Қарқаралы

Қарқаралы жұрты Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдығын атап өтті

«Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» деп, Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, тамырын тереңге тартқан тарихымыз біздің елдігімізді айғақтап келеді. Сол ақтаңдақ тарихтың алтын парақтарында айшықты әріппен жазылған Қоянды жәрмеңкесінің орны ерекше. Сексен жылдан астам қасиетті өлкені сауда-саттық мекеніне айналдырған жәрмеңкеге биыл 170 жыл толды. Өткеннің өнегесін бүгінгі баға жетпес байлығым деп бағалаған Қарқаралы жұрты Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдығын айтулы мереке ретінде атап өтті.

Көпір салу – сауапты іс

Кезінде тоғыз жолдың торабы болып, жәрмеңкені дүрілдеткен аймаққа жан жақтан келетін жолдар көп. Елді мекеннен Егіндібұлақ селосы мен кенді аймақ – Теректіге баратын қос жолдың бастауында тұрған көпірдің тозығы жеткен болатын. Ұзындығы 71 шақырымды құрайтын Талды өзенінің үстіне салынған, «Қарағанды-Аягөз» Қоянды-Егіндібұлақ-Бүркітті бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолындағы көпірге қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көпірдің қажеттілігін Қоянды елді мекенінің тұрғындары жақсы біледі. Себебі, арғы беттегі ағайынға қатынау үшін аталған көпір қауіпті болатын. Биыл облыс әкімінің тікелей қолдауымен облыстық бюджеттен көпірді күрделі жөндеуден өткізуге 128,6 млн. теңге қаражат бөлініп, мерекеге орай халық игілігіне берілді. Жолаушы тасымалдау көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов, мердігер компания және аудан басшылары қатысқан шарадағы тамаша тартуға халық дән риза. «Ауылдық жерді көркейтуге тамшыдай болса да үлес қосу әрбір азаматтың борышы екендігі айтылған. Бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласында да айтылған. Осы орайда, Қоянды елді мекенінде ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан бұл мәселе де шешілді. Ескі көпір замауани технологияларды пайдалана отырып қайта жөнделіп халық игілігіне берілді»,– деген тілегін жеткізді аудан әкімі Халел Мақсұтов.

Аталған көпірді жөндеуден өткізген «Матан» ЖШС басшысы Мұрат Жадаев: «Кешегі қазақтың игі жақсысы, бетке шығар қаймағының ізі жатқан Қояндыда көпір салғанымызға біз қуаныштымыз. Жаңа көпірмен Қояндыға келген адам тек сүйінші сұрап, шыққан адамдар тек тойға баратын болсын. Өткенін ұмытқан адамның болашағы бұлыңғыр. Қояндының кешегісі ұмытылған жоқ, келешегі де кемел боларына сенемін» деп, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Ауыл тұрғындары атынан Зәбира Жұмабекова ел азаматтарына деген аналық алғысын айтты.

Жетім көрсең, жебей жүр

Ежелден жетімін жылатпаған қазақ халқының жүрегі мейірімге толы. Тағдыр талқысына түсіп, балалар үйінің табалдырығын ес білмей аттаған жәудір көз, қамкөңіл қандастарымыз қаншама?! Ананың аялы алақанын сезінбей, әкенің ақылынан ада өскен ұрпақ келешегінің қалай болары да белгісіз. Ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтап, толық отбасында тәрбиеленуге олардың да қақысы бар емес пе? «Қазақстан ұлы державада болу үшін бізге қуатты, қажыр-қайраты мол, ақылды да ойлы, дарынды жастар керек» деп, Елбасымыз айтқандай, мерейтой күні ауылда жаңа үлгіде жабдықталған отбасы түріндегі арнайы балалар үйінің ашылу салтанаты өтті. Қояндының тумасы, бүгінде Қарағанды қаласында тұратын кәсіпкер азамат Нұрлан Қалтаевтың қолдауымен осыдан екі жыл бұрын ауылда патронаттық үй салу әрі жетімдер үйінен бала асырап алу бастамасы көтерілген болатын. Халықтың бұл ізгілікті іске көзқарасы дұрыс болды. Ойға алған ісінің алдағы уақыттарда оң шешімін табарын сезген кәсіпкер, алдымен балаларға және олардың жаңа отбасына арнап баспана салып береді. Үй ішін қажетті тұрмыстық заттармен жабдықтауға да көмек көрсетті. Бірнеше айға созылған жұмыстар нәтижесінде Бейбарыс Митрик пен ағайынды Әсет, Малика, Ақнұр Ахметоваларды ерлі-зайыпты Аян және Әлия Исабаевтар қамқорлыққа алады. Мейірімді әке мен ақылды анаға деген халықтың ілтипаты ерекше. Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусанның артық шығатындығын, Аян мен Әлияның отбасындағы төрт баласының жанына келіп қосылған төрт бүлдіршіннің де өз несібелері бар екендігін, олардың болашағының жарқын болуы үшін ата-анасының адал еңбек сіңіретіндігіне кәміл сенетіндігін жеткізген аудан басшысы Нұрлан Қалтаевтың ата-анасына ризашылығын білдіріп Алғыс хат, өзіне Құрмет грамотасын табыс етті. Балаларға түрлі түсті теледидар сыйлады. Әркез баласының жақсылығына сүйсініп, жасында берген тәрбиесінің зая кетпегіндігіне қуанып отыратын Нұрлан Қалтаевтың әкесі Айтмұхамбет Омаров: «Бүгінгі күн бәрімізге қуаныш әкеліп тұр, тілеген тілегіміз орындалды. Өмірдің өзі тілек пен арманнан тұрады. Бірі орындалса, екіншісі тұрады. Әр бала өмірге келген соң бақытты боламын деп келеді. Ал баланың бақытты болуы алдымен әке мен шешеге, одан кейін қауымға, ортаға байланысты. Ал мына балалардың қандай күнәсі бар? Бұлардың бақытты болуы біздің қолымызда. Балаларымыз бақытты болса, ата-ана да бақытты» дей келе, осындай отбасы үлгісіндегі балалар үйін ашуға ұсыныс білдірген баласына сүйеніш болғандығын, осы бастаманы қолдаған барлық ауылдастарына деген ақ тілегін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған білім беру саласының құрметті ардагері Қадиша Сүйкебаева ауыл азаматтарының бас болып, тағдыры қиын балаларды қамқорлықтарына алып, елге ел қосып құт әкеліп жатқандығын үлкен мәртебеге балады.

Пайым, парасатымен үлкен істің басын қайырған ауыл азаматтарының кең жүректілігі жетім көңілге демеу болды. Көңілі жарты балаға пана болып, керегесін кеңейткен отбасыға деген қамқорлық ерекше. Жалпы, еліміздегі жетімдер үйін отбасы үлгісіндегі балалар үйіне алмастыру мақсатында мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Балалардың демалысын көңілді өткізуі мен сауықтыруынан бөлек, олардың әрқайсысына 63 мың теңге, әкесіне 77 мың, шешесіне 61 мың теңге көлемінде ай сайын жәрдемақы төленіп отырады. Ал, аталған балалар үйін қажетті тұрмыстық керек-жарақтармен қамтамасыз етуде «Жайма» шаруа қожалығының басшысы Батырбек Алдабергенов, «Жәрмеңке» шаруа қожалығының басшысы Ринат Омаров, жеке кәсіпкер Мерей Ариновтер жомарттық танытты.

«Базарың құтты болсын, ардақты елім!»

Талды, Қарасу, Оразбай, Барақ, Жайма өзендері ағып өтетін құнарлы да, құтты өлке саз бен салтанатқа бөленді. Төсі дүбірге толды. 1848 жылы Сібір көпесі Варнава Ботов пен атақты Ақайдың Хасені бірлесіп ашқан жәрмеңке той күні қайта жаңғырды. Алыстан көз тартқан ақ шаңқан киіз үйлер, қазан-қазан асылған ет пен саба толы қымыз, бір шетте киім-кешек пен мал саудасының көрігін қыздырған саудагерлер, ортада балуандар белдессе, кешегі Біржан бастаған сал-серілердің сарқыты ауыл өнерпаздары сайын даланы шаңға бөктіріп, арлы-берлі ағызған бүгінгінің шайтан арбалары, ауыздықпен алысқан арғымақ аттың үстіндегі құндыз бөрік пен оюлы шапан киген қазақ жігіттері, әр тастың үстінде домбыра шертеп, әуезді әнге басқан әншілер сол Қоянды жәрмеңкесін көрмесек те көргендей көз алдымызға әкелді. Бұл күн Алланың қалауы түскен күн болды. Сол күні Қарқаралыда жаңбыр жауса, Қояндыда ауа райы жайма-шуақ болды. Тойшыл қауымға «алаңсыз қуанышыңды қызықта» дегендей. Мерейтойға жиналған қалың халықты құттықтаған аудан әкімі Халел Мұқатайұлы «Ғасырлар шеруінде көнекөз Қарқаралының өмірінде талай-талай айшықты оқиғалар болды. Солардың бірі және бірегейі – қазақ халқының жұлдызын жарқыратып, абыройын асқақтатқан атақты Қоянды жәрмеңкесі. Ән мен күйдің, ұлттық өнердің ұлы думанына айналған жәрмеңке шын мәнінде, ұлан-асыр шаттық мерекесі болды. Шалқыған ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би халықтың көңілін көтеріп, шексіз қуаныш сыйлады. Ұлттық өнеріміздің сайыпқыран саңлақтары, әйгілі Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Майра Уәлиқызы, Қалибек Қуанышбаевтың талантына жұрт сүйсініп, қызу қошемет көрсетті. Арқалы жырдың арғымағы, ағынды ақын Иса Байзақов жыр нөсерін төпелеп, сиқырлы сөзді сандуғаштай сайратты. Алпамыстай аруақты, Қобыландыдай қуатты, Ер Тарғындай ерен, алып күштің атасы Қажымұқанның қайталанбас өнеріне халық таң-тамаша болды», – деп Қоянды жәрмеңкесінің тарихы туралы жан-жақты баяндама жасады. Дархан даланың сәнін келтіріп, білім мен мәдениеттің, өнердің ошағы болған жәрмеңке жайлы жерлесіміз, зерттеуші, тарихшы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Зарқын Тайшыбай қазақтың құт қонған қарашаңырағы Қоянды бір кезде қасиетті ауасымен, қасиетті суымен, қасиетті шөбімен, батысты шығысқа, оңтүстікті солтүстікке жалғастырған саяси күрестің, үлкен мәдениеттің, ғылым мен техниканың ордасына айналғандығын айтып өтті. Мыңдаған жылдар бойы қазаққа орда болған Қоянды өлкесіне, Тоқпанның бауырына, Қарасордың жағасына қайтадан құт қондырып отырған ауыл азаматтарының елге деген сүйіспеншілігі екендігін тебірене жеткізді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары атынан тоқсан жастағы қария Гүлжәмила Камиова және Айтмұхамбет Омаров дүбірлі тойды ұйымдастыруға атсалысқан барша халыққа алғысын жеткізді. Тойда айтылар ақ тілектер легі толастамады. «Мен алдымен осындай тарихи тойды ұйымдастырып отырған Қарқаралы жұртшылығына, аудан басшыларына алғыс айтамын. Менің арғы атам Ботов осы құтты жерге келіп, сауда саттық жүргізіп, халықаралық Қоянды-Ботов жәрмеңкесін ұйымдастырды. Менің әкем – Валерий Ботов ветеринар дәрігер, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Анам – Клавдия Тимофеевна Қарқаралыдағы №2 орта мектепте мұғалім, кейіннен мектеп директоры болды. Мен де осы қасиетті, берекелі жерде дүниеге келгем. Әкем мен шешем Алматыға көшіп, дүние салса да, өзім туған жерге жиі келіп тұрамын. Бұл біздің ата қонысымыз, туған жеріміз, өсіп-өркендеген киелі топырағымыз»,– дейді тойға арнайы келген Варнава Ботовтың ұрпағы Вадим Ботов.

Дала төсін думанға бөлеген салтанатты шара «Базарың тарқамасын, думанды елім» атты театрландырылған көрініспен жалғасты. Мерейтойдың көрігін спорттық ойындар қыздыра түсті. Қазақ күресінен 74 келі салмақ дәрежесінде қарқаралылық Жандос Мәрібай І орынды, тай жарысында Қаракөлден келген Аян Адамқұловтың «Тортайы» І орынды иеленді. Аламан бәйгеде Бүркітті ауылынан келген Мәди Қаршаловтың «Көкдауылы» өзгелерден оқ бойы озып келді. Сондай-ақ, футболдан №40-шы Қарқаралы өрт сөндіру бөлімінің командасы жүлделі орынға ие болды.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, тарихымызды жаңғыртқан тойда халықтың қарасы қалың болды. Ең бастысы тойдан бұйырған сарқыт – аудан орталығына қатынайтын тас жол жөндеуден өтті, көпір қалпына келтірілді. Балалар ата-ана қамқорлығына бөленді. Ауылға тағы бір отбасы көшіп келді. Халық саны артты. Бұл да кезінде дала төсін дүбірге бөлеген Қоянды жәрмеңкесінің даңқымен атқарылған ауқымды жұмыстар.

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button