Жаңалықтар

Қарағандыда 5380 түлек тест тапсырады

БИЫЛ ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ 20 МАУСЫМ – 5 ШІЛДЕ АРАЛЫҒЫНДА ӨТЕДІ. ОСЫ УАҚЫТ АРАЛЫҒЫНДА ОБЛЫС БОЙЫНША 5380 ТҮЛЕК СЫНАҚ ТАПСЫРАДЫ.


Талапкерлер үшін 15 тестілеу пунктіндегі 122 кабинет, оның ішінде, 19 резервтік кабинет жұмыс істейді. Тест тапсыру орындарының барлығы желдеткіштермен және ауа салқындатқыштарымен жабдықталады. Қазіргі таңда, облыста 200 бейнебақылау камерасы мен 50 металл іздегіш, 123 ұялы байланыс тетігі әзірленді.
Ата-аналар мен бақылаушылар түлектердің тест тапсыру сәтін онлайн көрсетілім арқылы бақылай алады. Ал, құқық қорғау органдарының өкілдері мен мемлекеттік комиссия мүшелері тестілеудің дұрыс өтуін қадағалайды.
Түлектер тестілеуден кейін белгілі болған білім көрсеткіші арқылы мемлекеттік гранттарға үміткер бола алады.
ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019-2020 оқу жылына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс есебінен 69 256 грант бөлінді. Оның ішінде, бакалавриатқа – 53785 грант, магистратураға – 13159 грант, PhD докторантураға – 2312 грант белгіленген. Бөлінген гранттар еліміздің жоғары білім беру мекемелері арасында таратылды.
Ал, болашақ дәрігерлерге арналған гранттардың саны кейінірек белгілі болмақ. Медициналық мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты Денсаулық сақтау министрлігі жариялайды.
Сондай-ақ, биылдан бастап білім беру гранттары білім беру бағдарламалары топтарына тағайындалады. Бакалавриатта – 97 білім беру бағдарламалары тобы, магистратурада – 154 және докторантурада – 150 білім беру бағдарламалар тобы бар.
Жоғары оқу орнына қабылдау кезінде оқуға түсушілер нақты бір білім беру бағдарламасын таңдайды.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button