Жаңалықтар

Арқадағы арда жыр мен ән дария

Сәрсенбі күні Арқа даласы естір құлақ пен ескі үнді қайрап бір сілкініп, Ұлы музаның сиқырлы сырына, әсем әннің сазына бөленді. Меңіреу шыңдарға тіл бітіріп, бедеу қырларға үн қосқан игі шараны ұйымдастырған Қарағанды қаласындағы «Болашақ» маңызды білім беру колледжі. Кеншілер мәдениет сарайына жиналған жұрт Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазыналы қара өлең» деген атпен өткен фестивальда қарағандылықтардың қай – қайдағысы еске түсіп, жүректері тұлпардай тулап, көңілдері қырандай қалықтап, жандары жаздай жадырап ғажайып күй кешті.        

Бұл «Болашақ» колледжінің руханият үшін жасаған алғашқы шарасы емес. Бұған дейін Қазақ хандығының 550 жылдығы, мұзбалақ ақын Мұқағалидың 85 жылдығы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары, жерлес ақындар Абзал Бөкен мен Дәуітәлі Стамбековтің мерейтойлық шығармашылық кештерін және Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» жыр жинағының тұсау кесерін ұйымдастырып, әрісі республикаға, берісі аймағымызға айбынын асырып, мәдениет мәйегін Мәңгілік елдің ұрпағына қанып ішуіне мұрындық болды. Айтулы игі шаралар Ұлт руханиятының үлкен жанашыры, әрі жаршысы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Орынбасарұлы мен колледждің білікті басшысы Ғайни Баймағамбетқызының тікелей қолдаумен өтіп, мұқым елге рухани азық сыйлап келеді. Осынау аз уақытта көп шаруа тындырған «Болашақ» колледжінің ұжымын оның ішінде, Республикалық Бұқар жырау, Т.Айбергенов, Н.Мәукенұлы, Т.Молдағалиев атындағы әдеби сыйлықтардың иегері, ақын Ілияс Мұқайдың еңбегін айрықша атап өткеніміз абзал.
Кеш шымылдығы әдебиет сүйер қауымға етене таныс ақын Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкен, Ғазиз Ештенаев, Сәбит Бексейіт, Балтабай Батталғазин, Қойлыбай Асан, Ерсін Мұсабеков сынды алдыңғы буын ақын ағалардың өлеңімен түрілді. Арқа ақындарының ұрпаққа ұран болған, ой мен сезім астасқан жырларын жатқа оқыған «Болашақ» колледжінің студенттері өлең өлкесіне саяхат кештірді. Бұдан кейін сахнаға шыққан қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген ақындар Абзал Бөкен, Сәбит Бексейіт, Ерсін Мұсабеков ақжарма тілектерін жеткізіп, өлеңдерін күндей күркіреп оқыды. Бір айта кетері, осы күні тек облысымыздан шыққан ақындар мен сазгерлердің шығармашылығы жұрт назарына ұсынылды. Шайырлардың ғұмырлы поэзиясы осы кеште әнге айналып, көкке қалықтады. Жаңаарқаның әнұранына айналған жазушы, сазгер Төкен Әлжанның «Жаңаарқа валсі» әнін Қ.Бай­жанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Арайлым Жүкенова нақышына келтіре шырқады. Сөздің киесі құрметтелген мерейлі де мәртебелі, рухани кеште тіршілігінде жасындай жарқылдап, өлең атты өлмес мұра қалдырған Свет Оразаев, Сайлаухан Нәкенов, Базар Мамыр, Тұрсын Жұмаш, Дәулет Ырысбайұлы, сатираның саңылағы Мартбек Тоқмырзадай тарландар ескерусіз қалмады. Жарқын бейнелері экраннан көрсетіліп, өлеңдерін «Болашақ» колледжінің студенттері оқығанда марқұм ағаларының асыл жарлары көзжастарына ерік берді. «Өшкенім жанды, өлгенім тірілді» деген осы шығар. Өмірден өтіп кеткен ақын ағалардың жарлары Роза, Айнагүл, Мереке жеңгелерімізге ықылас гүлін табысталды. Аңыз ақындарға деген құрметке аяулы жарлары ықыластарын жеткізіп жатты.
Ақын Тұрсын Жұмаштың сөзіне жазылған, белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутайдың «Көріктім менің» әнін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Сейіл Аяған сұлу сыр­лы әнді гитарамен шырқағанда жиналғанның жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналғаны анық. Сондай-ақ, Шет ауданының тарланы Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың дала» әнін қазақтың күміс көмей әншісі Гүлдана Мақшонова шырқағанда отырғандар, көзін жұмып, аузын ашты. Таңдай қағып, тамсанды.
Кештің кереметтігі өрбіген сайын өрлік сыйлағаны сөзсіз. Алдыңғы толқын ағалардың кеште өнердегі ізбасарлары, артынан ерген шәкірттері Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай сияқты ортаңғы буын ақындардың өлеңдерін оқыған студенттер өрт жүректің өмір өзені тасытқандай жырсүйер қауымды тағы бір мәрте серпіді.
Ақындар Тілеген Әділов, Қайрат Асқар, Сұлтан Дәулетхан, Салтанат Смағұлова өлеңмен сусындатып, поэзия патшалығында алшаңдай басқан адымын көрсетті. Сонымен қатар, Мұқағалидың сөзіне жазылған белгілі сазгер Қадыр Баймырзаның «Арман-ай» әнін ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әннің дүлділі Дәуренбек Әркенов орындап, залдың көңілін баурап алды. Сондай-ақ, осы кеште Мақсат Күземхан, Ерік Нарын, Бек Ноғайбайұлы сынды жас өрендер қазақ үшін сөз – кие, жыр – намыс, өлең – өмірдің мәні екендігін отты жырларымен ұқтырды. Кеш жүргізушісі ақын Ілияс Мұқайдың сөзіне жазылған Қадыр Баймырзаның «Ауылды аңсау» әнін кеш қонақтары Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері Қазкен Берік пен Даяна Арыстанова шырқаған және Алаштың аймаңдай ақыны Дәуітәлі Стамбековтің сөзіне жазылған Т.Бақтыгерееваның әні «Таңғы тілекті» «Болашақ» колледжінің оқытушысы Ә.Түсіпбаева асқақтата салғанда тыңдарман қауым шапалақ ұрып қатты разы болды.
Осы күні «Серпін» жас ақындар үйрімесінің мүшелері өз өлеңдерін оқыды. Бүгінде «Болашақ» колледжі ішінен құрылған «Серпін» клубының жастарының өлеңі енгізілген «Қанатқақты» жыр жинағының тұсауы кесілді. Поэзия әлеміне тәй-тәй басқан студенттердің жыр жинағының алқызыл лентасын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреат Абзал Бөкен мен әнші Асқар Төлеухан кесіп сәттілік тіледі.
Сонымен қоса ақын Жеңіс Қашқыновтың сөзіне жазылған белгілі журналист, сазгер Бағдат Омашевтың «Сүйдім сені» әнін әнші Ернұр Қабдраш орындап, армандарды әнмен тербеді.
Кештің шымылдығы әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, жерлесіміз Дәулет Ырысбайұлының «Қарағандым» әнімен жабылды. Бұл әнді нәшіне келтіре шырқаған «Болашақ» колледжінің көркемдік жетекшісі Серік Карипов шанақтың түбінде көміліп жатқан үнді көсіп-көсіп жібергендей болды.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім ақын айтпақшы, «Қазыналы қара өлең» атты фествальдың көңіл сергітер, кеуде тояттар рухани кеш боларын болжап барған едім. Солай болып шықты. Себебі, кеш тізгінін ұстаған Ілияс Мұқай, Балқаш қаласында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін Раиса Жанатқызы басқарып тұрғанда ұлттық рухты танытып, түп-тамырымызды жырлаған қаламгердің талай шығармашылық кешін ұйымдастырып, ел мүшәйраның не екендігін түсінбейтін тұста, Алаштың айтулы ақындары Ғалым Жайлыбай мен Маралтай Райымбекұлын алдырып шағын шаһардың жетпіс жылдығына арнап мүшәйра ұйымдастырғанын бүгінгі қауым ұмытпаған болар. Оның ішінде, уақыттың сынынан сынбай, сүрінбей өткен, сымбаты бөлек, сырлы әлемнің сәулетшісі болып қала беретін, қазақтың дауылпаз ақыны – Қасым Аманжоловтан бастап жыр кештерімен, мүшәйраларды өткізген болатын. Ілияс пен өнердегі інілері Қарағандыға қоныс аударғалы өлең көші Балқаштан жылжып кеткендей. Әйтеуір, Балқаш көлінің толқыны тулағаны болмаса, өлең өзені тасымағалы қашан…

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button