Жаңалықтар

Арқаның төсі – жайқалған егін

Егемендіктің мерейлі тойын аймақ диқандары толайым табыспен межелемек. Арқаның төсі – жайқалған алтын дән. Орақ науқанының берекесі жайлы ауыз толтырып әңгімелеуге болады. Бүгінгі тақырыбымыз да сол арнада өрбімек…

Көктемде тырбанып, жер тырнаған диқанның бейнеті өтелетін шақ – бұл. Табиғат жылы қабағын танытып, жаз бойы жауын-шашыннан кенде қылмады. Жемісі сол, бүгінде облыс бойынша орташа түсім – гектарынан 13,8 центнерден айналуда. Былтыр бұл уақытта егіншілер әр гектарынан 8,6 центнерді місе тұтқан-ды.

Жекелеген аудандарда түсім орташа көрсеткіштен жоғары. Мәселен, Бұқар жырау мен Нұра аудандарында гектарынан 14,3 центнер астық орылуда. Осакаров ауданындағы түсім – 14 ц/га. Өзге аудандар да 12 центнерден төмен емес. Тек, Жаңаарқа ауданындағы егін шығымы гектарына – 9,3 центнерді құрап отыр.

Биыл көктемде облыс көлемінде 740,9 мың гектар жерге дән себілді. Әттеген-айы, астықты Нұра ауданында – 3,6 мың гектарға, Осакаров ауданында – 6,8 мың гектарға егілген тұқым көгермей қалып, есептен шығарылды. Сөйтіп, қазір 730,5 мың гектар алқаптағы өнім жиналуда. Оны бөліп-жарғанда, 596,1 мың гектары – бидай, 117,3 мың гектары – арпа дақылдары.

Егін алқаптарының аумағы жағынан Осакаров ауданы көш бастап тұр. 269,8 мың гектар. Осакаровты өкшелеген Нұра ауданының үлесінде – 216,4 мың гектар. Үздік үштікті түйіндеген Бұқар жырау ауданында 119,7 мың гектар жер жыртылды. Ал, егін аумағы ең кіші Ақтоғай ауданында 1,2 мың гектарға тұқым сіңірілді.

Дегенмен, биыл аймақ бойынша егін алқаптарының көлемі ұлғайтылды. Былтыр егістік аумағы 681,3 мың гектарды құрап еді. Мешін жылында облыс әкімінің егістік жерлерін 10 пайызға ұлғайту туралы тапсырмасын орындау мақсатында едәуір жер жаңадан игерілді.

Қазіргі таңда қырда қызу еңбек жүруде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, 13 қыркүйекте орақ науқаны 65,3 пайызды еңсерді. Яғни, қарағандылық диқандар 477,2 мың гектардағы дақылды орып болды.

Аудандар арасында Шет ауданы науқанды тәмамдауға жақын. Шеттегі ағайын егіннің 91,4 пайызын жинап болды. Яғни, 17,4 мың гектардың 15,9 мыңы орылды. Бұқар жырау ауданы 75,2 пайызды еңсерді. Нұралық диқандар 216,4 мың гектардың 160,6 мың гектарын жинап алып, 74,2 пайызға жетті. Ал, облыс бойынша 617 мың тонна астық қырмандарға жеткізіліп, бастырылды.

Картоп пен көкөністің де шығымы жаман емес. Қазіргі кезде картоп гектарынан 222 центнерден (былтыр – 220 ц/га) түсуде. Көкөністің түсімі – гектарынан 239 центнерді (былтыр – 238 ц/га) бағындыруда.

Биыл 8451 гектарға картоп өсірілді. Оның ішінде Абай ауданы көш бастап тұр. Мұндағы диқандар 4447 гектарға картоп екті. Абайдан кейінгі Бұқар жырау ауданы 2071 гектар жерге отырғызылған картопты жинастыруда. Сондай-ақ, бұл көрсеткіште Шет ауданы да үштікке ілікті – 907 гектар.

Бүгінде облыстағы картоп жинау науқаны 36,1 пайызды көрсетті. Нақты айтқанда, 3053 гектардан түскен 67881 тонна картоп қамбаға жетті.

Көкөніс өсіруде тағы да Абай ауданы алдына қара салмады. 820 гектар. Қазіргі кезде 210 гектар алқаптағы көкөніс қоймаларға жөнелтілді.

Ұлытау мен Жаңаарқа аудандары көкөнісін жинап бітті. Жаңаарқалықтар 1 гектардан 20 тонна көкөніс алса, ұлытаулықтар 11 гектардан 165 тонна өнім жинады. Жалпы, облыс бойынша 1486 гектарға егілген көкөністің 545 гектары қамбаға түсіп, пайызға шаққанда 36,7 пайызды еңсерді.

Күзгі науқан кезіндегі күн райы жақсы. Диқандарға да керегі осы. Дала төсін еңбек дүбіріне бөлеп, қыр мен қырман арасын шаң қылған көліктердің қарасы үзілер емес. Күздің қызығын көріп, қар түскенше үлгеру қажет.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button