Қарағанды облысының әкімі дәрігерлерге алғыс айтты

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек күрделі кезеңде өз жұмысына адалдық танытқан медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді. Аймақ басшысы бұл туралы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.

«Қазіргі уақытта біздің өңірде 2 короновирусты жұқтыру жағдайы тіркелді. Ол бұған дейін Минск — Нұр-Сұлтан рейсімен ұшып келіп, медициналық мекемеде оқшауландырылған жолаушылардан расталды. Біздің қызметтер оларды толық оқшаулау бойынша шараларды қабылдап, қалған жолаушыларды карантинге орналастырды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты бақылауда.
Сондай-ақ, осы күндері үлкен жүктемеге тап болған біздің медицина қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Сіздерге қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз.
Сондай-ақ біздің денсаулығымыз біздің жауапкершілігімізге тікелей байланысты екенін еске салғым келеді. Қолдарыңызды жиі жуып, қажеттілік жоқ болса далаға және халықтың көп жиналатын орындарына бармаңыздар. Осы қарапайым ережелерді сақтау біздің дәрігерлеріміздің вируспен күресудегі жұмысын едәуір жеңілдетуге көмектеседі.
Сондай-ақ облыс тұрғындарына ұйымшылдық танытып, қолдау білдіріп отырғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Мен егде адамдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмектермен көмектесіп жатқан еріктілер туралы хабарларды оқи отырып, өзара көмек пен қолдаудың артқанын атап өткім келеді.

Бұл ретте қалыптасқан жағдайды жете түсініп, қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс жасауға жіберіп жатқан облысымыздың кәсіпкерлеріне де ерекше алғыс білдіреміз.

Осы күндері барлықтарыңызды мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылатын қауесеттер мен фейктерге сенбеуге шақырамын. Барлық ресми ақпаратты сіздер мемлекеттік органдардың, Денсаулық сақтау министрлігінің және Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайттарынан таба аласыздар. Сіздерді тек тексерілген ақпаратқа сенуге шақырамын.

Біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, орын алған қиындықтарды жеңуге толық мүмкіндігіміз бар!», — деді Жеңіс Махмұдұлы.