Бас тақырыпРесми

Жеңіс Қасымбек: “Облыста төрт мыңнан астам көше камерасы орнатылады”

Биыл Қарағанды облысының аудан-қалаларындағы көшелердегі бейнебақылау камераларының саны артады. Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ хабарлауынша, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев, Саран және Осакаровка кентінде төрт мыңнан астам көше камерасын орнату жоспарланған. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы “Қауіпсіз қала” жобасы аясында жүзеге асады. 

– «Қауіпсіз қала» жобасы әзірленді. Оны комиссия бекітті. Жеке инвестор есебінен 4290 бейнебақылау камерасы орнатылады. Басқа қалалардың тәжірибесі бейнебақылау жүйесі қылмысты ізін суытпай ашуға ғана емес, олардың алдын алуға да мүмкіндік беретінін көрсетуде. Сондықтан, бұл жұмыс жалғасын табады, – деді аймақ басшысы.
Жеңіс Қасымбек сонымен қатар көшені жарықтандыру мәселесіне назар аударды. Бүгін облыс орталығында 600-ден астам көшеде шамдар орнату қажет. Бұл мәселе жергілікті өндірушілерді тарта отырып, МЖӘ қағидаты бойынша шешілетін болады. Биылғы жылы 136 көше жарықтандырылады, ал, келесі екі жылда қалған көшелерде шамдар орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, облыс әкімі қарағандылықтарды Senim 109 сервисін пайдалануға шақырды. Бірыңғай үйлестіру орталығы өткен жылы іске қосылды. Жүйеге Қарағанды қаласының 60-тан астам мемлекеттік және коммуналдық мекемелері қосылған. Қала тұрғындары бұл нөмірге ТКШ және абаттандыру мәселелері бойынша, сондай-ақ шұғыл жағдайларда хабарласа алады.
– Сіздердің өтініштеріңіздің арқасында біз жауапты кәсіпорындардың кемшіліктерін көріп қана қоймай, сонымен қатар сіздерді бірінші кезекте қандай мәселелер мазалайтынына талдау жасай аламыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

 

Басқа материалдар

Back to top button