Бас тақырып

Қарағанды газсыз қалмайды

Қазіргі таңда елімізде газы жоқ төрт қана облыс бар. Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан аймағы көгілдір отынға көз тіккелі көп жыл. Ал, былтыр Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен бастау алған «Сарыарқа» газ магистралының құрылысы Қарағанды аймағы мен Нұр-Сұлтан қаласын газбен қамтымақ. Дегенмен, БАҚ-та Қарағандының газбен қамтылуын тежеген кедергілер туралы ақпарат тарады. Бұл қаншалықты қисынды?

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында қолға алынған жобаның тұсауы өткен жылдың желтоқсанында телекөпірде кесілгені мәлім. Кешегі күні Энергетика министрлігінің вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев магистральді газ құбырының алғашқы шақырымы тартылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов Қарағанды облысын газдандыруға кедергі ететін бірқатар нормативтік мәселелер бар екендігін де Мәжілісте мәлімдеген-ді. «Алайда, мемлекеттік сараптама қызметі теxникалық-экономикалық негіздемені талап етіп отыр. Ол құжаттың қажеті шамалы. Бірақ, дәл соның салдарынан Қарағанды облысын газдандыру шаралары тежелетін сыңайы бар. Себебі, әрбір елді мекенге теxникалық-экономикалық негіздеме жасау қажет. Ал, ол жұмысқа кемінде бір жыл уақыт кетеді. Сосын жобалық-сметалық құжаттарға тағы бір жылдай керек. Сөйтіп, екі жыл уақыт текке кетейін деп тұр», – деп атап көрсеткен-ді Ұлантай Үсенов (28.03.19 «Қазақпарат»).

Осыған орай, Ұлантай Төлеутайұлынан түсініктеме сұраған едік. Басқарма басшысының айтуынша, бұл шындыққа сәйкес келмейді. Бізге жолданған басқарма түсініктемесінің мәтінінің үзігі мынадай…

«2019 жылдың 28 наурызында «KAZINFORM» ХАА сайтында Қарағанды облысын газдандыру туралы мақала жарияланған. Мақаланың тақырыбында «Қарағанды облысы газсыз қалуы мүмкін» деп көрсетілген, бұл шындыққа сәйкес келмейді.

Мақала материалдарында айтылғандай, Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысындағы дөңгелек үстелінде жобалау кезінде және сараптама өтуден туындайтын мәселелер айтылған. Алайда, көрсетілген мәселелер аймақтың газдандыруына тәуекел етпейді» .

Басқарма ұсынған мәліметтерге жүгінсек, бұл мәселелерді шешу үшін Мәжіліс депутаттарына Қазақстан Республикасы Үкіметі 2012 жылы бекіткен газдандыру схемасына байланысты Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығына техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу қажеттілігі бөлігінде өзгеріс енгізуге көмек көрсетуге ұсыныс берілген.

Сөйтіп, талап етілетін құжат 2015 жылы қабылданған көрінеді. Бұл жоба бастау алғандықтан құзырлы орын сұраған құжаттың қазіргі таңда мәні жоқ. Газ құбырының Қарағанды облысының 114 елді мекенін және 6 қаласын қамтитынын ескерсек, басқармаға дәл осынша құжат жасау керек. Ал, ол уақыт пен қаржыны қажет етеді.

Ұлантай ҮСЕНОВ, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ның басшысы:

 – Мен депутаттарға өзіміздің ұсынымызды айттым. Газ құбырының ең үлкен бөлігі Қарағанды облысы арқылы өтеді. Ол дегеніңіз – 114 елді мекен және 6 қала. Сонда осының әрқайсысына техникалық құжат жасау керек болады. Ол уақытты алады және қосымша қаражатты қажет етеді. Мәселенің қалай шешілетінін дәл кесіп айта алмаймын. Ол менің құзырымда емес.

Басқарманың айтуынша, бүгінгі күнге Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларын газдандыру жобасы толық аяқталды. Жезқазған қаласы бойынша сараптама қорытындысы алынды. Қарағанды және Теміртау қалаларының жобалары мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Қалаларды газдандыру схемасы келісілді, кезектер мен алғашқы іске қосу кешені анықталды. Ол: Қарағанды қаласында – Михайловка ауданы, Теміртау қаласында – Степан Разин көшесі, Жезқазған қаласында – Пристанционный және Талап аудандары. Газтарату желілерінің құрылысы 2019 жылдың екінші жартысында жоспарланып отыр.

Негізі, газ құбырының 80 пайызы Қарағанды облысына тиесілі. Осының нәтижесінде кеншілер аймағының алты шаһары көгілдір отынға қол жеткізеді. Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Шаxтинск, Саран мен Абай газдың қызығын көреді. Оған қоса, облыстың 114 елді мекені де қамтылады.

Жария етілген деректерге сүйенсек, Қарағанды облысын газдандыру жобасының құны – 250 миллиард теңге. Бүгінде xалықпен бірге «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс», «Жәйрем кен байыту комбинаты» сынды компаниялар да газға көшуге сақадай сай.

«Сарыарқа» газ құбыры Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау мен Нұр-Сұлтан бағытында тартылады. Бұл – құрылыстың алғашқы кезеңі. Былтыр тамызда Үкімет жобаның сызба-нұсқасы мен қаржыландыру шарттарын мақұлдаған. Жобаның құны – 267,3 млрд. теңге. Қарашада «Астана газ» АҚ мен мердігер компания – «Қазқұрылысқызмет» АҚ арасында тиісті келісім-шартқа қол қойылған. Бүгінде барлық қажетті теxника мен мамандармен дәнекерлеу жұмыстары бастау алды.

Энергетика министрлігінің дерегінше, газдандырудың бас схемасына сәйкес 2030 жылға қарай еліміздің аумағын газдандырумен қамту 56%-ға жетеді. Бүгінде – 46,3%. Жалпы 10 жылда газдандыруға 215 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Республикада 1198 елді мекен газдандырылған.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button