Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарғын қауіпі – қатаң бақылауда

Қарғын судан қапы қалмай, өкінішті оқиғалардың алдын алу ауарайына, су нысандарының дайындық деңгейіне, инфрақұрылымға байланысты. Өңір басшылығы дайындық жұмыстарын қаңтар айынан бастап, күн сайын гидроқұрылғылар мен елді мекендердің жағдайын жіті назарда ұстауда. Аудан әкімдері де көктемгі су тасқынына сақадай саймыз деп уәде беруде. Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиналысында аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК жағдайды тағы да бір пысықтап, арнайы тапсырмалар берді.

Сурет облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев су тасқынына дайындық және оның салдарын азайту шаралары туралы мәлімдеді. Жұмыстар жоспар бойынша, ал қазіргі негізгі міндет – қарды тазалау және шығару.

 – Облыс бойынша шығарылған қар көлемі – 1,5 миллион текше метр. Негізгі көлем Қарағандыға тиесілі. Жер көлемі, еріген суды бұру жөніндегі коммуникациялардың күрделілігін ескере отырып, жұмысты жалғастыру қажет. Су тасқыны қаупі бар аудандар бойынша ТЖ департаментінің күштері топтастырыла отырып, аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары есептелді. Сапар қорытындысы бойынша Қарқаралы, Ақтоғай, Шет аудандарының 17 елді мекеніне ескерту жасалды. Тұрғындарды су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы хабардар еттік, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев.

Материалдық-техникалық құралдардың қоры да нақтыланған. Департаменттің өзінде инженерлік техника, оның ішінде жеке құрамды тасымалдауға арналған автобустар, вахтовкалар, жол талғамайтын көліктер, жүзу құралдары, мотопомпалар жеткілікті. Ал, «Қазгидрометтің» болжамы бойынша су қорының жоғарғы көрсеткіші Нұра өзенінің арнасында.

– Есіл өзенінің бассейнінде су нормадан 104%-ға жоғары. Шерубай-Нұра өзенінің бассейнінде ең жоғары мәндер Жарық және Нұраталды метеостанцияларында байқалады. 1 наурыздан бастап «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-мен жасалған шартқа сәйкес, қар жамылғысының жай-күйіне шолу карталары, сондай-ақ, облыс аумағындағы су нысандары жай-күйінің карталары берілетін болады. Өзендердің негізгі арналарында мұз жару жұмыстары да осы кезден жоспарланған. Ал, 25 ақпаннан су өткізу құбырлары мен көпірлерді тазалау жоспарлануда, – деді Ибрагим Күлшімбаев.

Су тасқынына дайындық жайлы «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының басшысы Қанат Шаймин де ақпарат берді.

– Су тасқыны қаупі бар 39 учаске, 16 көпір, 400 су өткізу құбыры бақылауға алынды. Әсіресе Шет, Жаңаарқа, Нұра, Қарқаралы аудандарында инженерлік құрылыстарға назар аударамыз, – дейді ол.

Қазірдің өзінде «Қазавтожол» бөлімшелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, инертті материалдар қоры толықтырылған. Облыстағы 133 көпір, 1716 су өткізу құбыры болса, 15 ақпаннан облыстың оңтүстік өңірлерінде су өткізу құбырларын ашуға кіріседі.

 – Соқыр өзенінің жанынан өтетін Қарағанды-Балқаш тас жолының Құрмаға өтетін бөлігінде проблемалық жер бар. Қазір онда айналма жол бойымен қозғалыс жүріп жатыр, мердігер ұйым көпірлерде жұмыс жүргізуде, 10 наурызға дейін көпірді ашуды жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін уақытша айналма жолды бұзамыз, – дейді Қанат Шаймин.

 Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Әсет Тазабеков өткен жылы Саран және Федоров су қоймасындағы реттеуші шлюздер жөнделгенін, ал биыл Шерубай-Нұра және Топар өзендерінің арналары қалпына келтіріледі. Қазір су қоймаларына кіретін жолдарды қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде, әр нысанда жауапты қызметкерлер бекітілген.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Мүслім Аққожин Самарқанд, Шерубай-Нұра және Кеңгір су қоймаларына су жіберу жайы туралы айтты.

 – Самарқанд су қоймасын 174 млн., Шерубай-Нұра су қоймасын – 184 млн. текше метрге дейін босатуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.

«Қазгидрометтің» облыстық филиалының басшысы Нұрлан Шахарбаев наурыз айында облыстың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан жоғары болады дейді. Яғни, облыстың оңтүстікшығысында -9 немесе -2 градус. Жауын-шашын мөлшері нормадан артық, 10-25 миллиметр болады деп күтілуде. Болжамға сәйкес, наурыздың үшінші онкүндігінде орташа тәуліктік температура күндіз де, түнде де нольден жоғары болады.

 – Наурыз айының үшінші онкүндігіне дейін су тасқынына ұшырауға бейім 180ге жуық елдімекеннен қарды жедел түрде шығару қажет, – деп тапсырды Жеңіс Қасымбек. Сондай-ақ, ол аудандарды аралап, гидроқұрылғылардың жайын өз көзімен көретінін де жеткізді.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button