Қарағанды гарнизонының әскери қызметшілері дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді

Қарағанды гарнизонының әскери қызметкерлері теміржол және автовокзалға санитарлық өңдеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстарға  жүзден астам сарбаз қатысты.

Алдағы уақытта олар  мектеп, балабақша, медициналық мекемелер, сауда орталықтары, базарлар, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолдары, қоғамдық көлік аялдамалары, гүлзарлар, саябақтар және басқа да аумақтарға дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді.

— Әскери қызметкерлер жеке қорғаныс киімдерімен жұмыс істейді. Өңдеу үшін жуу құралдарын, «Рубеж» дезинфекциялық ерітіндісі бар жеке газсыздандыру жинақтарын пайдаланады. Ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз және 5 сағатқа дейін әрекет етеді. Дезинфекциялау үшін қажетті реагенттер қорын автомобилде орналасқан АРС-14KZ құю станциялары қамтамасыз етеді, — деді «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары Қанат Дайыров.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Қорғаныс министрлігі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелерінің әскери қызметшілерін көшелерді, қала ғимараттарын және адам көп жиналатын жерлерді санитарлық өңдеу үшін жіберген болатын.