Арқа күй өнерінің аймаңдайы

Қазір Арқа өңіріндегі күй дәстүрін жалғастырып жүрген асыл азаматтың бірі – Қайролла Сәдуақасов. Ол – Алашқа аты шыққан шертпе күй майталманы, қазақтың талғамын Қыздарбек, Сембек, Әбди күйлерімен қайта қауыштырған дарынды өнерпаз – Дәулетбек Сәдуақасовтың ұлы, ізгі өнерін жалғастырған мұрагері. Қайролла әкесі туралы «Күй-ғұмыр» атты деректі кітап жазған. Қазіргі кезде Дәукең шертетін күйлерді үлкен сахналарда орындап, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген дарынды домбырашы. Тіршілікте Дәукеңмен аралас болған, ағалық жақсылығын көргендердің бірі мен едім. Талай сахналарда бірге күй толғадық, ағалы-інілі болып сырластық, пәндәуи жалғандағы жақсыға сүйіндік, жаманға күйіндік. Мен Дәукеңнің тумаса да, туғандай бауыры болып кеткен адаммын, өнердегі сара жолының куәгері болдым, көзі жұмылғанша туыстық ара-қатынасымыз ажырамады. Соны ескерді ме екен, жақында маған Қайролла бауырым хабарласып, Дәулетбек ағаның алдағы сексен жылдық мерейтойына байланыс­ты шағын естелік жазуымды өтінді, елеп-ескергеніне дән ризамын.
Тәттімбет мектебінің жаңа замандағы жарқын өкілі, Қыздарбек мектебінің жалғасы, Әбікеннің жақын інісі, теңдессіз домбырашы Дәулетбек Сәдуақасовты алғаш 1987 жылы, Шет ауданының орталығында, жер көгере бастаған жазғытұры көрдім. Жезқазған музыка училищесінде мұғалім болып жұмыс жасап жүргем, аяқ астынан сол кездегі Жезқазған облысы, Шет ауданының мәдениет бөлімінен шұғыл шақырту алдым. Алматыда ауданның мәдениет күндері өтеді екен, соған он күн ішінде концерттік бағдарлама дайындау керек. Ол кезде Шет аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, мәдениеті мен өнерін қадағалаушы – аймаққа аты белгілі ақын ағамыз Марат Шайхин еді. Ауданға барысымен жұмысқа араласып кеттім. Менімен бірге музыка училищесінің директоры Қуандық Стамбакиев те барды, оған концерттің режиссурасын, түсірілмек телеверсиясын жасау міндеттелді.
Ол кездің салты басқа, әр ауданның мәдениет ошақтарында ұлттық аспаптардан тұратын шағын ұжым жұмыс істейтін. Олардың репертуарын жасақтау үшін сырттан мамандар арнайы шақыртылатын. Мен әуелі фольклорлық ансамбльдің репертуарын дайындадым. Ансамбльдің сүйемелімен ән айтатындар да табыла кетті. Концерттің саясатына сай әндерді қолма-қол шығарып отыр­ған композитор – Жағыпар Әлімханов пен ақтаңдай ақын – Ғазиз Ештанаев та осында. Екеуінің шабыты шалқыған кез еді, тамаша туындыларды бүгін тапсырсаң ертең жазып алып келеді. Ақсу-Аюлыда топ жарған өнерпаз, әнші-биші, ақын-жырау ежелден мол. Бірақ, бағдарламаға сай келетін, лайықты күйші таба алмай қиналдым. Домбырашы мүлде жоқ емес, жастар бар, оқыған, ноталық сауаттары бар, бірақ шертпеден мақұрым. Менің іздегенім – Тәттімбеттің үлгісін

 

де шертетін адам еді. Осыны әкімшілік басшысына ептеп айтып көрдім. Марат аға басында сөзімді елеңкіремеді, басшылық қызметтегі адам ғой, қатардағы музыканттың сөзін жүре тыңдайтын әдеттері емес пе? «Жастар бар ғой, желдіртіп тартқаны жөн, Алматыға бара жатырмыз, «ауылдың алты ауызы» ыңғайсыз болар, осындағы концертке қатысқан күйшілерден жеке орындаушыларды іріктеп аларсың» деп салқын қайырды. Мен «Ағатай-ау, Әбікеннің елі ғой, Алматының зиялы ортасы күй тәңірі Тәттімбетті сұраса қайтпексіз?» дедім. Ол кісі қабағын шытты, сосын ақырын күрсінді. Ойланып тұрды да, «қазір іздеген күйшіңді алдыртамын» деді.
Содан шай қайнатымдай уақыт өткенде Дәукең мәдениет үйіне келді. Сымбатты, екі иығына екі кісі мінгендей еңселі кісі екен, қолында әдемі қызылкүрең домбырасы бар. Келген соң Марат Шайхин жағдайды түсіндірді, сөйтті де «Дәуке, мына жігіт қазір сіздің күйлеріңізді тыңдайды, концертке ыңғайы келіп жатса, тартатындарыңыздан іріктеп алармыз» деді. Содан Дәукеңді тыңдайын деп репетиция бөлмесіне бардым. Дәукеңе Марат ағаның әлгіндегі сөзі ұнамаса керек, салқын сөйлесті, орындыққа отырысымен маған домбырасын ұсынды да, «әуелі өзің тарт, оқыған жігіт екенсің, өнеріңді көрейік», – деді. Әбікен Хасенұлының күйтабағын жастанып жататын кезім, домбыраны қоңырлатып алып, Тәттімбеттің бір-екі күйін шерттім. Дәукеңнің жүзі балбырай бастады. Аты-жөнімді қайта сұрады, жылыұшырай сөйлесті. Әбікенді көргенін, Бегімсалды тыңдағанын, ұстазы Әбдіғали күйші екенін айтты. Сөйтті де домбырасын күйге келтіріп арқаның кәдімгі тәтті тоғыз тарауына басты. Домбыраның шанағы сөгіліп кеткендей болды, салалы саусақтары қос ішекті қобыздай боздатты. Әр дыбысы жүректің қылын шертті, Шортанбайдың сөзіндей кеудеге сәуле жүгіртті. Осындай талантты жанның ауылда жүргенін ойлап қамықтым. Не керек, сол күні Дәукең тартқан күйлерге тоймадым, кешке үйіне шақырды, Тәттімбет, Итаяқ, Қыздарбек, Сембек, Әбди күйлерін бірінен соң бірін төкті-ай кеп. Сол жолы Дәукең ауыл өнерпаздарымен бірге алғаш рет Алматыға аттанды. Ұлттық телеарнадан Дәукеңнің шерткенін барша жұрт көрді, аты республика көлеміне әйгілі болды.
Жезқазғанға келген соң Дәукең тартқан күйлердің сарыны санадан кетпеді, сазын алуға ынтамен кірісіп кеттім. Ара-тұра Жезқазғанға Дәукең әлдеқалай іссапармен келе қалса, қасында жүрем, тартқанын қолма-қол жаттап алам. Дәукең де разы боп жүрді, қайталап тартқызып мәз болады, кейде бір әуені бұрыс кетсе «мына жерінде бір нүктесі қалып қойған екен» деп өзі көрсетеді.
«Зар-заман шайыры» атанған Шортанбайдың тойы тоқсаныншы жылдардың аяғы

 

нда Шет ауданында Ақсу-аюлы тауларының көкорайлы, жазиралы бөктерінде тойланды. Сонда далада құрылған сахнада бірінші рет Қыздарбектің «Өткіншісін» тарттым. Бір қарасам, қасыма Дәукең мен оның жақсы көретін інісі, белгілі күйші Қалкен Қасымов келе жатыр. Екеуі де мәз, мені құшақтап, алғыстарын жаудырды. Осыдан кейінгі уақыттарда Дәукеңнің үйіне арнайы келіп, жата-жастана күй үйрене бастадым. Сосын ол күйлерді өзімше нотаға жазып, ынтасы бар-ау деген шәкірттеріме де үйрете бердім. Марқұм болған жақсы шәкіртім Арман Қадірбек Қыздарбектің тұңғыш конкурсына Жезқазған қаласының атынан қатысып, бірінші орын алғаны маған да абырой болды. Дәукең жас жеткіншек Арманға батасын берген еді. Дәукеңнің репертуарындағы күйлерді алғаш өз қолынан үйренген мен болсам да, үлкен сахналарда тарта қоймайтын әдетім бар еді. Соған кейде ренжитін сияқты еді. Бір күні түсіндіріп айттым. «Дәуке, мен сіздей деңгейде орындай алмаймын, оған шеберлігім жетпейді. Сіздің алдыңызда еркін шерткеніммен сахнада шиесін тарқата алмаспын. Сосын қанша ұқсатсам да тыңдарман сізді аңсайды ғой» дедім. «Е, ол жағын ойламаппын» деп күлді де қойды. Содан кейін қолқа салған емес.
Дәукең мінезді адам болатын, күйдің әуенін бұра тартқандарға төзбейтін, кім болса да беделіне қарамай бетіне айта салатын тікмінез еді. Ақадыр кентінде өткен Әбікен Хасенұлының 100 жылдық мерейтойында шертпе күй аламанында болған мына оқиға есіме түсіп отыр. Жан-жақтан айтулы күйшілер келген, бәрі осал емес, Орал Исатаев, Мейрам Ұлмағамбетов, Фазыл Тұтқабеков, Жақсылық Мағзұмов, Қыдырма Ғазизов сынды атақты домбырашылар келді. Қазылар алқасында – Мағауия Хамзин, Ақселеу Сейдімбек, Асанәлі Әшімов сияқты тұлғалар. Аламан тартыс екі күнге созылып, ақыры бас бәйгені Дәукең қанжығалады. Соңында қазылар алқасының төрағасы Мағауия ағай халықтың алдына шығып, «ағайын, Қыздарбек күйшінің бір күйін жаңаша өңдеп едім, енді соны тартып берейін» деді. Әрине, Мағауия сияқты ұлы күйшіде мін болушы ма еді, ә дегеннен домбыраны сөйлетіп жіберді. Халық қол соғып бола бергенде сахнаға Дәукең шықты да «әй, ағатай, Қыздарбекті түзететін сен кім едің?» дегені. Ел абдырап, Мағаң да жауап бере алмай қысылыңқырап қалды. Сосын Дәукең орындыққа асықпай жайғасып Қыздарбектің «Өткіншісін» елжіретіп, үш қайырып тоқтады, ел күйдің әсерімен теңселіп кетті. Артынан Мағаң өзі келіп, қолын алды, жұрттың ықыласына орай жарасымды сөз айтты. «Дәулетбектің өнері елдің маңдайына біткен несібесі» деді. Артынан екеуі табысып, арада түк болмағандай жарасып жүргенін көрдік. Ұлы адамдардың таным-түсініктері бөлек қой.
Тағы бір еске алатын оқиға мынау еді. Өткен ғасырдың 90-жылдары болатын, нақты есімде

 

қалмапты. Дәукеңді сол кездегі тележурналист, белгілі фольклоршы ғалым әрі күйші Жарқын Шәкәрім «Күй-шежіре» дейтін авторлық хабарына шақырды. Дәукең «үлкен жол ғой, бірге жүрейік» деп Жезқазған музыка колледжінің директоры Қуандық Стамбакиев пен мені ертіп алды. Алматыға келген соң біз тоқтаған қонақүйге марқұм Базаралы Мүптекеев іздеп келді. Базаралы екеуміз бірге оқығанбыз. Ол да Дәукеңнің өнеріне сырттай ғашық болып жүрген. Базаралы сол кезде қолға түсе бермейтін шетелдің қымбат мүлкі – бейнекамераны өзімен ала келіпті. Дәукең күйлерін жазып алды. Сонда Базаралының камерамен күй жазып отырып үнсіз жылағанын өз көзіммен көрдім. Содан Базаралы өмірінің соңына дейін Дәукеңнің туған інісіндей болып кетті, күйін насихаттады, «Мәңгілік сарын», «Қазақтың 1000 күйі» атты антологияларға жазды. Сол сапарда Дәукең белгілі жазушы әрі күйші Таласбек Әсемқұловпен танысты. Таласбектің өнеріне тәнті болды. Тек қана Тәттімбеттікі деп жүрген Әбдидің «Қосбасары», «Айдостың күйі» төңірегінде екеуінің пікірі екі бөлек болды, Дәукең ол күйлердің авторлығы қайтарылуы керек екенін, аруақ алдында шет болатын жағдай екенін айтып қалды.
«Ел» продюссерлік орталығының ұйымдастыруымен «Мәңгілік сарын» атты ғасыр концерті болды. Дәукең сол жолы арқаланып күй толғады, Алматының ақ жағалы зиялысы ұзақ қол соғып, «Тәттімбет осы!», «Дәулетбек – тірі Әбікен!» деп залдан айқайлап жатты. Концерттік жобаның жетекшісі Ғалым Доскен ол кезде ұлттық арнаның бас директоры болатын. Дәукеңді Алматыға арнайы шақыртып, күйлерінің бәрін арнайы студияға жаздырды. Сержан Шәкіратовпен екеуі егіз адам секілді, аралары ажырамай бірге жүретін. Сағынысып көрісетін қимас достар болатын. Екеуі кездесе қалса әңгімелері жараса кететін. Екі үлкен күйшінің бір-біріне деген құрметі шексіз еді. Осыны сезгендей, Ғалым Доскен қос күйшінің шығармашылығы туралы «Телағыс» атты тамаша деректі фильм түсірді.
Кейін Дәукеңсіз концерт өтпейтін болды, Арқаның шертпе өнерін Дәукеңсіз елестету мүмкін де еместей еді. «Астана арқауы» атты түрік халықтарының музыкалық фестивалінде Елбасының алдында күй тартты, ұлттық арнаның қорында сол концерт сақтаулы, онда Елбасының өзі Дәукеңнің күйіне елжіреп тыңдап отырған сәті бар. Дәукеңнің мәртебесі биіктеген сайын өзі біртүрлі қобалжып жүруші еді. Себебі, оның Алла берген өнеріне Алаш жұрты тәнті болса да, Қарағанды жерінде аз насихатталатыны жанына бататын. Соны маған ептеп сыр етіп айтушы еді. Жеке концерт бергісі келетін, музыка колледжінде шеберлік сынып өткізгісі келетін. «Жанғали-ау, Қаршыға Ахмедия­ров консерваторияға шақырып құрмет көрсетті, студенттерге дәріс бердім, бірақ, Алла берген өнер өз еліңе тарамаса қиын болады екен, бір мектеп ашсам, арманым болмас еді» деп мұңайған кездері болды.
Қобызшы Саян Ақмолдамен шығарма­шылық ара-қатынасы қызық болатын. Жас алшақтықтарына қарамастан, екеуі айнымас дос еді. Былай қарасаң, Саян Дәукеңнің баласындай ғой. Бірақ, екеуі өмірде жан дос, сыры да мұңы да бір болды. Біздерге айта қоймайтын құпияларын, армандарын тек Саянға ғана ақтаратынын білетінбіз. Бір газеттің тілшісі Дәукеңе «Сіздің өнерде, өмірде с

 

енетін досыңыз бар ма?» десе, Дәукең «Ия, Саян Ақмолда деген күйші досым бар» деген ғой. Ақ жүрек, батыр шалыс адам еді. Саян Дәулетбек ағасы үшін көп жұмыс атқарғанын айтпауға болмайды. Көптеген телерадио хабарларға жазды. Радиодан концерттерінің үнемі беріліп тұруын қадағалады. Дәукең кейде күй шертіп отырып, бір қайырып, домбырасын Саянға ұсына салатын әдеті болатын. Саян айнытпай қайталап шертіп беретін. Қазіргі кезде Дәукең күйлерін шертетін жақсы орындаушылар көп бірақ, нақты дәстүрін келтіре алатын Саян ғана деп ойлаймын. Әрине, өз ұлы Қайролланың жөні бөлек.
«Қазақстанның мәдениет қайраткері» атағын алғаннан кейінгі жылдары Дәукең науқастана бастаған еді. Астанадағы күй фестиваліне келгенде жүзі сынық еді. Жанын меңдеткен науқасқа қарамастан, Астана сахнасында жасындай жарқылдады. Арқада өзімен шендесетін күйші жоқ екенін ұқтырғандай болды. Мені оңаша шығарып алып «Жанғали, саған аманат, менің өз жанымнан шығарған күйлерімді сен білесің ғой, соларды кітап қылып жаз, жарыққа шығар, мен енді көп жүрмеспін» деді.
Дәукеңмен қоштасқан кезім есімнен кетпейді. Сырқаттанып жатыр деген хабарды ала салысымен ауылына іздеп бардым. Төсек тартып қалыпты, жүзі сынық, сонда да орнынан тұрды. Бұл күнде марқұм болған жеңгемнің дастарханы кең болатын, лезде шайға отырдық. Жарты сағаттай әңгімелестім. Көңілін демдеп, «жазылып кетесіз, домбыраңызды баптаңыз, жақында Астанада үлкен күй жәрмеңкесі болады» деп жұбатқан болып жатырмын. Кәдімгідей еңсесі көтеріліп қалды. Сосын қоштасып, жүріп кеттім. Араға екі-үш апта салым уақытта «Дәукең қайтты» деген жаманат хабар жыландай сумаңдап Астанаға да жетті. Жаназасына бардым. Қарақұрым халық көп жиналды, сырттан келгендерде де есеп болмады. Дәукеңе өзінің аяулы мекенінен топырақ бұйырды. Белгілі композитор Саят Әбдіғали Дәукеңдердің жақын інісі болатын, сол айтады, Дәукең қайтар алдында бой жазып тысқа шығып, сейілдеп біраз жүріпті. Сосын дастархан басына ағайын-туысын, ұрпағын жинап, жайдары көңілмен ұзақ күй толғапты дейді. Содан кейін домбырасын немересіне ұстатыпты да қалғып кетіпті, жарықтық.

Жанғали ЖҮЗБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.