Қарқаралыда кәсіпкерлік нысандары көбейді

Шағын және орта бизнес – ел экономикасының тірегі. Қарқаралы ауданында аталмыш саланы дамыту адамдардың әл-ауқатының өсуіне себеп болып отыр. Кейінгі жылдары ауданда өндірілетін өнім көлемі көбейіп, жаңа нысандар іске қосылды.

Бүгінде аудан көлемінде 2299 шағын бизнес субъектілері жұмыс жасап, барлығы 3438 адам еңбек етеді. Өткен жылы, жаңадан 341 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 381 жұмыс орыны ашылды. Нәтижесінде, бөлшек тауар айналымының көлемі 2 914,1 млн. теңгені құрады.

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасындағы шағын несие берудің төртінші тапсырмасы бойынша барлық қаржыландыру институттары арқылы 143 кәсіпкерге 740 млн. теңге несие берілді.

Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының субсидиялау бағыты бойынша «Байбатыр» кәсіпорны «Техно лизинг» жауапкершілігі шектеулі серіктістігі арқылы 191,5 млн. теңгеге 10 ауыр жүк тасымалдау техникасымен жабдықталды.

Гранттық қаржыландыру бағытында 2 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, «Пейнтбол клубын ашу» жобасын іске асыруда, жеке кәсіпкер Н.Оңғарбаевқа – 315 мың теңге, «Тігін цехын ашу» жобасы бойынша жеке кәсіпкер Ш.Рысбековаға – 914 мың теңге қаражат берілді.

Сонымен қатар, жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған аудан әкімінің 5 млн. теңге көлеміндегі грантын 3 жас кәсіпкер жеңіп алды.

Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»