Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағанды облысында 800 шақырым жол жөнделеді

Қарағанды – Балқаш жолының құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, абаттандыру жұмыстары келесі жылы басталмақ. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Қарағанды – Балқаш республикалық жолына және Солтүстік-Шығыс айналма жолына барған жұмыс сапары кезінде белгілі болды.

Қазір Қарағанды-Балқаш учаскесіндегі жөндеу жұмыстарына 900-ге жуық техника мен 1 800 адам жұмылдырылған. Биыл қайта қалпына келтіру жұмыстары карантин салдарынан жоспарланған кестеден кеш басталды.

– Мердігерлермен жаз маусымында  сапаға нұқсан келтірместен жұмысты қарқындату жөнінде келістік. Бұл келесі жылдан бастап аймақ тұрғындарын жаңа әрі жайлы жолмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ,  Балқаш көліне баратын туристердің ағымын ұлғайтуға жағымды әсер етуі тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысының мәлімдеуінше, қазіргі таңда Балқаш қаласынан  Алматы қаласына қарай Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жол құрылысы салынып жатыр. Бұл да туристер санына ықпал етпек.  

Бұдан бөлек, Жеңіс Қасымбек  Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысы қалай жүріп жатқанын бақылап қайтты. Ұзындығы 48 шақырымнан асатын жаңа жол Қарағандыны айналып өтеді. Мердігерлер төрт жолақты трассаны өткен жылы төсей бастаған болатын. Биыл бес көпір өткелін тұрғызу жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте құрылысшылар жол белгілерін салу, қоршаулар жасау және жарық шамдарын орнатумен айналысуда.  

– Біз бұл жолды 93%-ға аяқтадық. Енді оны абаттандыру ғана қалды. Маусым айында толық тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді «Сине Мидас Строй» ЖШС жол компаниясының өкілі Али Четкин.

Жалпы алғанда, биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысында  800 шақырымнан астам жол жөнделмек.  

Басқа материалдар

Back to top button