Жаңалықтар

Аналық инстинкт мемлекетті сақтап қалды

      Өткен ғасырдың 90-жылдары адамның қажыр-қайраты тарихи тағы бір сыналған шақ болды. Тәуелсіздік таңы атқанына қуаныш бар жүректе, «ендігі жағдай қалай болар екен» деген күмән да бар еді көңілде. Осы толқымалы кезде аналарымыз сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Әйел затының бойындағы Жаратушы берген аналық, ұрпақты сақтау инстинкті отбасын ғана емес, тұтас мемлекетті сақтап қалды. Олардың осы ерен еңбектері тұралаған экономиканың бойына қан жүгіртіп, аяққа тұруына үлкен сеп болды. Ендеше, кей ер азаматтардың қолынан келмеген іске білек сыбана кірісіп, түбінде діттегеніне жеткен нәзік жандарға айтар алғысты мың мәрте жаудырса да аздық болар. Осы орайда алғысты тасқа қашап, еңбектерін мәңгі етеміз деген азаматтардың ниеті іске аспай жүргені, өкінішті.

Кез келген қалыптасқан жүйені бір сәтте күйретіп, жаңасын құру – әсте оңай емес. Өткен замандағы ата-бабаларымыздай жаумен жан берісіп, жан алысып шайқасқандай болмаса да, өмір үшін, ұрпақ үшін күресті.
Үлкендер жағы біледі. Сағат механизміндей тықылдап тұрған экономика тоқтады да қалды. Жаппай қысқартулар орын алып, қоғамда тоқырау басталды. Мемлекет өз халқының жағдайын жасай алмайтын халге жетті. Сонда апа, әпке, аналарымыз ерекше қайсарлық танытты. Олар қол қусырып қарап отырған жоқ. Отбасын асырау үшін ала дорба арқалап, алыс-жақын шет ел асып, алып-сатарлықпен айналысты. Бір кездері мұғалім, дәрігер, экономистр, бухгалтер болған нәзік жандар қаласа да, қаламаса да алып-сатарға айналып шыға келді. Бар жиған-тергенін, оған қоса жанын да шүберекке түйіп, нарық жүйесін толық түсінбесе де, ештеңе қарамады. Жолын кес-кестеген рэкеттерге де, тапқан нәпақасына қол сұғып дағдыланған кедендегі, полициядағы сумақайларға да тоқтамады. Себебі, отбасын асырау еді көкейінде тұрғаны. «Отан отбасынан басталмаушы» ма еді белгілі қанатты сөзде? Еуразия кәсіпкерлер қауымдастығы бірлестігінің төр-ағасы Жомарт Алдоңғаров бастаған аймақ кәсіпкерлері елімізде алғаш рет бірнеше жыл бұрын сол аналарымызға арнап ескерткіш қою мәселесін көтерген болатын.
«Ала қап арқалап, күн демей, түн демей, ыстық пен суыққа қарамай отбасын асыраған аналарымызға алғысымыз – шексіз. Аналарымыздың төзімділігі мен табандылығының арқасында еліміз дағдарыстан өтті. Мемлекетке салық төлеп, бюджетін көбейтті. Енді, осы аналарымыздың еңбегін бағалап, оларға ескерткіш орнату мәселесіне келгенде, шенеуніктердің кежегесі кері тартып отыр»,– дейді Жомарт Алдоңғаров.
Оның айтуынша, идея көтерілгеніне 5-6 жыл болып қалыпты. Ол кәсіпкерлер арасында қолдау тауып, қажетті қаражат жиналып, құжаттары жасалып, тіпті, ескерткіштің нобайы да дайындалған екен. Мәселе оны қоятын орынға келгенде туындаған. Идея авторлары оны «Таир» сауда үйінің алдына қоюды ұсынған, алайда, ол аумақ жеке меншік болғандықтан, ескерткіш осы күнге дейін өз орнын таппай тұр.
Оның авторы – архитектор Сабыржан Дәуітбергенов, суретші – Виктор Арент. Мұндай ескерткіш Ресейде де бар. Қолында ауыр сөмкесі, иығында үлкен қорабы, белінде ақша салатын шағын сөмкесі бар ер адамның мүсіні сол уақытты еске түсіреді.
Ресми емес деректерге сүйенетін болсақ, 90-жылдары елімізде 2 миллионнан астам қыз-келіншек шет елден тауар әкеліп, сауда-саттықпен айналысқан екен. Солардың көбі бүгінде денсаулықтарынан айрылған. Тіпті, мүгедек болып қалған жағдайлар да бар.
Бір жағынан алып қарасақ, тоқырау жылдарындағы ел экономикасына зор үлес қосқан қыз-келіншектердің еңбегін ескерткіш орнатумен емес, мемлекет тарапынан нақты көмекпен бағалаған жөн-ау.

Жансая ОМАРБЕКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button