Шет

Қарқынды іс атқарылуда

Денсаулық – ұлт байлығы. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі алдыңғы орынға қойылған. Ол үшін жыл сайын түрлі жобалар мен бағдарламалар арқылы қомақты қаражат бөлінуде. Мәселен, биыл Шет ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ғимарат ұзақ жылдан бері жөндеу көрмей, тозып тұр еді. Оны қайта қалпына келтірудің орайы енді келді. Жөндеу жұмыстары үшін 525 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі бойынша, құрылыс жұмыстарын «АСПАП» фирмасы 473 млн. теңге жүргізетін болды.

Күрделі жөндеу жұмыстары барысында 25 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, 13 орынға тұрғындар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы орналасады.

Төлеухан АКЕЕВ, «Аспап» фирмасының учаске басшысы:

 – Шет аудандық орталық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстарын сәуір айында бастадық. Жұмысқа 94 адам мен 5 техника жұмылдырылды. Олардың арасында жергілікті тұрғындар да бар. Бүгінде жұмыс қарқынды жүргізілуде.

Жоспар бойынша, күрделі жөндеу жұмыстары екі жылға созылмақ. Мердігер компания өкілдері құрылыс жұмыстары уақытында аяқталатынын айтып отыр. Әрине, ол үшін бөлінген қаражат дер кезінде аударылуы қажет.

– Ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу дәрігерлердің және емделушілердің көптен бері айтып, көтеріп жүрген мәселесі еді. Міне, қолға алынып, ауқымды жұмыс басталып кетті. Бұл – халық игілігіне бағытталған іс. Еліміздегі барлық ауруханалар санитарлық ережелер мен нормаларға сай болуы тиіс. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, біздің ауруханамыз да барлық талапқа сай келіп, дәрігерлер мен емделушілерге қолайлы жағдай жасалады. Бұрын лифт болмаған еді. Қазір бұл мәселені шешу жолдары қарастырылуда, – дейді аудандық орталық аурухана директоры Алпыс Аманжолов.

Расымен де, басты байлық – денсаулық десек, сол асыл қазынамызды көздің қарашығындай қорғап, сырқатпен күресу жолында жан-тәнімен еңбек ететін дәрігерлерге оңтайлы жағдай жасалуы тиіс. Алдағы уақытта қос жобаның қолдауымен атқарылып жатқан ауқымды жұмыс өзінің оң нәтижесін береді деп сенеміз.

Шет ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button