Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағанды облысы инвестиция тарту бойынша рекорд орнатты

Былтыр аймақтағы өнеркәсіп орындарына 470 млрд. теңге қаржы салынды. Бұл – соңғы ширек ғасырда болмаған жетістік.

Салыстыру үшін айта кетсек, 2017 жылы облысқа 363,3 млрд. теңге қаржы тартылған. Тағы бір атап өтері, инвестицияның 85 пайызы – жекеменшік капиталдың еншісінде.

Инвестиция көлемін арттыруда ірі жобалардың үлесі зор. Инвестициялаудың негізгі салалары – металлургия, баламалы энергетика, машина жасау, химия.

Бұл жобалар қатарында «Саран» ЖШС күн электр станциясы, «Sary-Arka Copper Processing» ЖШС катодты мыс зауыты, «Forever Flourishing (Middle Asia) Pty Ltd» ЖШС болат және темір балқыту зауыты, «АК «Алтыналмас» АҚ алтын фабрикасының екінші кезегі және «Альфарух» ЖШС көтерме-тарату орталығының бірінші кезеңі бар.

Сондай-ақ, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының №1 рудотермиялық пеші іске қосылды. «Maker» ЖШС машина жасау өндірісі мен «Қарағанды Құс» ЖШС жұмыртқа өндіру ісі жаңғыртылды.

Облыс билігі биыл инвестиция көлемін 520 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Мұнда ірі жобалардың үлесі қомақты. Бұлардың арасында Қарағанды кешенді қорытпалар зауытын, «Алайғыр» полиметалл кендерін өңдеу зауытын, «YDD Corporation» ферроқорытпа зауытын, «LindeGroup» ТҰК техникалық газ өндіру зауытын, «Hebei Huatong Cable Group Co Ltd» кабель өнімдері зауытын ерекше атап өтуге болады.

Инвестицияны тартуға арналған мемлекеттік қолдау құралдарының бірі – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы. Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақ аумағында 15 компания қатысушы мәртебесіне ие. Бүгінгі күнде 7 жоба іске қосылып, 8 жоба іске асырылу сатысында. Жобалардың жалпы құны 148 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ, осы аймақтағы сүбелі жобалар арқасында 1,7 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Облыста инвесторларды сүйемелдеу бойынша регламент әзірленді. Құжатқа сәйкес, билік әрбір жобаны жеке алып жүруді көздейді. Бұл жобаларды іске асыру процесін айтарлықтай жылдамдатады.

Бүгінгі уақытта аймақта жалпы құны 2 трлн. теңгені құрайтын 45 ірі инвестициялық жоба жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, құны 1.4 трлн. теңге болатын 17 жоба шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылуда.

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button