Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағанды облысында 560 көпбалалы отбасы баспаналы болады

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде  тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. 

Облыстағы тұрғын үй құрылысының жоспары бойынша құрылыс басқармасының басшысы Тайхан Сейтмаханұлы мәлімдеді. Басқарма басшысы облыста биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен 10,1 млрд.теңгенің көлеміндегі тұрғын үй құрылысын жүргізу көзделуде екенін атап өтті. Бұл – 4 мыңға жуық пәтер. Ал, қаңтардан бері 136, 6 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген.

Арендалық үйге республикалық бюджеттен 2,1 млрд. қаржы жұмсалып, 11 нысанда құрылыс жүргізіледі. Яғни, кезекте тұрғандар үшін 523 пәтер салынады. Оның 260-ы биыл табысталады. Соның ішінде, 196 пәтер қоғамның әлжуаз топтарына арналса, көп балалы отбасыларға 64 пәтер беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, осы жылы республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңгеге екінші нарықтағы баспананы сатып алу қарастырылған. Бұл қаражат 204 пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Бірінші мамырдан жергілікті бюджеттердің қаражатымен 27 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Ал, 20 мамырға дейін 106 көпбалалы отбасыға пәтер кілті тапсырылмақшы. Сөйтіп, осы мамырда 133 көпбалалы отбасы арендалық баспанамен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, облыстық бюджеттен «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» арқылы жеңілдетілген, жылына 2 пайызбен несие беру үшін 1 млрд.теңге қарастырылған. Аталған қаражат 159 пәтер алуға мүмкіндік береді. 2019 жылы 756 отбасы арендалық үйге қол жеткізеді. Оның 560-ы көпбалалы отбасына бұйырады. Сөйтіп, облыстағы 1000-нан астам көпбалалы отбасының жартысына жуығы баспанаға қол жеткізеді.

 Аймақ басшысы қала, аудандардағы тұрғын үй құрылысын да назардан тыс қалдырмады. Қала, аудан әкімдері аталған мәселе жөнінде мәлімдеді. Алайда, аймақ басшысы беріліп отырған қаражаттан құжаттарды дұрыс дайындамай қағылып қалатын жағдайды сынға алды.

 – Құрылыстың белсенді кезеңі басталды. Қала, аудандарда тұрғын үй құрылысы жоспарын қамтамасыз ету қажет. Қаржы бар. Сол қаржыны дұрыс жарата білу керек және құжаттардың дайын болмауы салдарынан республикалық, басқа да қаржыдан қағыламыз. Осы мәселе бойынша талдау жасаңыздар, – деді Ерлан Жақанұлы. Бұл орайда салалық орынбасары мен басқарма басшысына тапсырма берді.

Басқа материалдар

Back to top button