Басты тақырыпРуханият

Аманат арқалаған азаматтар

   Жұма күні облыс әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВТІҢ қатысуымен К.Станиславский атындағы орыс драма театрында «Аманат» Қоғамдық сыйақысы тапсырылды. Үздіктерді үкілеген бұл марапат – жарқын іс жасап, мемлекетіміздің қоғамдық өміріне сүбелі үлес қосқан азаматтарды көтермелеу арқылы, жалпыадамзаттық, адамгершілік, жасампаздық, еңбекқорлық сынды асыл құндылықтарды сақтау мен арттыруға бағытталыпты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстан жаңғыруының ең басты негізі ретінде тарихи, мәдени мұраны, рухани құндылықтарды сақтаудың маңызы туралы айтқан еді. Бұл ретте, Елбасының «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» дегені тағы бар. Міне, ел мен жерді, салт пен сананы, мәдениет пен өнерді, жалпы қазақ халқына тиесілі күллі құндылықты мирас еткен бағзы бабаларымыздың басты аманаты – Алаш деген атымыз бен затымыз. Сол биіктен төмендемей, халықтың жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген азаматтар да аз емес арамызда. Ал, олардың есімдерін ұлықтамау – елге – сын, сүйекке – таңба болмай ма? Міне, бұл бірегей бастаманың арқалағаны да сол. Ал, оған ұйытқы болған – «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қоры, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы және облыс әкімдігі екен.

– Қай мемлекеттің болсын өсіп-өркендеуі, ілгері дамуы – ұлттық құндылықтарын ұлықтау, тарих пен мәдениетін сақтау, тілі мен дәстүрін дәріптеу сынды игі істермен тікелей байланысты. Сол себепті, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында елдің адами әлеуетін дамыту, қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысты аса маңызды міндеттер қойды. Ел дамуының басты мақсаттарын да белгілеп берді. Осы ретте, бүгінгі беріліп отырған «Аманат» Қоғамдық сыйлығының алатын орны ерекше. Себебі, халқымызда «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген қанатты сөз бар. Жақсылығын айтып қана қоймай, еңбегі мен ерлігін бағалау, құрмет пен қошемет көрсету – ол ең алдымен елдіктің белгісі. Сондықтан да, «Аманат» сыйлығы елдің бірлігі мен берекесін, ынтымағы мен ырысын сақтап жүрген тұлғаларымызға деген шынайы құрметтің, ыстық ықыластың керемет көрінісі деп білемін. Осындай жобалар арқылы елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген отаншыл азаматтарды халық танитын болады. Жастарымыз оларға қарап ойын да, бойын да түзейді, үлгі-өнеге болады, – деді Жандос Әбішев.

Шараға «Аманат» сыйақысын тапсыру бойынша кеңес төрағасы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Ұлттық агроөнеркәсіп палатасының төрағасы Қажымқан Мәсімов, «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті Басқарма төрағасы Дарxан Қыдырәлі, сондай-ақ, «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қорының президенті Зәуре Бейісова мен «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада, мемлекетіміздің, облысымыздың танымал қоғам қайраткерлері, қайырымдылық жасауға жаны құмар, келісімді нығайтуға, рухани құндылықтарды сақтауға үлес қосып жүрген тұлғалар, меценаттар, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері және жастар қатысты.

– Сыйақы – мемлекет саясаты, ел негізі болатын құндылықтарды бейнелейді. Сондықтан, «Аманат» сыйлығын тапсыру салтанаты Қарағанды облысында бастау алуы – біз үшін үлкен қуаныш.  Себебі, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Сарыарқа жерінде еңбек жолын бастаған. Жігерін шыңдап, сарабдал саясаткер ретінде қалыптасқан, – деді «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.

Жалпы, аймағымызда аталған сыйлыққа үміткерлердің өтінімі 100-ден асып жығылған екен. Соның ішінде, екінші кезеңге 26 үміткер іріктелсе, ұйымдастыру комитетінің мүшелері оның 12-сін үздік деп таныды. Алайда, тек 7 үміткер ғана аймақтық кезеңнің жеңімпазы атанды.

Бұл ретте, облыстың беделді адамдары мүшелік еткен ұйымдастыру комитетінің құрамын да атаусыз қалдыруға болмас. Олардың қатарында облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы, Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин, «Қарағанды облысының кәсіподақ орталығының» төрағасы Любовь Қуанышбекова, «Қазақстан-Қарағанды» облыстық телеарнасының директоры Берік Дүйсетаев, аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов және үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері болды. Шешім шығару барысында комиссия құрамы үміткерлердің өз жұмысын жан-жақты, терең көресете білуіне, бірегейлігі мен ауқымдылығына, ең бастысы, нақты нәтижелеріне баса назар аударды.

– «Аманат» сөзінің ауқымы – кең, тамыры – тереңде жатыр. Бағзы замандағы қиын-қыстау шақтарда қазақ халқы өз жақындарына, сенімді адамдарға малын, тұрмысын, жерін қалдыратын. Олар бұдан тәуір заманға деп өз жетістіктерін, салт-дәстүрін аман-есен сақтап қалу үшін жан аянбаған. «Аманат» жобасы – осындай терең мағынаға ие. Ол біздің ұлттық, адами құндылықтардың, мәдениеттің сақталуына, оның игі болашаққа насихатталуына сүбелі үлесін қосады, – деді ардагер металлург Қуаныш Омашев.

Сөйтіп, ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша, «Аманат» сыйлығын иеленуге лайықты деп Теміртау қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері – Қуаныш Омашев, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің кавалері Рымбала Омарбекова, көрнекті суретші, Елбасы бастамасымен құрылған «АТОМ» жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков, облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбаева, «Шығыс» шаруа қожалығының басшысы Шамиль Осин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вилен Молотов-Лучанский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев, театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов танылды.

– Бейбітшілік, қауіпсіздік, ұлттық рухани байлық идеяларын насихаттайтын өнерім мен еңбегімнің бағаланғанына дән ризамын! Менің ойымша, әр адам өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдени мұрасын білуі қажет. Ғасырлар бойы мұның барлығы дәстүрлі түрде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды. Сарқылмас құндылықтарды сақтап, болашаққа жеткізу – бұл аманат! – деді  Кәріпбек Күйіков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғаш рет өткізіліп отырған бұл бастама болашақта дәстүрге айналып, жыл сайын тапсырылатын болады.

 

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button