Баған

Қанағат – дәулеттің бір түрі

Қанағат – әдептіліктің басты белгісі және негізі. Ол – адамның сана сезімі мен іс-қимылындағы аса жағымды әдет. Қанағатты айнымас әдетіне айналдырған жан оның игілігін өмірбақи көретіні күмәнсіз. Өйткені, ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне шүкіршілік етуге қалыптастырады. Қашан болсын, ашкөздікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтыққа жол бергізбейді.

Бұл – баршаның бойына жарасатын көркем сипат, ешқашан ортаймайтын қазына-дәулет. Бірақ, жұрттың бәрі бірдей мұны осылай деп түсінбейді. Қанша мол байлығы болса да, оны қанағат қылмайтындар айналамызда жиі кездеседі. Ондайлар «болған сайын, болсам» деп ашкөздікке салынып, қанағат-ынсапты ұмытады. Сөйтіп, жалған сөйлеп, екіжүзділікке барады. Кедей «бай болам» деп дұрыс талпынса, қанағатты ұмытқан бай «Құдай болам» деп күпіршілікке бой алдырады.

Егер ауқатты кісі жағдайы кемшін адамдардың жайын ойлап, өзінің де сондай күйге душар болып қалуының мүмкін екенін ескерсе, онда барына қанағат қылып, жоқ-жітікке қайырым жасар еді. Байлығының игілігін орнымен көріп, соған шүкіршілік қылса, «саулығың – байлығың» дегенді үнемі жадында ұстаса, өмірінің мәні арта түсер еді.

Кісінің қанағатсыз қалпын аңғарып қалған айналасындағы жұртшылық оның қылығын ерсі көріп, тәрбиесіздігінің, мәдениетсіздігінің белгісі ретінде қабылдайды. Ал, олардың арасында өзге елдің, бөтен жұрттың адамдары болса, онда әлгі кісінің әдепсіздігі мен мәдениеттілікке қатысты кінәраты өзі өкілі болып саналатын ұлттың кемістігі ретінде бағалануы әбден мүмкін.

Ашкөздік адамның назарын буалдырландырып, рухани дүниені көріпбілуге кедергі жасайды. Есіл-дертін тек дүниеге аудартып, жақындарынан, дос-жаранынан аулақтатады. Осылайша, адами келбетінен айырып, күйкі тірлікке жетелейді. «Адам үмітпен өмір сүреді, алайда оны ашкөздік құртады» деген сөз бекер айтылмаған.

Қанағатсыздық жасынан алған тәрбиеге байланысты. Жастар емінеркіндік психологиясымен әке-шешенің еңбекпен тапқан, тірнектеп жинаған дүние-пұлын бей-берекет жұмсап, есепсіз шашып үйренсе, оның үстіне өз еңбегімен тапқаны болмаса, әрине, ашкөз болып өседі. Бәрін «менікі» деп дағдыланады. Сондықтан, балаларға материалдық игіліктің құнын, оның қандай мехнатпен келгенін, оны игілікке жаратуда қанағатшыл болу керектігін, қанағат та дәулеттің бір түрі екенін ұғындыру – өте маңызды.

Бұл жөнінде біздің халқымыз мыңдаған жылдық өмір тәжірибесінен қорыта отырып, бірегей болмыстағы даналық тұжырымдарын қалыптастырған. «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады», «Қоя жесең, қой қалады, тарта жесең, тай қалады» деген мақалдарда үнемі естен шығармайтын шынайы шындық бар.

Міне, осыларды ескерген жандардың ешқашан және еш жерде өзі үшін де, өзі тәрбиелеп өсірген ұрпағы үшін де ұятқа қалып, беті қызармасы анық.

Әсел ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

әлеуметтанушы

Басқа материалдар

Back to top button