Біздің сұхбат

«Аналар кеңесі – ұлағат мектебі»

    Бүгінде Аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Шынымен де, үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, баласын ойната жүріп, еңбектің бел ортасынан табылатын әйелдердің тындырымды іс-әрекеттері көпке үлгі болып отыр. Жуырда әйелдердің еңбекқорлығы, қоғамдағы жаңашыл қадамдары, ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны жайлы Балқаш қалалық Аналар кеңесінің төрағасы, «Білім беру саласының үздігі», зейнеткер ұстаз Шайзада СЫЗДЫҚОВАМЕН пікір алмасып, ой толғаған еді.

– Шайзада Рысқұлқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің мұрындық болуымен бірқатар жұмыстар атқарылуда. Елбасы отбасы құндылығы туралы талай мәрте тоқталып, оны нығайту жөнінде тапсырмалар берді. Сіздер одан қандай нәтиже шығарып отырсыздар. Аналар кеңесінің қазіргі бағыты қандай?

– Әр істі шын ниетіңмен бастасаң, аяғында өз жемісін берері сөзсіз. Бұл кеңестің құрылуы  Елбасы саясатын жүзеге асыруға, ондағы айтылған тапсырманы тындырымды атқаруға, мемлекет тағдырына тың серпін береді деп сенемін. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында консультативтiк-кеңесшi орган ретiнде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде 1774 Аналар кеңесі жұмыс атқарады. Республика бойынша кеңеске 9234 адам мүше болып табылады. Балқаш қаласында 2015 жылы Аналар кеңесі құрылды. Әзірге, кеңеске мүше – 23 адам. Қаламызда 80 мың адам болса, оның 42 мыңы – әйелдер. Кеңес құрылған күннен бастап, ажырасудың алдын алу, отбасыдағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде iс-шара ұйымдастырып, бірқатар ауқымды бастамаларды қолға алды. Сондай-ақ, гендерлік саясатты іске асыру бағытындағы әйелдердің бизнесте алар орнын сөз ететін жиындар жиі өткізіледі. Жастардың патриот болып өсуіне, қоғам тірлігі үшін материалдық өндіріс саласында еңбек етуге даяр болуын, еңбек ету қажеттілігін ажырата білуге, музыкаға, өнерге, әдебиетке ынтасын үнемі жетілдіруге жұмыс жасап келеміз.

– Кеңес жұмысы көбіне отбасы құндылығына қатысты іс-шараларға жете назар аударып келеді. Отбасы құндылығы жөнінде қандай пікірлеріңізбен бөлісер едіңіз?

– Бүгінде аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып отырғандығы көңіл қуантады. Ал, енді өзің айтып отырған отбасы құндылығы әр шаңырақтың қазынасы болуы керек. Саралай қарасаңыз, отбасылық өмірде, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы мен мақсат-мүдделері арқылы іске асады. Бұл жағдайларды Аналар кеңесінің мүмкіндіктерімен үйлестіру – табысты тәрбиенің тағы бір негізі. Бала тәрбиесін отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында жүзеге асыру екі жаққа да тиімді тәсіл болып табылары сөзсіз. Өйткені, біз болашақ отбасын бала күнінен тәрбиелеуіміз керек.

– Бала тәрбиесі жөнінде тарқатып айтып өтсеңіз…

– Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасына үңілсек, ол адамгершілікті қайырымдылықты, мейірбандықты дәріптейді. Ата-бабаларымыз баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла», «Үлкенге сәлем бер», «Жолын кесіп өтпе» деген ұлағатты сөздері біз бала күнімізден құлағымызға құйып өстік. Одан жаман болған жоқпыз. Адамгершілігі, ұяты бар адамның бет-бейнесі иман жүзді, жарқын, биязы, өзі парасатты болады. Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілділік, қамқорлық, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Біз өз кезегімізде халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған ұрпақ тәрбиесі жөніндегі ой-пікір, білім, тәжірбиелер жинағына сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгертуге, отбасы, Отанның ар-намысын қорғауға, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуді көздейміз. Сондықтан, ата-аналарға отбасында баланы халқымыздың салт-дәстүрімен тәрбиелеуді ұсынамын. «Халық – ғажап тәлімгер» деген мақал маңызын жоғалтқан емес.

– Қыз бала тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі, қоғам тәрбиесі екендігін жұрт жете түсінеді. Қыз бала тәрбиесіне орай кеңес аясында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталсаңыз…

– «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген халқымыздың ежелгі салты мен тамаша дәстүрі  жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты қағидасымен де үйлесім табуы бекер емес. Арнайы мамандарымыз жеткіншек ұрпақтарымызды адамгершілікке оның ішінде қыз балаларға «қызға қырық үйден тыйым» деген даналықты бойына сіңіруге жұмылуда. «Тұмар» қыз-келіншектер ұйымын аштық. Одан бөлек, әр колледжде, қыздар кеңесін, мектептерде, ата-аналар арасында кеңестер құрылды. Соңғы кездері «бостандық» деп, тіпті, босаңсып кеткен қыздармен жеке кездесіп, тәртіпке шақырамыз. Келешек ұрпақты тәрбиелейтін, оң жолға бағыттайтын, келешек кірпішін қалайтын, жарқын өмірдің кепілі болатын – қыздар екендігін білім ұяларында өткен кездесулерде жиі айтып, қанағатшылдыққа қадам жасауына үндейміз. Оның ішінде, біздің ұлттық болмысымыздан ажырамас үшін, «он бес жастан құрбыңдай сыйлас» деген қағиданы ұстана отырып, сырласып кеңес береміз. Қазақтың ұлттық тағамын қалай пісіру керектігінде шеберлік сыныбын өткізіп көрсетеміз. Жақында ғана әр ұлт өкілдеріне қазақтың қазы айналдыру, ет асу, еттің қамырын жаю, нан илеп, бауырсақ пісіру сияқты дәстүрінен сыр шертетін шеберлік сыныбын өткіздік. Бұл – біздің ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасқан дәстүрлі құндылықтарымыз. Осы сынды қаншама шаруалар атқарып жатырмыз. Аналар кеңесі – ұлағат мектебі болып тұр.

– Қоғамда ажырасу көбейіп, жалғызбастылық белең алып барады. Мұндай жағдайды қалай тұсаулау керек?

– Бұл енді отбасылық өмірдің аз-кем қиындығына шыдамай АХАТ-қа жүгіретін жастардың бойында жауапкершіліктің салмағын сезіну жойылып бара жатқандығынан. Жаһандық сипат алған бұл мәселенің себептері мен салдарлары көп. Бүгінгі таңда мансап жолында балалы болудан бас тартатын іскер әйелдердің көбейгені ер азаматтардың наразылығын тудырғандығы да анық. Осы мәселені біз сан рет көтеріп, жас отбасылармен үнемі кездесулер ұйымдастырамыз. Кездесу барысында жақын әңгімелесіп, отбасының кіші мемлекет екендігін айтып, отбасылардың ыдырауы демография саясатына салқынын тигізетіндігін ескертеміз. Әу бастан қазақ халқының «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» үлгі алар үрдісін алға тартамыз. Сыныққа сылтау іздемей, ұрысты ушықтырмай, төзімділік танытудың маңызын айтудан жалыққан емеспіз. Біз бұл мәселеге бейжай қарамаймыз. Қайта, жастарды 50 жыл отасқан ата-әжелермен жолықтырып, ақылын тыңдатамыз. Мұндай шаралар жастарға оң ықпал етері сөзсіз. Әр отбасы, шаңырағында ұрпағына отбасы құндылығын үйретуге тиісті. Барға көңілі көншіп, кикілжіңсіз ғұмыр кешетін-дердің асығы алшысынан түседі. Өйткені, «Қанағат кеткеннен қасиет қашады» (М.Әлімбаев).

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button