Бас тақырыпЖаңалықтар

«Апам да аң-таң, мен де аң-таң»

«Қарағанды – Теміртау» автобанында жарық пайда болғалы 5 айдан асты. «ҚазАвтоЖол» мамандары «ҚарағандыТеміртау» тас жолының не себепті жарылып кеткенін анықтай алмай отыр. Бұған дейін көлік магистралін бірнеше рет арнайы комиссия тексергенімен, еш нәтиже шығара алмаған. Сондықтан, мамандар мәселені анықтау үшін жерді сканерлейтін «Георадар» деп аталатын арнайы техниканы бейсенбі күні іске қосты.

Мамандардың мәлімдеуінше, аталған техника жер қабатын 1,5 метр тереңдікке дейін сканерлей алады. Жолдың негізгі және қосалқы қабаттары мен жердің топырағын да тексеруге техниканың мүмкіндігі зор. Тексеріс нәтижесі бір аптада дайын болады. Ал, жарылған жолдың қашықтығы 5,5 шақырымды құрайды. Барлығы 15 шақырым тас жолдың басқа аумақтарына да тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Кенеттен жолдың жарылуы жол жөндеумен айналысатын мердігерлер үшін төбеден жәй түскендей болды. Бұған дейін шаһардың басым бөлігіндегі жолдарға жаңадан асфальт төселіп, ернеулері толықтай ауыстырылғанда мұндай мәселелер туындамаған. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Игорь Гафтон:

– Біз өзіміз асфальтты төрт жерден кесіп алып зерттегенде барлығы қалыпты деңгейде болып шықты. Бетон 2017 жылы маусым айының ортасынан қазан айына дейін төселді. Кінәрат биыл мамыр айында байқалды. Егер, кінәрат материалда болса, бір айдың ішінде жарылып, жол бүлінетін еді. Бізді бұл жайт таң қалдырып отыр. Кемшілік бізден болған жағдайда қайта жөндеу жұмыстарын өз мойнымызға алуға әзірміз, – дейді.

Жобаның бас инженері Бақытжан Нұртаевтың айтуынша, жол өткен жерде шахта болуы мүмкін. Сонымен қатар, Теміртау мен Қарағандының ортасында машина өте көп жүреді. Тіпті, тәулігіне 23 мың көлік қатынайды.

«СейСер» ЖШС-ның бас директоры Сейділдә Пәкентаев жобаның бас инженерінің сөзін толықтырып өтті.

– Біз бұдан бұрын Алматы­-Қапшағайда, Оңтүстік Қазақстанда, Астана-Павлодарда және Батыс Қытай-Батыс Еуропада жол салдық. Мұндай мәселе болған жоқ еді. Мәселен, жол толығымен жөнделгенде бетіне сызат түспейді. Ал, біз ескі асфальт төсенішін алып, жаңасын жайып жатырмыз. Мұндай жағдайда төсеніш беті міндетті түрде уақыт өте келе жарылады. Біздің өңір климатынан жолдың сапасы бірден байқалады. Қазір соны зерттеп жатырмыз. Қандай жарық, ақау болғанын анықтап, өзіміз жөндеп, абыройымызды сақтап қалу үшін қалпына келтіруге дайынбыз,– деді Сейділдә Пәкентаев.

Бұл магистральді салуға республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Мамандар енді салынған жолдың сапасын, жер қабатын арнайы техниканың тексеруінен кейін білетін болады.

Егер, табылған ақау расталса, мердігер мекеме жолды өз қаражатына қайта жөндейді.

Айта кетейік, көлік магистралі 2019 жылы толық пайдалануға берілуі тиіс.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button