Қарқаралыда құрылыс жұмыстары — қарқынды

Қарқаралы қаласында ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша маусым айында аудан орталығында заманауи денешынықтыру-сауықтыру орталығы ашылады. Сондай-ақ, биыл студенттер жатақханасы мен  көпқабатты төрт тұрғын үй қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жаңа нысандар қала келбетіне көрік қосып қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді.

Денешынықтыру-сауықтыру орталығы 320 орынға шақталған. Бүгінде нысанның құрылысы толық аяқталып, қажетті спорт құралдары сатып алынды. Заманауи стандарттарға сай келетін спорт кешенінде әмбебап күрес және жаттығу залдары, киім шешетін бөлмелер және жуыну бөлмелері бар. Сонымен қатар, жаттықтырушылар үшін компьютерлермен жабдықталған жеке кабинеттер қарастырылған. Қазір сыртқы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Орталық шілде айында пайдалануға беріледі. 

Қарқаралы қаласында мұқтаж жандарға арналған тұрғын үйдің  құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Қалада жалпы ауданы 7 418 шаршы метр болатын төрт үй салынуда. Пәтерлер баспана кезегінде тұрған адамдарға жалға беріледі. Үш үйдің іргетасы құйылып, шатыр плиталары орнатылуда. Ал, төртінші үйдің үшінші қабаты салыну үстінде. Мердігер компания үйді қазан айында тапсыруды жоспарлап отыр.

Әкімшілік ғимараттың құрылысы да аяқталуға жақын. Оның мердігері — «Строй с нами» ЖШС. Нысанға барлық қажетті коммуникациялар тартылған. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары маусым айында аяқталуы тиіс. 
Сондай-ақ, жаңа оқу жылы қарсаңында М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінің 100 орындық жатақханасы пайдалануға беріледі.