Қарағанды облысы әкімдігінде әскерге шақыру мәселесі жөнінде жиын өтті

Мамыр айының екінші жартысынан бастап, әскер жасына толған, денсаулығы жарамды азаматтардың бәрі  Қарулы Күштер қатарына шақырыла бастайды. Бұл туралы Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТЫҢ төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мәселесі бойынша селекторлық режимде өткен кеңесте айтылды.

Кеңеске әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі облыс әкімінің көмекшісі, Қарағанды облысы аумағындағы қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері, облыстық жұмылдыру дайындығы, денсаулық сақтау басқармаларының, жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысты.

Ал, Қарағанды облысы аумағындағы қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, аудандық және қалалық шақыру комиссияларының төрағалары селекторлық режимде қосылды.

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 312 Жарлығына сәйкес жүргізіледі.

Биылғы жылдың мамыр-тамыз айларында Қарағанды облысы бойынша барлығы 1300 адамды мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, жас шақырылушылар қатарын толықтыру ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі және ҚР Ұлттық Гвардиясы бөлімдерінде өтеді.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы, подполковник Жанас Құнанбаев азаматтарды кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру және шақыру науқанын ұйымдастырудағы проблемалар, әскерге шақырылушыларды орналастыру және тамақтандыру тәртібі, азық-түлік және жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз ету туралы мәселелерге тоқталды.

Сонымен қатар, жиында әскерге шақыру науқаны кезеңінде шақырылушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды мәселелері, соның ішінде, болашақ сарбаздарды коронавирус инфекциясының бар-жоғына тексеруден өткізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кеңесте санитарлық-эпидемиологиялық жағдай кезінде облыстық жиын пунктінің жұмысын ұйымдастыру жоспары ұсынылып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің қатарына жастарды тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса назар аударылды.

Жиын пунктінде байланыссыз термометрді қолдана отырып, әскерге шақырылушылардың дене температурасына өлшеу жұмысын жүргізу үшін арнайы бақылау бекеті ұйымдастырылады. Қызметтік және медициналық үй-жайлар дезинфекциялау құралдарымен және қолды таза ұстауға арналған антисептиктермен, ал, әскерге шақырылушылар әскери бөлімдерге кеткенге дейін медициналық маскалармен қамтамасыз етілетін болады.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамал Тоқсанбаев медициналық комиссияларды маман-дәрігерлермен жасақтау және коронавирус инфекциясына зерттеу жүргізу тәртібін түсіндірді.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары мемлекеттік органдардың басшыларына азаматтарды әскери қызметке шақыруды сапалы ұйымдастыру және Президент Жарлығын орындау бойынша міндеттер жүктеді.

Жәлел ШАЛҚАР.