөлшектері қолды болған. 2002 жылдан бері осында тұратын Ардақ Асылханов көшіп келгелі лифт пайдаланбағанын айтады.

Ардақ АСЫЛХАНОВ, Сатыбалдин көшесі, №4 үй тұрғыны:

– Лифт мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Ә дегенде қарқынмен басталған шаруа сиырқұйымшақтана созыла келіп, соңы құрдымға кетіп қала берді. Биыл да екпіндеп барып, құмға сіңген судай болды. Себебі, бұл үйдегі пәтерлердің дені жалға беріліп қойған. Өздері тұрмағаннан кейін пәтер қожайындары бас ауыртқысы келмейді. Ақша шығаруға құлықсыз.

Ардақтың сөзін аталған үйге қызмет көрсететін «Орлов» ПИК-нің төрағасы Олег Орлов та қуаттап отыр.

Олег ОРЛОВ, «Орлов» ПИКнің төрағасы:

 – Былтыр да, биыл да үй тұрғындары өздері жиналып, лифт мәселесін талқылады. Алайда, қызығушылық танытқандары болса да, көпшілігі немқұрайды қарайды.

 Әлгі үйге барғанда көз жеткіздік. Тұрғындар енжарлық танытатын тағы бір себептің құлағы қылтиғандай. Бесінші қабатқа дейінгі пәтерлер қожайындары подъездер арасындағы дәлізді өз иеліктеріне қосып алған. Тиісті рұқсат құжаттарының түгел екендігіне күмән зор. Егер, лифт іске қосылса, бұлар ортақ дәлізді көпшілікке қайтаруы қажет. Ал, ежелден ен жайлап үйренген «пысықтар» лифт қосылуын қолдамайтындығы анық. «Басы ауырмастың, балтыры сыздамас» деген.

Әкімнің тапсырмасы тоқтап тұрған лифт шаруашылығының тамырына қан жүгіртері сөзсіз. Бар үмітіміз – Барыс жылында. Тоғызыншы қабаттағы ұлының үйіне келген қария қуанатын болды…

Нұрқанат Қанапия

Басқа материалдар

Back to top button