Арқа өнерінің апогейі

Дәстүр бойынша әр оқу жылының соңына қарай алған білімді арман қанатына қондырып, бағындырған биікті бағамдайтын игі шара өтеді Қарағанды шаһарында. Ол – талай таланттың топшысын қатайтқан Тәттімбет атындағы өнер колледжінің есептік концерті. Сөйтіп, Астана қаласының 20 жылдығына орайластырылып, «Астана – Ұлы Дала Елордасы» тақырыбында өткен биылғы концерттік бағдарламаны біз де көріп қайтқан едік.

Өткен жылы өңір басшысы Ерлан Қошанов облыс әкімі болып тағайындалғаннан кейін нақ осы колледждің көсегесін көгертіп, 27 жыл бойы жырға айналған ғимарат мәселесіне нүкте қойған болатын. Яғни, Қарағандыдағы 32-ші орамда – бұрынғы қан орталығының қуықтай бөлмелерінде қанатын кеңге жая алмай отырған колледжді ҚарМУ-дың 10-шы корпусына көшіріп берген еді. Бұл аз десеңіз, ғимараттың жөндеу жұмыстарына бюджет есебінен 80 млн. теңге бөлініп, жаңа қоныс одан сайын жарқырап шыға келген-тұғын. Әрине, қазіргі жалпы аумағы 5524 шаршы метрді құрайтын 3 қабатты ғимаратты қан орталығындағы 1747,4 шаршы метрмен салыстырғың да келмейді. Ауасы тар, дәрісхана қабырғалары дыбыс оқшаулауға қауқарсыз, хор, оркестр, би ұжымдарының дайындық жүргізетін бөлемелері қуықтай бұрынғы ғимарат – білім беруге мүлде бейімделмеген еді. Енді соның барлығы көрген түстей кейінде қалыпты. Оны алып ғимаратты армансыз аралап жүрген жастар жанарындағы жарқылдан-ақ байқауға болады. Аймақ басшысының осы еңбегі туралы колледж директоры Мейірхан Адамбеков те ауыз толтырып айтады.
– Алпыс алты жылды құраған айтулы тарихы бар колледжіміз соның 27 жылын көшіп-қонумен өткізді. Тек, өткен жылы ғана облыс әкімі Ерлан Қошановтың тікелей қолдауымен талайдан арман болған жеке ғимартқа қол жеткіздік. Аймақ басшысының ерлікке пара-пар бұл еңбегін қалай ұмытайық? Сондықтан, сөз бастамас бұрын ең алдымен өңір басшысына айрықша алғысымды білдіргім келеді. Түйткілді мәселеміздің түйінін тарқатып, талай жылғы арманымызды жүзеге асырды. Өнерге деген жанашырлық, қамқорлық осындай-ақ болатын шығар. Ол жақсылықты ұстаздар қауымы мен студенттер ұмытпауға тиіс, – деді Мейірхан Адамбеков.
Сондай-ақ, өз сөзінде колледж директоры ұйымдастырылып отырған шараның мақсатына тоқталып, мәнін ашты. Оның айтуынша, әр оқу жылының соңында колледж студенттері алған білімдерін айшықтап, осындай келелі концерттік бағдарлама ұйымдастырады. Биыл осы өнер колледжінде 600-ден астам студент тәлім алса, соның 500-ге жуығы күндізгі оқу бөлімінде білімін жетілдіргендер еді. Қалғаны – сырттай білім алып жатқан студенттер. Осы жылы 61 мәрте түлек түлетіп, 19 мамандық бойынша шәкірт тәрбиелеп отырған оқу орнынан бір кездері белгілі композитор, КСРО-ның Халық артисі Александра Пахмутова, бұрынғы мәдениет министрі, қазір ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Баспақова сынды өнер-мәдениет майталмандары да қанат қағып еді ғой. Ендеше, елге танымал ертеңгі тұлғалар да осы ғимаратта тәлім алып жатқан болар деген бір ой жадымызда жалт берген қалыпта концерт өтер аудиторияға ене барған болатынбыз.
Қош! Ұстаздар, ата-аналар, студенттер мен болашақ абитуриенттер жайғасқан залда ине шаншар орын жоқ. Демін ішке тартып, сәт санап сахна төрінен біреу шәкіртін, енді біреу баласын, болмаса, іні-қарындасын көруге асық. Сол сол-ақ екен, қызыл шымылдық қақ айырылған тұста сәнді сахнадағы қазақ халық аспаптар оркестрі бірден көрермен көзіне түсіп, ел еріксіз қошеметтеп әкеткен болатын. Сахнада – Тәттекемнің «Сарыжайлауы» салтанат құрмақ. Дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбуғалисын Шоқанбаев. Міне, иігі шара дала дарыны – есімі колледжге енші болған Тәттімбет Қазанғапұлына деген құрметтен бастау алды. Өне бойды шымырлатқан өнер туындысы деп осыны айтса керек. «Құлақтан кіріп бойды алар» (Абай) құдіретті әуен әлсін-әлсін тамырыңа тарап, жүрегіңе жайылып, тұла бойыңда тамылжып кете барады. Дирижер таяғы діріл қаққан сайын құйқылжыған музыка төбе құйқаңды шымырлатып, бірде бәсеңдеп, енді бірде зәулім көкке зымырай көтерілген аспап үніне аңтарыласың. Сілтідей тынған тыңдарманды қайдам, осынша өнерпазды таяқ ұшымен ғана тырп еткізбей тұқыртып тұрған Әбуғалисын көкемде не арман десеңізші. Шын шебердің шыңына шыңыраудан қарап та тамсануға болады екен-ау! Тәмам. «Сарыжайлаудың» соңғы нотасы солқ ете түскен тұста көрермен қошеметі құлақ тұндырып бара жатқан болатын. Бір ұлттың бүкіл болмысы, сағынышы мен сабылысы астасқан арда күй – осылай барып үзілді.
Үзілген жоқ, үзіліп барып Нұрғисаның (Тілендиев) «Бауырлаштарымына» ұласты. Шоқанбаевтың шәкірті осал болсын ба? Әбуғалисынның әлемін таныған Әлішер Рахметов ұстазын ұялтпады. Керісінше, әр аспаптың дауысын анық естіп, жетеріне жеткізіп дирижерлік етуге тырысты. Іле-шала Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмайын» орындаған оркестр ұжымына Бақытжан Аяпбергенов те барынша сауатты дирижер болды. Аяпбергеновтен алған әсерімізді домбырамен ән салу бөлімінің ансамблі мен хореография бөлімінің бишілері үстемелеп, оларды академиялық ән салу бөлімінің орындаушылары жалғап әкетті.
Осы тұста қазақтың қаршадай қызы имене басып сахна төріне көтерілген болатын. Білуімізше, бұл – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стипендиясын иеленіп, колледжбен бірге Арқа абыройын аспандатқан фортепиано бөліміндегі Гаухар Елубаева есімді студент. Ұстазы – Олег Плицын. Орындағаны – Шопеннің №23 этюды. Демін ішке тартып, Гаухардың нәзік саусағы рояль пернесіне жанасқан сайын Шопеннің шеберлігіне таңдай қақпаған тыңдарман қалмаған болар. Әсілінде, Шопен емес-ау, дәл осы сәт ел Гаухардың ептілігіне ұйып отырған-тұғын. Колледж ғимараты емес, құдды бір «Ла Скала» опера театрына тап болғандай күй кештік. Өлмес өнер де, өлтірмес өнерпаз да жараса кеткен екен. Қайтейік, тамылжып барып тартымды әуен де тәмамдалды.
Сана мен сезім соқтығысып, сандырақтап біз қалдық… Сонда ойлайсың ғой, саз сиқыры мен ырғақ үндестігін сөзбен жеткізу мүмкін бе? Жоқ! Мүмкін болса музыканың да қажеті болмас еді. Оған біз әрмен қарайғы үрмелі және соқпалы аспаптар бөлімінің де, ішекті аспаптар бөлімінің де шәкірттері өнерін тамашалап көз жеткіздік. 
«Дон Жуан» операсындағы Дон Жуан мен Церлинаның дуэтіне қызығып, қырғыздың «Маш Ботай» күйіне иіп, Алаштың «Алтынай» биіне сүйсіндік. Айтып айтпай не керек, тәлім алушылар тартынып қалмады. Ақыры, Тәттекемнің «Сарыжайлауымен» сахна шымылдығын түрген шырайлы шара Тілендиевтің «Махамбетімен» түйінделмесі бар ма?
Тәттімбет пен Тілендиев!
«Сарыжайлау» мен «Махамбет»!
Есептік концерт ел есінде осылай қалса керек-ті. Ал, Арқа өнерінің апогейіне айналған Тәттімбет колледжі – шынайы өнердің шырағданы болып қала бермек…

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.