Жаңалықтар

Қарағандыда дәріханалар жаңа әдіспен жұмыс істемек

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев биылдан бастап аймақта алты жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейтінін хабарлады. Олар шалғайдағы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, дәрі-дәрмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. 

– Елордалық денсаулық сақтау бөлімінен бізге заман талабына сай екі жылжымалы медициналық кешен берілді. Олар заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Мамыр айында бұл кешендер Қарағанды облысының аумағында қызмет көрсете бастайды. Бригадалар барлық аудандарды қамтиды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл облыс аумағында жылжымалы дәріханалар іске қосылмақ. Бұл – дәріханалары жоқ алыс ауылда тұратын ағайынға айтарлықтай көмек болмақ. 
– Ауыл тұрғындары, әсіресе шалғайдағы ауылдар сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмайды. Онда дәріханалар жоқ, себебі жеке бизнеске оларды алыс ауылдарда ашу тиімді емес. Бұл жағдайда біз  жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Облыста жылжымалы дәріхана пункттері жұмыс істей бастайды. Кесте бойынша олар елді мекендерді аралап, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді, – деді Ержан Нұрлыбаев. 

Басқа материалдар

Back to top button