Қарқаралының Максимі

Совет Одағы кезінде Қазақстанда қаншама аудан, қаншама аудандық газет болды, бірақ, жер түбіндегі бір ауданда отырып, республиканы аузына қаратқан Мақсым (Максим) Омарбековтей журналист болған жоқ… Бүкіл ғұмыры Қарқаралымен біте қайнасып, өзі де соның бір бөлінбес бөлшегіне айналып кеткен қаламгердің кіндік қаны тамған туған жер, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімі елден ерек еді! Тұла бойына Тәңіріден аманат боп, туған топырағынан сіңген әділет, махаббат сезімі оның қаламына көктен қуат құйып, қадамына ғажайып бір шуақ төккен-ді.”Кемелденген социализм” кезінде кеудесін керіп, қалың қараша жұртқа көзін алайтып, көктен қараған тоғышарлық пен топастыққа қауырсын қаламын қарсы қойып, қара топан ағысқа қарсы жалғыз өзі жүзген қаламгердің өзегі толы өксік, көкірегі толы шемен-ді; аудандық газетте жүріп, аудандық партия комитетінің айтқанына көніп, айдағанына жүрмеген бірден бір “жүрек жұтқан журналист” (Нұрмахан Оразбеков) Максим Омарбеков болды! Ол не бір от пен сотты басынан кешіп, Қарқаралының қызғыш құсына айналып кеткенін өзі де білмей қалды; әлеуметтік теңсіздіктің не бір көкесін көрген жетім мен жесір, әлжуаз бен әлсіз, кедей-кепшік осы кісінің аялы алақанын көріп, өз құқы үшін өзегі талып күресті! Қарқаралыдағы Максим Омарбековтің жазғандарын бүкіл республика құнығып оқыды! Аудандық газеттің тілшісінің есімі алты Алашқа жария болды…

Испанның ұлы ойшылы Хосе Ортега-и-Гассеттің «Тобырдың көтерілісі» («Восстание масс») дейтін философиялық еңбегі бар. Бұл кітап — Еуропаға ғана емес, күллі адамзат қауымдастығына терең ой салған дүние. XVIII ғасыр үшін Руссоның «Қоғамдық келісім» деген еңбегі, XIX ғасырға Маркстің «Капиталы» адамзат баласына қандай ықпал етсе, Хосе Ортега-и-Гассеттің «Тобырдың көтерілісі» атты шығармасы XX ғасырда соларға жетеғабыл рухани сілкініс жасады. Тобырдың көтерілісі — тұтынушы қоғамның стандартқа айналған сықпыты; рухы төмен, асқазаны – алапат кең тобырдың жалғанға сайран салуы болатын-ды! Сократқа у берген кім? Тобыр! Анархисті жебе ұшына байлаған кім? Сол! Джордано Бруноны отқа өртеген кім? Сол тобыр! Ұлы ақын Несасимидің терісін тірідей сыпырып, Ұлықбекті шоқпарлап өлтірген кім? Сол тобыр! Көпшілік! «Ендеше, көпте ақыл жоқ, Ебін тап та, жөнге сал!» дейді Абай. «Көп айтса – көнді, жұрт айт­са – болды, әдеті жаман адамның» деген де Абайдың сөзі емес пе?! Совет өкіметі сол көзсіз тобырдың атқа мініп, атойлаған кезінің бір көрінісі! Максим жалғыз өзі сол тоғышар топқа білек сыбанып, қарсы шықты! Екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бермейтін ерлік еді – бұл!

Максимнің сол кезде жазған шығармаларын журналистика факультеттерінде зерттеп, зерделеп оқитын уақыт келді; қолына төртінші билікті алғалы жатқан ұлттық журналистика үшін оның баға жетпес маңызы зор: журналист, ең алдымен күрескер болуы керек, сол ілу де біреуден кездесетін басты қасиет осы Максим Омарбековтің шығармаларында жатыр.

Мен бірде Махаңа:

Жазушылар одағына өтетін уақытыңыз болды ғой? – дегенімде:

Жаман жазарман болғанша, жақсы журналист болғаным жөн емес пе?! – деген.

Ол қазақтың саусақпен санарлықтай журналистерінің бірі һәм бірегейі бола білді!

Максим Омарбеков Совет өкіметінің кезінде Алашорда қайраткерлерінің жолымен жүрген қазақ интеллигенциясының бір өкілі еді! Олар аз болды, аз болса да саз болған-ды.

Мен Махаңмен бірге, бір жерде, бір кеңседе қызмет еткеніме іштей мағмұрланып жүрем. Оның соңынан ерген жас қаламгерлерге деген ілтифат-құрметі де ерекше еді. Мені таң қалдырғаны – оның Қарқаралыға деген махаббат сезімі. Ол осы күллі Макро-Қазақстанның болмыс-бітімін бір ғана Микро-Қарқаралыдан танып, қасиетіне көңілі көншіп, қасыретіне ботадай боздаған… Сонда мен туған елін сүйген адам ғана қолына қалам алуға хақылы деп ойлағам… Әлі де сол ойдамын. Кісілігі қу қарақан басынан аспайтын, ұсақ-түйек күйкі пенденің қолына қалам ұстап, қалың елдің миын ашытуға ешқандай моральдік хақы жоқ! Елдің миы оларсыз да ашып тұр…

…Топырағың торқа болғай, Максим аға! Алашта қасиетті Қарқаралы барда сен де барсың бұл жарық дүниеде!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.