Жаңалықтар

Қарағанды облысы «Мұражайлар шеруі» республикалық акциясына қосылды

Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтіп жатқан «Мұражайлар шеруі» республикалық акциясына қосылды. Келесі жылдың соңына дейін аймақ мұражайларында тегін көрмелер мен іс-шаралар өтеді.


18 қазанда Қарағанды облыстық өлкетану мұражайында «Музей променад» өтеді. Шара 19.00-де басталып, түнге дейін жалғасады. Бағдарлама аясында сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтар, «Көшпенді өркениет мұрасы» халықаралық қоғамдық қорының маманы Дайыр Қыдырғалиұлы түрік сауаттылығы бойынша шеберлік сабақтар өткізеді. Қонақтар үшін «Латын қарпінде жаз» интерактивті алаңы, «Киіз үй» және «Геолог шатыры» интерактивті фото аумақтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, мұражайда «Білім аңдушылар», «Мұражай қазынасы» квест-ойындары ұйымдастырылып, викториналар мен байқаулар өткізіледі. Кіру тегін.

22 қараша күні кешке Теміртау Тұңғыш Президент мұражайында «Үлкен жолдың кезеңдері» атты іс-шара өтеді.
21 желтоқсанда эстафетаны Қарағанды бейнелеу өнері мұражайы қабылдайды. Мұнда жаңа жыл алдындағы «Мұражайдағы түн. Жаңа жылдық әбігер» викториналар, байқаулар және интерактивті ойындар өткізіледі.
Келесі жылдың қаңтар айында Теміртау тарихи-өлкетану мұражайы «Қысқы ғажайыптар мен қамқорлық» іс-шарасын өткізеді.
2020 жылы республикалық акцияға Балқаш тарихи-өлкетану мұражайы, Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы, Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайы, Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай, Осакаров аудандарының, Жезді және Ақжол, Егіндібұлақ кенттерінің мұражайлары қосылады.
«Мұражайлар шеруі» республикалық акциясы тамыз айының соңында басталды.  Акцияның мақсаты – мұражайларды насихаттау және оларға Республиканың барлық азаматтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады.
 

Басқа материалдар

Back to top button