Қарағанды облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 47 жоба жүзеге асады

Биыл Қарағанды облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылады. Ол 13 кент пен 7 ауданның ауылдарын қамтиды. Мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, 47 жоба жүзге асырылады деп күтілуде. Атап айтқанда, ауыл мектептері, мәдениет үйлері, кентішілік жолдар, су құбырлары және басқа да нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Жобаны жүзеге асыру барысы селекторлық режимде өткен аппарат жиынында талқыланды.  Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмысты қарқындату және бөлінген қаржыны тиімді пайдалану жөнінде тапсырма берді.

– Елбасы – Тұңғыш Президенттің бастамасы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мен ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау. 2019 жылы Қарағанды облысының үш ауданы орталығында – Атасу, Нұра және Ұлытауда 26 жоба жүзеге асырылды, – деп мәлімдеді облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Бұл жобалардың жартысы – әлеуметтік салаға тиесілі.  Сондай-ақ, қазандықтар, тазарту құрылғылары жөнделіп, аудан орталықтарындағы жолдардың сапасы жақсарды және көшелер жарықтандырылды. 

Биыл облысымызда «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау және Шет аудандарының 13 елді мекенінде 47 жоба жүзеге асырылады. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілетін нысандардың кейбір бөліктері бойынша конкурстар өткізіліп, мердігерлер анықталды.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек бұл бағыттағы жұмыста белсенді әрекет етуді талап етті.

– Құрылыс кезеңі басталды. Бұл адамдарға жұмыс беруге, оларды еңбекақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жайт –тұрғындарға үлкен қолдау.  Конкурстық, шарттық болсын, барлық рәсімдерді жедел аяқтау қажет. Мамыр айында жобалардың барлығы бойынша жұмысқа кірісу керек, – деп атап өтті облыс әкімі.