Қарқаралы мұнары

«Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр мүшәйрасында ІІІ орын иеленген Теміртаулық ақын Таңсәуле Әгенқызының өлеңі.

(Қасым рухына арнау)

Қыран жүректі рухқа бас ій,
Мүмкін бе, биік ұшпауы.
Жатаған қора, еңселі тас үй,
Қасымның осы қыстауы.
Қызыларайдың белінен асып,
Іңгәсі жыр боп естілген.
Сәби маңдайын ерініне басып,
Дала бір тынды кешкі үннен.
Қасірет шеккен бала Қасымның,
Жүгірген талай өлкесі.
Шертетін кеште далаға сырын,
Кеңдіктің тентек, еркесі.
Жамалы жазық арай күлетін,
Жалбызды өзек, жағалау.
Жыр жүрек Қасым талай жүретін,
Белестен асқан жол анау.
Жетімдік, аштық, зұлымдық, зорлық,
Қасымның жолы күрделі ең.
Жасыта алмаған жаныңды қорлық,
Өтсе де талай дүрбелең.
Қызыларайдың нуында өрнек,
Қыналы таста серт арман.
«Қасым құдығы» суында кермек,
Өйткені оған шер тамған.
Жанымды осып жасынның нұры,
Оятты сілкіп рухымды.
Найзағай-жасын Қасымның жыры,
Өртейді мұнар бұлтыңды.
Көрмеді Қасым алаңсыз күліп,
Жер Ана мамық төсеші.
Тірі күнінде панасыз жүріп,
Өткен соң берген көшесі.
Дәуірдің дауыл жыр майданында,
Күркіреп өтті күн – Қасым!.
Өлеңнің мөлдір нұр қайнарында.
Жырының жұттым тұнбасын.

Таңсәуле ӘГЕНҚЫЗЫ.
Теміртау қаласы.