Жаңалықтар

Қарағанды қаласының жылнамасы

1934 жылдың ақпан айында БОАК қаулысымен Қарағанды «қала» деп танылды. «Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Президиумы қаулы етеді:

1.Қазақ АСКР-інде мына төмендегі елді мекендер:

б) Қарағанды облысының Тельман ауданында – Қарағанды тас көмір бассейнін пайдалану бойынша мемлекеттік трест құрылысының аумағында пайда болған елді мекенге «Қарағанды» аты беріліп, қала болып өзгертілсін.

Москва. Кремлъ. 10.02.1934 ж.»

***

1934 жылы көмір өнеркәсібімен қатар, басқа да өнеркәсіптердің дамуы бастау алды. Көмір тасымалдаудағы қызмет көрсететін кәсіпорындар пайда болды. Атап айтқанда, вагон депосы, жол-сапар шеберханалары, автомобильді-арба көлік шаруашылығы салынды.

***

1936 жыл Қарағандының құрылысындағы маңызды кезең болды. Қалалық мәдениет және демалыс саябағы сынды нысандардың іргетасы қаланды.

***

1937 жылдан жаңа қала құрылысы басталды. Соғыс алдындағы бесжылдық кезеңдерінде Қарағанды республиканың ең ірі өнеркәсіп орталықтарының біріне айналды.

***

1940 жылы Луганскіден эвакуацияланған А.Пархоменко атындағы зауыт іске қосылды.

***

1941-1945 жылдары майданға барлығы 45 мыңға жуық адам жіберілді. Оның 18 мыңы қайтып оралмады. Қарағандылықтар арасында қорғаныс қорына қаржы жинау жөніндегі патриоттық қозғалыс қызу қолдау тапты. Соғыстың алғашқы 5 айында Қарағанды қаласы бойынша 1 904 955 сом қаржы жиналды және майдан үшін жылы киім жинауға зор ынтамен қатынасты.

***

1950 жылдан бастап ескі және жаңа қаланы байланыстырған трамвай қатынасы ашылды. 1953 жылы тамыз айында Абай атындағы Қарқаралы педагогика техникумымен біріктіріліп, Абай атындағы Қарағанды педагогикалық училищесі деген атауға ие болды.

***

1960-1980 жылдары тұрғын үй – азаматтық құрылысы индустриялық негіз алды. Жаңа қала қарқынды салына бастады. Оның ішінде, Майқұдық, Пришахтинск, Оңтүстік-Шығыстың тұрғын аудандарының құрылысы бастау алды. Бір мезгілде мектепке дейінгі балалар мекемелері, мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт, сауда нысандарының құрылысына қатысты әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырыла бастады.

***

1978 жылдың 18 қаңтары күні Қарағанды көмір кеніші өз тарихында бассейнді – өнеркәсіптік негізде игеру кезеңінен бері 1 миллиард тонна отын өндіргені мәлім болды.

***

1984 жылы 6 сәуірде құрылғанына 50 жыл толуына орай, Қарағанды қаласы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

***

1990 жылы Қарағандыда 6 жоғары оқу орны, 10 техникум болды.

***

1993 жылы 28-29 мамырда «Чайка» қонақ үйінде ТМД елдері мен Закавказье Республикалары өнеркәсіп министрліктері басшыларының мәжілісі өткізілді. Оған Президент Н.Назарбаев және О.Сосковец, Л.Саламатин, С.Терещенко сияқты сол кездегі белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

***

1995 жылы сәуір айында Фитохимия институты құрылды, институт ғалымдары жергілікті өсімдіктерден ғасыр дерті – обырға қарсы «Арглабин» атты дәрі шығарды. *** 1996 жылы Қарағанды бассейнінің бірнеше шахтасы мен зауыттары ірі инвестор – «ИспатКармет» компаниясының құрамына енді.

***

1998 жылы мамырда халық әндерін орындаушылардың Ж.Елебеков атындағы I Республикальқ конкурсы өткізілді.

***

2000 жылы “Астана-Қарағанды” бағыттары бойынша жылдам жүретін электр пойыздар жолаушыларға қызмет көрсете бастады.

***

2002 жылы 11-13 желтоқсан аралығында Қарағандыда Қазақстан Кәсіподақтары Федерациясының күндері өтті.

***

2006 жылы «Қазпошта» АҚ төлем карточкалары арқылы тұтынушыларға қызмет көрсету басталды.

***

2008 жылдың желтоқсан айында С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына Елбасы арнайы қатысып, құттықтады. *** 2011 жылы 4000 адамды бір мезгілде қабылдай алатын Қарағанды облысының орталық мешіті ашылды.

***

2012 жылы Қарағандыда әрқайсысы 320 орындық балабақшалар салынды. *** 2014 жылы «Қарағанды-Астана» бағытында жаңа жүрдек электр пойыздары іске қосылады.

***

2015 жылы сомасы 18,9 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылып, 649 жұмыс орны құрылды.

***

2016 жылы 1 қаңтардағы есеп бойынша қала халқының саны 497 824 адамға жетті.

***

2017 жылы Қарағанды қаласында 10 006 сәби дүниеге келді.

***

2018 жылы қарағандылық Кәріпбек Күйіков Нью-Йоркте БҰҰ бас мінбесінде сөз сөйлеп, Қазақстанның бастамасы бойынша бекітілген Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күніне байланысты пікір білдірді.

***

2019 жылы «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік xолдингі елімізде алғашқылардың бірі болып қатты қабығы бар дәрілер өндірісін іске қосты.

Басқа материалдар

Back to top button