Қарқаралы

«Қарқаралы-Қазылықтан» – Мәңгілік Елге

Жаздың шуақты күндері аяқталар дербес шақта Қарқаралы қаласында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сатай Мақсұтұлының «Мәңгілік Ел» сериясымен шыққан үш бірдей кітабының тұсаукесері өтті. Қалалық кітапханада өткен бұл іс-шараға Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары, қала, аудан әкімдігі және аймақтың абыз ақсақалдары қатысты.

 

Осыдан бірер жыл бұрын Қарқаралының 190 жылдық мерейтойына арналған «Қарқаралы қаласы: тарихы мен бүгіні» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын. Келелі кеңесте ғалым С.Сыздықов Қарқаралының жасын Ресейлік Патша үкіметінің жарлығымен қазақ халқын бодандықта ұстау мақсатында салынған қала-бекіністің салынған уақытынан бастап есептеу дұрыс еместігін, алдағы уақытта кешенді зерттеулер жүргізу арқылы қала жасын тарихи әділдікпен анықтауды алға қою керектігі жайлы ұсыныс білдіріп, аталмыш жиынның шешімін іс жүзіне асыруға талаптанып, «Қарқаралы-Қазылық» кітабын «Фолиант» баспасынан шығарды. Қалған екі кітабы да: «Мәңгілік Ел» сериясы бойынша бір-бірімен ел тарихы контексінде тығыз байланыс тауып ««Мәңгілік Ел» идеясы: қалыптасуы, үш негізі және тарихи сабақтастық» «Қарлық-Қарахан мемлекеті» деп аталған.

Кітапта көрсетілгендей жасын анықтау – көшпелілігі басым халықтарға тән ауызекі тарих айту дәстүрі мен басқа да ғылымдардың салааралық байланыстарын үзбестен жүйелі және кешенді тұрғыда зерделеу арқылы ғана мүмкін болатыны ескерілді. Әсіресе, Қарқаралы атауының қалыптасуын, этимологиясын, мекеннің тарихи-географиясын, онда мекен еткен елдің этнологиялық және этнографиялық деректерін кешенді қарастыру өз нәтижесін берді. Қарқаралы атауы бір мезгілде пайда болған емес. Ол түркі дәуіріндегі Қазылық тауы мен даласы, жылқысы және сол өңірді мекен еткен қарлық елінің ру-тайпаларының дамуы, ақырында ол елдің өз мемлекеттілігін құруымен тығыз байланысты болды. Зерттеу нәтижесінде Қарқаралы өңірін ежелден қарлықтардың мекендегенін қытай деректері, «Худуд ал-алем» шығармасын жазған белгісіз автордың шығармасы (парсы деректері), түркі халықтарының ежелгі эпикалық дәстүрінің тамаша үлгілері – «Манас» пен Қорқыт Ата кітабының «Қазылық ұлы ер Жүгенек» тарихи жырлары және т.б. деректер негізінде дәлелденді. Құрамына «Он оқ» елі мен түргештерді қосып алған қарлық билеушісі – Білге Күл Қара Қадыр ханның 840 жылы өзін қаған деп жариялауы тарих сахнасына Қарлық мемлекетінің шығуын алып келді. 25 қаласы бар, бір шетінен екінші шетіне салт аттының 30 күн жүруі керек болатын осы мемлекеттің құрамында Балқаш көлінің солтүстік айналасы, яғни Қарқаралы (Қазылық) өңірі де кіргені мәлім. Сонымен қатар, жоғарыда аталған қарлық қағаны – Білге Күл Қара Қадыр ханның қазақтың қаракесек бірлестігінің үлкен атасы ретінде шежіреде орын алуының да деректік маңызы бар. Жалпы алғанда «қарлық», «қазылық», «қарқаралы» және «қаракесек» бір түбірден тұратын, мағынасы жағынан сәйкес келетін ұғымдар екені анықталды. Сонымен кітаптың маңызды бір қорытындысы – Қарқаралы жасын осы мекенде тұрған қарлықтардың мемлекет құруынан, яғни біздің жыл санауымыз бойынша 840 жылдан бастап есепке алу ұсынылады.

Бірінші бөлімінде Қарқаралы туралы мұрағаттық құжаттар орын алады. Бұл құжаттар негізінен Ресейлік патша үкіметінің қазақ елін отарлау саясатын жүргізу мақсатында салынған Қарқаралы қамал-бекінісі туралы құжаттар тізбегін құрайды. Мұрағат құжаттарында осы Қарқаралы өңіріне кіретін ауылдардағы жер-су аттары, ал аты-жөні аталған сол кездегі тұрғындардың қазіргі замандастарымыздың ата-бабалары және солардың мекендеген ата жұрты болып шығады. Сондықтан да бұл бөлімдегі деректік материалдар бір жағынан оқырмандардың өзіндік ой-пікірлерінің туындауына және жас ұрпақтың өлкетануға қызығушылығын арттыруға себепкер болады деген пікірдеміз.

Сонымен қатар, осы бөлімге Қарқаралы туралы этноним мен топоэтнонимдік деректік маңызы бар тарихи жырлар, ауызекі әңгіме-аңыздар және кейбір авторлардың қызықты ғылыми–танымдық мақалалары енгізілген. Мұнда сонымен қатар, Қарқаралы («қар» түбір сөзінің екі рет қайталануы) атауына негіз боларлық мүмкіндігіне байланысты тотемдік құс – қарға туралы тарихи аңыздар мен ел аузындағы әңгімелер топтамасы да орын алған.

Кітапта өлке тарихының өзекті мәселелері түркі әлемінің құрам­дас бір бөлігі ретінде, жалпы түркілік өркениет контексінде қарас­тырылады. Екінші бөліміне қарға тамырлы түркілердің ортақ тарихының маңызды мәселелеріне арналған ав­тордың мақалалары мен түрлі ғылыми конференцияларда жасаған баяндамалары кірген. Мұндағы маңызды мәселелер: Қазақстан Респуб­ликасының тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың жариялаған Қазақ елінің «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен ежелгі түркілердің «Мәңгілік Ел» мемлекеттік идеологиясының сабақтастығы, әлемдік тұрғыда жоғары дәрежедегі түркі өркениетінің болғандығын дәлелдейтін түркілік мәдени мұралар туралы ой-пікірлер мен тұжырымдар болып табылады.

Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button