Қарқаралы

Қарқаралыда жылыжай ісі өркендеп келеді

ҚАРҚАРАЛЫ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ. ОСЫ ӘДІСПЕН ӨНІМ АЛУДЫ ҚОЛҒА АЛҒАН ЖАСТАРДЫҢ БІРІ – ӘЛИХАН ШӘРІПОВ. ЖАС КӘСІПКЕР ӨТКЕН ЖЫЛЫ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ 1 МЛН. ТЕҢГЕ ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛҒАН.

Бүгінде кәсіпкер қызу жұмысқа кіріскен. Жалпы аумағы 124 шаршы метр жылыжайға қияр отырғызған. Голланд технологиясы арқылы бьерн сұрыпты қияр өсірмек. Бұл тұқым Арқа жеріне төзімді келеді.

Әлихан тыңайтқыш ретінде жылқының көңін пайдаланады. Ол көшет тамырларының еркін өсуіне ыңғай туғызады. Әрі құнарлылығын арттырады.

Жақсы өнім алу үшін арнайы сертификаты бар, санитарлық тексерістен өткен тұқымды пайдаланған жөн. Ал, ауру көшеттен шыққан өнімнің құнарлығы төмен әрі формасы да дұрыс болмайды екен. Әлиханның басты мақсаты – таза табиғи өнім алып, делдалсыз, төмен бағамен жергілікті тұтынушыларға жеткізу. Жылыжай шаруашылығында Әлиханға әкесі Шәміл Шәріпов көмек қолын созып жүр.

Сондай-ақ, әкелі-балалы Шәріповтер – гүл өсірудің нағыз мамандары. Арнайы гүл жылыжайында шырайгүл, шегіргүл, титония секілді гүлдер бар.

Ауқымды жылыжай мен құлпынай, картоп алқаптары – еселі еңбектің жемісі. Таңмен таласа тұрып, күнұзаққа жылыжайдан шықпайтын еңбекқор жандар агротехниканы жетік білу – жетістікке жетудің төте жолы деп біледі. Бүгінде жергілікті тұрғындардан гүлге сұраныс жоғары. Әлихан алдағы уақытта үш адамды жұмысқа алып, жылыжай ісіне үйретпек.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button