Бас тақырып

Қарағанды спорты – тұғырында

Ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың еңбегі – ерен. Тәуелсіз ел болып, етек-жеңімізді жиғаннан беріде Сарыарқаның саңлақтары алдына қара салмай, мәреден көрініп келеді. Байрақты бәсекелерде оза шауып бәйге алған Қарағанды спортшылары әлдеқашан әлемді аузына қаратқан. Кешегі Одақтың кезінде осал еместігін танытып, толағай табыстарға жетті.  

Балуан БағланИБРАГИМ

Қарағандылықтар қоржынында Олимпиада ойындарының, бүкілодақтық, еуропалық, әлемдік жарыстардың жүлделері бар. Үстел теннисі бойынша қарсыластарының жолын кескен Еуропа чемпионы, аңыз спортшыға айналған Флюра Хасанов, бокстан КСРО және Еуропа чемпионы жойқын жұдырықты Серік Нұрқазов, былғары қолғап шебері Ғалым Жарылғапов, жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарының, әлем және Еуропа біріншілігінің чемпионы Владимир Муравьев, классикалық күрестен әлем чемпионы, апайтөс балуан Игорь Ростороцки, велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, велоспорттың командалық ізге түсу түрінен КСРО кубогінің иегері Анатолий Степаненко Одақ бойынша озық тұрды. 80-жылдары семсердей суырылған Қанат Байшолақов қазақ жастары арасында тұңғыш әлем чемпионы атанды. Содан кейін соңынан ерген бауырлары Талғат, Жанат Байшолақовтар байрақты бәсекелерде мықтылығын әлемге мойындатты. Сондай-ақ, Жақсыкүн Нығызбаев, Дүйсенбай Бөкенаев, Ерден Халилин сынды саңлақтар эстафетаны жалғады.

Бақтай Сәпиев, Аркадий Топаев топ жарған кездерде облыстың бокс мектебі мықты деп жұрт баға берді. Бірегей зілтемірші, Мәскеу Олимпиадасында алтыннан алқа таққан Виктор Мазин елдің есінде болар.

Қарағандының спорт клубтары көптің көкейінен шықты. «Гефест» ФК, «Сарыарқа» хоккей, «Шахтер» футбол клубтары, «Шахтер-Юность» ФК өткізген тартысты ойындар Арқа жұртының айбынын асырды. Қарағанды тек жекелеген спортшылармен ғана емес, командалық спорт түрлерімен де мақтана алатындығын мойындатты. Кеңестік кезеңді сараламай-ақ, «Сарыарқа» хоккей клубы кейінгі жылдардағы маусымдарда Ресейдің Жоғарғы хоккей лигасында бас жүлдені еншілегенде бөркімізді көкке аттық. Тіпті, қатарынан 23 кездесуде жеңілмей, лиганың рекордын жаңартты. Сондай-ақ, хоккейшілеріміз Братина кубогының финалына дейін жетті.

Ала допты әуелеткен қарағандылықтардың жөні мүлдем бөлек. Облыстың бас командасы саналатын «Шахтер» ел чемпионатында қатарынан екі мәрте көш бастады.

Жекелеген спорт түрлеріне қайта оралсақ, озық тұрған мықтыларымыз жетерлік. Тәуелсіздіктің Туы желбіреген уақыт аралығында арландарымыз Алаш  есімін асқақ етті, атойлады. Қазақ жеңіл атлетикасының көшін алға сүйреген спортшылардың қатарында Дмитрий Карповтың болғандығын ешкім жоққа шығара алмас. Сондай-ақ, Катя Чуйкина, қазақстандық гимнастика тарихында алғаш рет әлем біріншілігінің жеңіс тұғырына көтерілді. Қазақ боксы Олимпадада ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын үш рет иемденді. Сол үш Баркердің екеуі біздің Қарағанды боксшыларының еншісінде. Бірінші Баркерді алған боксшы – «Балқаштың барысы» Василий Жиров. Көп ұзамай Жиров кәсіпқой боксқа бет бұрып, Қазақстан боксшылары арасында тұңғыш рет IBF және WBС тұжырымдары бойынша чемпион атанды. Одан кейін Лондон Олимпиадасында өзінің техникалық шеберлігін күллі әлемге паш еткен – Серік Сәпиев. Олимпиаданың ең биік шыңына көтерілмесе де, жүлдегерлер қатарынан көрінген Геннадий Головкин, Серік Елеуов, біз мақтана алатын былғары қолғап шеберлері. Қазіргі таңда Генаның кәсіпқой бокста көрсетіп жүрген өнері таңдай қақтырады. Сонымен қоса, командалық есепте есе жібермеген бокстан облыс құрамасы 2011 жылы Қазақстан бокс федерациясының кубогын еншіледі. 2014 жылғы Жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Абылайхан Жүсіпов қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келіде еліміздің жаңа чемпионы атанды.

2017 жылдың басты жаңалығы – даңқты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атанғандығы. Сонымен қатар, бокстан Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қазбек Әшляевтың да «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болғанын айта кеткеніміз абзал.

Күресте де көшіміз ілгері. Қарағанды балуандары Максим Раков, Ислам Бозбаев, Ержан Шынкеев, Асыл Бәрменов, Жансай Смағұлов, Жылкелді Құдайбергенов, Нұртілек Қаракесеков, Бекзат Ермеков, Марғұлан Алпысбай, Әділет Аманжол сияқты балуандардың шеберлігінде шек жоқ.

Қазақ қыздары арасында күрестен Эльмира Сыздықова тұңғыш рет Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі мен Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған қазақ күресінен «Қазақстан барысы» VIII республикалық турнирінде балуанымыз Ержан Шынкеев жеңімпаз атанды. Тунисте өткен дзюдодан әлемдік Гран-при кезеңінде Жансай Смағұлов 73 келіде алтыннан алқа тақты.

Индонезияның Жакарта және Палембанг қалаларында өткен Азия ойындарында ел намысын қорғаған қарағандылық спортшылардың жетістігі жоғары болды. Қарағандылықтар Азия ойындарында 11 медаль жеңіп алып, лайықты өнер көрсетті. Азия ойындарының жеңімпаздары, самбошы Бағлан Ибрагим және Азиаданың күміс жүлде иегерлері, дзюдошылар – Ислам Бозбаев, Жансай Смағұлов, Санжар Жаборов, қола медальға қол жеткізген Бейімбет Қанжанов, синхронды жүзуден дуэттік сайыста жүлде сыйлаған Александра мен Екатерина Немичтер, әйелдер арасында күресте қоланы қоржынымызға салған Эльмира Сыздықова есімдері дүбірлі додада алтын әріппен жазылды.

Спорттың басқа түрлерінде де саңлақтарымыздың жеткен жетістіктері аз емес. Қазіргі кезде қарағандылықтар саламатты өмір салтын насихаттап, спортқа баулу жұмыстарымен айналысып, қазақ спортының дамуына зор үлесін қосып жатыр. Талай додаларда бақ сынасып, маңдайлары жарқырап, алға шығатындықтарына сенім зор.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button