Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағандыда азық-түлік тапшылығы болмайды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемді әбігерге салған коронавирусты пандемия деп жариялады. Осыдан соң Үкімет вирусты елге кіргізбеу және алдын алу шараларын күшейтті. Ал, айқайға сүрең қосқан топ әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратып, онсыз да алаңдап отырған елді дүрліктіруде. Бойын үрей билеген жұрт қолындағы бар ақшасына жаппай азық-түлік сатып алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Әйтсе де, желіде желдей ескен қауесеттің бір де бірі шындыққа жанаспайды. Толығырақ тарқатсақ…

Бүгін облыс әкімдігінде аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен кеңес өтті. Оған мемлекеттік органдардың басшылары және ірі сауда желілерінің өкілдері қатысты. Жиында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубакіров кеншілер шаһарындағы азық-түлік қорына қатысты ақпарат берді.

  • 12 наурыздан бастап тұрғындар жаппай азық-түлік сатып ала бастады. Оның ішінде: қант, өсімдік майы, ұн және макарон өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Қазіргі таңда жергілікті тауар өндірушілер ұн және макарон өнімдеріне қатысты туындаған сұранысты толық қанағаттандырып отыр. Олардың тапшылығы болмайды. Сондай-ақ, көтерме сауда орындарында сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерінің жеткілікті мөлшерде қоры бар. Кеше қала дүкендерінде қант тапшылығы байқалды. Өйткені, тұрғындар дүкен сөрелеріндегі бірнеше күндік қорды бірден сатып алған. Қантты негізгі тасымалдаушы «Арай» ЖШС қоймасында жеткілікті мөлшерде қор бар. Қазір дүкендерге тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 25 наурызға қарай қосымша 300 тоннаға жуық қант әкелінеді, – деді қала басшысы.

Ал, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашевтың айтуынша, қазіргі таңда облыста 207 тонна бидай бар. Бұл аймақты қыркүйек айына дейін бидай өнімдерімен қамтамасыз етуге толық жетеді. Бұдан бөлек, аймақта 19 кәсіпорын бидай өңдеумен айналысады. Олар айына 11 мың тонна ұн шығарады. Ал, аймақтың сұранысы – 8 100 тонна. Яғни, ұн өнімдері артығымен шығарылуда.

  • Облыс аумағында макарон өнімдерін шығаратын үш ірі кәсіпорын бар. Олар айына 10 тонна макарон өнімдерін шығаруда. Бұл облыстың сұранысын толық қанағаттандыруға жеткілікті. Көкөніс қоры да жеткілікті мөлшерде. Қазір облыста 64 000 тонна картоп, 2382 тонна сәбіз бар. Бұл облыс сұранысын 1 шілдеге дейін толық қанағаттандырады, – деді Сағынжан Апақашов.

Өз кезегінде аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек құзырлы мекемелердің басшыларына бағаның өсуі мен алыпсатарлық өршуіне жол бермеуді тапсырды.

  • Мемлекет басшысы бағаның тұрақтылығын сақтауды тапсырған болатын. Бізде ақпан айында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің бағасы арзандады. Осы деңгейді сақтап қалу керек. Қалыптасқан жағдайға байланысты бағаны қолдан өсіретін алыпсатарлар шығуы мүмкін. Бұған тосқауыл қою керек. Бағаны өз бақылауымда ұстаймын. Егер кәсіпкерлерге біздің тарапымыздан қандай да бір көмек қажет болса, қолдау көрсетеміз, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Жиынға қатысқан «Магнум», «Корзина», «Южный» тәрізді ірі сауда желілерінің және көтерме саудамен айналысатын ұйымдардың өкілдері де азық-түлік қорына қатысты қиындық жоқ екенін атап өтті. Олардың айтуынша, соңғы күндері тұрғындар тарапынан сұраныс жоғарылаған. Әйтсе де, азық-түлік тапшылығы туралы сөз болуы мүмкін емес. Өйткені, сұранысты толық қанағаттандыруға қажетті қор бар.

  • Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан азық-түлік өнімдеріне сұраныс ұлғайғаны байқалады. Сауда кешені қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қандай да бір қиындықтар кездескен жоқ. Сұранысты толық қанағаттандыруға қауқарымыз жетеді, – дейді «Магнум» желісінің өкілі Мақсат Нұратайұлы.

Азық-түліктен бөлек, медициналық маскалар мен вирустардың алдын алуға қажетті дәрі-дәрмек мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, аймақта медициналық маскалар шығаратын кәсіпорынның жұмысы жолға қойылған. Бүгінде 1 тонна 250 келі шикізат сатып алынды. Бұл 2,5 млн. дана өнім шығаруға жетеді. Қазір кәсіпорын тәулігіне 50 мың дана медициналық маска өндіруде. Сонымен қатар, аймақтағы ірі дәріхана желілерімен ортақ келісім жасалған екен. Яғни, дәріханалар медициналық маскаларды өндірушінің бағасымен, неғұрлым арзанға саудалайды.

  • Әлеуметтік желіде медициналық маскалардың тапшылығына байланысты алаңдаушылықтар бар. Бұрын бұл өнімді сырттан алатын едік. Қазір өзіміз шығара бастадық. Енді қосымша тағы да сатып аламыз. Осылайша, бұл мәселеге де нүкте қоямыз. Қажет болған жағдайда облыс әкімдігі барынша қолдау көрсетеді, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы мемлекеттік мекемелерге баға тұрақтылығын сақтауға қатысты тапсырма берді. Сонымен қатар, халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, сауда желілері де өз үлесін қосуы тиіс. Яғни, әлеуметтік желідегі парақшаларында, жарнама құралдарында азық-түлік қорына қатысты ақпаратты дер кезінде ұсынып, алаңдауға негіз жоқ екенін көрсету керек. Бұл қисынсыз дүрбелеңнің алдын алуға мүмкіндік береді.

Басқа материалдар

Back to top button