Қарағандыда егін алқабы ұлғайды

Жер емген жұрттың маңдайдан терді моншақтап төгіп, алқапта бел жазбай еңбек ететін кезеңі Қарағанды аймағында басталды. Бүгінде далада диқандар дән сіңіруге кірісті. Бір атап айтарлығы – осы жылы егіс алқабының аумағы ұлғайтылды. Яғни, диқандар былтырғы жылдан 57 мың гектарға артық жер жыртып, күзде өнімді де өткен жылдан біршама артық алуға қарекет қылуда. Еңбегінің өтеуін тек қана жер мен терден сұрайтын диқан қауымы қазір алқапта жүр. Нақтыласақ, аймақтың 7 ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқын алды. Далада жүргізілген жұмыстар былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Өткен жылы ауа райы қолайсыздық танытты. Биыл болса, аграрларға күннің көзі де жылы шырайлы.

Кеншілер аймағының аграрлары дәнді дақылды 885 мың гектарға салуды жоспарлап отыр. Майлы дақылдар – 18,3 мың гектар, жемдік азық – 54,3 мың гектар шамасында.

Ал, аймақтың егістік алқаптарын негізінде Нұра, Бұқар жырау, Осакаров аудандарында ұлғайту жоспарлануда. Айталық, Нұра ауданында – 18 300 гектар, Бұқар жырауда – 15 900 гектар, Осакаровта – 13900 гектарға егін артық себіледі.

Бұдан бөлек, 9600 гектарға картоп отырғызылады. Бұл – былтырғы көктеммен салыстырғанда 301 гектарға артық. Көкөністің де алқабы көбейді. Ұзын саны 1500 гектарға көкөніс өсірмекші шаруашылық ұйымдары. Оның ішінде, орамжапырақ өсіретін алқапты 500 гектарға жеткізу көзделуде.

Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, сөйтіп, суармалы алқаптың 21800 гектары пайдаланылады. Бұқар жырау ауданы 500 гектар, Нұра ауданы 1000 гектарды қосымша суармалы алқапқа айналдыруды діттеп отырса керек.

  • Көктемгі дала жұмыстарына 20 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Оның ішінде, 11 мың трактор, 168 егіс кешені, 6100 тұқымсепкіш тартылады. Биылғы жылдың 4 айында 2,8 млрд. теңгеге 236 жаңа техника сатып алынды. Оның 109-ы көктемгі жұмыстарға қатысады, – дейді басқарма басшысы Сағынжан Апақашов.

Сонымен қатар, шаруашылықтар арзандатылған жанармайдың 70 пайызына қол жеткізді. Минералды тыңайтқыштармен қамту ісі де өз деңгейінде жүргізілуде. Атап айтсақ, минералды тыңайтқыштарға 5700 тоннаға келісімшарт жасалса, қазіргі таңда оның 4500 тоннасы тасып алынды. Осы минералды тыңайтқыштар алған 9 шаруашылыққа 70, 8 млн. теңгенің субсидиясы төленіпті.

Басқарманың мәлімдеуінше, тұқыммен қамтуда да кемдік жоқ. Десек те, тұқымды жаңарту мақсатында тұқым шаруашылықтарына 2300 тонна тұқым таратылыпты. Ол шаруашылықтарға 210 млн.теңге субсидия төленіп отыр. Арамшөптерге қарсы алдын ала өңдеу жұмыстарына жоспарланған 492 мың литр гербицидтің 300 мың литрі ендігі сатып алыныпты.

«Аграрлық несие корпорациясы» «Кең дала» бағдарламасы аясында 50 шаруашылыққа көктемгі және күзгі егіс жұмыстарына 1,5 млрд. теңге несие берді. Сондай-ақ, 200 млн.теңгеге өтініштер және талқыда.

Жалпы, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 2 млрд. 480 млн. теңге субсидия қарастырылыпты. Бүгінгі таңда субсидия төлеу де бастау алған.

Кешегі күнге диқандар 30 мың гектарға бидай, 8 мың гектарға арпа, 250 гектарға сұлы сіңіріп үлгерді. Сонымен, аймақтағы көктемгі егіс жұмыстарын 5 маусымда межеге жеткізу – жоспарда.

Қызғалдақ АЙТЖАН