Қарағанды-Балқаш жолын қайта салу биыл басталады

Кеше ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман СКЛЯР жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Сапар барысында министр және облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ бастаған жұмыс тобы өңірдегі оң өзгерістермен танысты.

Алдымен, жұмыс тобы «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясындағы «Орталық-Оңтүстік» бағытын қамтитын Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы автокөлік жолының құрылысына, Теміртау-Қарағанды автокөлік жолы учаскесін қайта құру мәселесіне мән берді.

Айта кетейік, облыс орталығы мен Теміртау қаласы арасындағы жол құрылысы осымен үшінші жыл (2017-2019 жылдар) жалғасуда. Жалпы құны 11790 млн. теңге болса, осы күні соның 9504 млн. теңгесі игерілді. Мердігер – «СейСер» ЖШС, «Дәулет Дорстрой» ЖШС және «МО-25» ЖШС. Сөйтіп, бұл жұмыстар биыл тамызда тәмамдалмақ екен. Алайда, Теміртау-Қарағанды арасындағы бөліктің өзінде олқылық орын алғанын айта кету керек. Бетон жолдың бетінде пайда болған жарық қоғам тарапынан да орынды сынға ұшыраған болатын.

– Жыл соңына дейін Қарағандыны айналып өтетін автокөлік жолының солтүстік және шығыс бағытын толық тәмамдауды жоспарлап отырмыз. Мердігерлер де өндіріс кестесінен қалыс қалып жатқан жоқ. Ал, құрылыс аяқталған жол бөлігіндегі олқылық орнын мердігерлер өз есебінен толтыратын болады, – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ратмир Ахметов.

Құрылыс аяқталған жол бөлігіндегі кемшілік мердігер кінәсі екені де дәлелденген. Сондықтан, келісімшартта қарастырылған кепілдік бойынша фирма өз есебінен жолды қалпына келтіреді. Бұл ретте, министр мен аймақ басшысы мердігер жұмысын сынға алғанын да айта кету керек. Біріншіден, жол құрылысының мерзімі ұзаққа созылса, екіншіден, орын алған олқылық тағы бар.

– Мұндай олқылыққа мүлдем жол бермеу керек. Сіздер бұл кемшілік арқылы бүтін бір жол құрылысы саласына кір келтіріп отырсыздар. Өте ұят жағдай. Авто көлік жолын пайдаланушыларға да кедергі келтірдіңіздер. «СейСер» фирмасы бұл олқылықтың орнын жуық арада толтыруы тиіс. Әйтпегенде, фирма «қара тізімге» ілігетін болады, – деп қатаң ескерту жасады министр.

Роман Склярдың мердігерлермен кездесуі барысында оған 363 шақырымға созылған Қарағанды-Балқаш тасжолын қайта салу жұмысы таныстырылды. Оның құны 243 млрд. теңгені құраса, соның 24,4 млрд. теңгесі осы жылға бөлінген екен. Сөйтіп, аталған жұмыс кезең-кезеңімен 2022 жылы тәмамдалады деп жоспарлануда.

Бұдан әрі министрдің назары ауған мәселе – өткен жылғы қарашада орын алған ірі апаттан кейінгі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатының қалыпты өндіріс қуатына көтерілуі болды. Алғашқы тоқсан қорытындысында комбинат өткен жылғы қуат көрсеткішіне қол жеткізбек. Жуырда ғана мұнда жаңа конвертер іске қосылыпты.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның атқарушы директоры Вадим Басинның айтуынша, комбинатта осы күні тәулігіне 9,5 мың тонна болат өндіріледі. Сөйтіп, биыл компания өнім өндірісін 3,8 млн. тоннадан 4,5 млн. тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр.

 Сондай-ақ, министр табан тіреген Теміртау электрометаллургиялық комбинатында кәсіпорынды дамыту жобасы тілге тиек етілді. Болжам бойынша жоба құны 5-7 млрд. теңгені құрайды. Комбинатта жаңа пеш құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл жұмыс ферробалқыма өндірісін екі есе ұлғайтып, өнімді арттыра түспек. Өз кезегінде, министр кәсіпорынның мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана алатынына уәде етті.

 Бұдан кейін жұмыс тобы «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытының жұмысымен танысты. «Қазақмыс» компаниясына қарасты бұл зауыт шахта жабдықтары мен техникасына қажет өнімдер өндіреді.

– 2014 жылы компания басшылығы өндірісті жаңалау туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, өндіріс сандық-бағдарламалық тұрғыда басқарылатын білдектерге ауыстырылды. Сондай-ақ, жаңалау жұмысы білдектермен шектелмей, өндірістің конструкторлы-технологиялық базасына да оң өзгерістер тіркелді. Сыныптық компьютерлер сатып алынып, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетімен бірлесе отырып оқу орталығы құрылды. Осы күні аталған білім ордасының студенттері университет қабырғасында ғана емес, сондай-ақ компанияда да тәлім алуда. Сөйтіп, жылына алпысқа жуық студент осында еңбек тәжірибесінен өтеді, – деді «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытының өндіріс жөніндегі директоры Дмитрий Романов.

Сөйтіп, министрдің жұмыс сапары Қарағандыдағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ компаниясында түйінделді. Мұнда жұмыс тобы компания қызметімен танысып, өндіріс барысына зер салды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»