Бас тақырыпРесми

Қарағанды облысында жас дәрігерлер баспаналы болды

Шахтинск қаласында жас дәрігерлер өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жаңа пәтерде қоныс тойын тойлады. Қарағанды облысы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қошанов 32 қызметтік пәтердің кілтін табыс етті. Баспана Қарағанды медицина университетінің 2018-2019 жылғы түлектеріне берілді. Сондай-ақ жас мамандарды Шахтинск қаласының ауруханалары мен емханаларына жұмысқа шақырды. 


– Шахтинск қаласындағы басты мәселелердің бірі – медициналық кадрлардың тапшылығы. Мұнда 40-қа жуық маман жетіспейді. Енді жас дәрігерлер  командасы келді. Сіздерге жаңа жұмыс қана емес, жаңа баспана да ұсынылады. Сіздерді өмірлеріңіздегі жаңа кезеңге қадам басуларыңызбен құттықтаймын. Шахтинск сіздер үшін жаңа үй болады деп ойлаймын, ал қаланың тұрғындары сіздердің жұмыстарыңызға риза боларына үміттенеміз, – деді Ерлан Қошанов.
Өткен жылы Шахтинскідегі қараусыз қалған көпқабатты үйдің екі кіреберісі Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының меншігіне берілген болатын. Сол кезден бастап онда күрделі жөндеу басталды. Терезелер, есіктер, едендер, кәріз және жылу жүйелері мен электр сымдары толығымен ауыстырылды. Пәтерлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталды. Әр үйде теледидар, микротолқынды пеш, тоңазытқыштар және кір жуғыш машиналар бар. 

 

Басқа материалдар

Back to top button