Тарих

Қарқаралы музейі

Тарихи жәдігерлердің ордасына айналған Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі ғимаратының да тарихы терең. Ғимарат 1870 жылы уездік патшалық кеңсе ретінде салынған. Жергілікті халық «Ақ кеңсе» деп атаған.

 

Бұл ғимаратта 1918 жылы алғашқы Совдеп орналасқан. Көрнекті мемлекет қайраткерлері: Н.Нұрмақов, М.Татимов, А.Асылбеков, У.Жәнібеков қызмет атқарған. 1934 жылы С.Киров келіп, партиялық активпен жиналыс өткізген.

Музей 1977 жылы 7 қарашада Ұлы Отан соғысы ардагерлері: Ә.Аймақов, С.Аманбаев, Б.Иманқұлов, Ш.Мезгілбаев, Н.Спатаев бастаған ынталы топтың бастамасымен қоғамдық негізде құрылды. Сондай-ақ, музейді құруға Б.Дуанбеков, Қ,Баймұханбетов, Ж.Қадауов, Е.Едігин, С.Түсіпбеков, М.Әубәкіров, Т.Тохметов, Б.Ахметова, А.Омарбаев, А.Ахметов атсалысты. Музей кеңесі құрылып, кеңес төрағасы болып Ш.Мезгілбаев сайланды, – дейді музей қызметкері Сәтбек Сламбеков.

Музей Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1979 жылдың 5 қазанындағы №511 өкімі және Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1979 жылдың 11 қазанындағы №462 бұйрығы негізінде Қарағанды облыстық музейінің филиалы болып ашылды. 1980 жылдан Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі болып аталады.

Музей қорында 8300-ге тарта жәдігер бар. Мұнда археология, этнография, қолданбалы қолөнер бұйымдары, нумизматика, сирек кітаптар, картиналар, құжаттар мен фотоматериалдар саласындағы құнды жәдігер сақталған. Музейде сонау тас дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі Қарқаралының дамуы мен өлкенің тарихы көрсетілген 7 зал бар. Мұнда ғылыми зерттеу, жәдігерлерді жинау, сақтау және методикалық жұмыстар толыққанды жүргізіледі.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button