Ақтоғай

Қамқорлық пен қолдауын сезіндік

    Үстіміздегі жылдың 22 қыркүйегінде ҚР Сенатында «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Бұл педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күніне арналған өзіндік сыйлық болып табылды. Біз, педагогика саласының қызметкерлері халық қалаулыларының бізге деген қамқорлығы мен қолдауын сезіндік.

Жиынды Сенаттың әлеуметтік-мәдени және ғылымды  дамыту бойынша комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова экономиканың тұрақты өсуі және мемлекеттің бәсекелестікке қабілетті болуы адами капиталдың деңгейіне тікелей байланысты болып отырған жағдайда білім беру жүйесін дамытудағы жаңаша өзгерістер қажеттілігін айтып өтті.

Тыңдауға қатысушыларға арналған алғашқы сөзді Сенат төр­ағасы Қасым-Жомарт Тоқаев алды. Өз сөзінде, ұлт табысының көзі минералдық ресурстар байлығы ғана емес, азаматтардың білім бәсекелестігінде жатқанын атап өтті. Сондықтан, қазақстандықтар, әсіресе жаңа буын ұрпақтарының XXI ғасыр талабына сай өмірлік сапаларға ие болуы қажет. Сенат спикері қазақ тілінің латын графикасына көшуі стратегиялық маңызы бар міндет екенін айта келіп, Елбасы Н.Назарбаевтың латын әліпбиіне көшудің «ғылым мен білімнің жаһандық жүйесіне енуге, біздің рухани бірлігімізді қамтамасыз етуге негізгі қадам» деген сөздерін еске салды. Сенат Төрағасы орта білім сапасына, білім гранттарын тапсыру, оқулықтардың сын көтермейтін сапасына қатысты бірқатар сыни ескертулер айтты. Қ.Тоқаевтың айтуынша, білім саласындағы жаңашылдықтар жеткілікті, соған қарамастан сала министрлігіне тез арада қазақстандық білімнің сапасы мен атына нұқсан келтіретін жүйелік кемшіліктерден арылу керек. Сенат басшысы білім саласындағы барлық кемшіліктер ішкі саясаттың елеулі факторы болып табылатынын, еліміздегі тұрақтылыққа  кері әсер ететініне назар аударды.

Сонымен қатар, Спикер Қазақстанда сандық жүйеге көшу стратегиясы мақсаттарына сай келетін «Күнделік» электрондық бағдарламасын жүзеге асыруды қолдау жайлы айтты. Сөз барысында педагог мамандығының мәртебесін көтеру жайлы айтылды. Білім саласы қызметкерлерінің жалақысының деңгейі ең төменгі санаттар қатарында тұр (орташа республикалық деңгейдің  66%-ын құрайды). Сенат Төрағасы үкіметке шынайы  экономикалық жағдайларды есепке ала отырып, мұғалімдердің жалақысын көтеру жайлы мәселені қарастыру керектігін айтты.

Кәсібилігі жоғары мұғалім – орта білім жүйесінің табысты болуының кепілі. Біз мемлекеттік марапаттар және сыйлықтар тағайындау, олардың еңбегін БАҚ-та насихаттау арқылы мұғалімдерді белсенді және кеңінен ынталандыруымыз керек. «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев білімді жастардың басымдықтар жүйесіндегі түйінді құндылыққа айналдыру және қазақстандық қоғамды рухани жаңғыртудың басты бағыттарының бірі ретінде «білімнің салтанат құруы» екенін айқындап берді», – деді Қ. Тоқаев.

Депутаттар алдында 2016-2019 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының орындалуы барысы жайлы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндама жасады. Тыңдауға қатысушылар алдында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мурзалин, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, «ЮНЕСКО-ның» Алматыдағы Бюросының директоры және Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы өкілі Криста Пиккат, «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев, Орталық Азия аймағы бойынша Дүниежүзілік банкі әлеуметтік бөлігінің аға үйлестірушісі Сусанна Айрапетян, Астана қаласы ата-аналар қауымдастығының қалалық кеңес төрағасы Гүлнар Омарова, Жеке меншік білім ұйымдарының республикалық қауымдастығының директоры Роза Садықова, Кембридж университетінің инновациялар факультеті бойынша департаментінің директоры Коллин МакЛафлин, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Боран селосының Құмаш Нұрғалиев атындағы гимназиясының мұғалімі Майгүл Нұрғалиева, Петропавл қаласының «БЭСТ» гимназиясының мұғалімі Надежда Заиченко сөз алды.

Мен өз сөзімде сенаторлардың назарын еліміздегі ауыл мектептерінің проблемалары мен оларды шешу жолдарына аудардым. Қазіргі заманғы білім беру ісінің басты міндеттерінің бірі шағын жинақты мектептерде білім алушылардың сұраныс, қажеттіліктеріне сәйкес қолжетімділік және сапамен қамтамасыз ету болып табылады. Менің сөйлеген сөзім – мыңдаған ауыл педагогтерінің талап-тілектерін осындай жоғары орында айтып-жеткізу үшін берілген үлкен мүмкіндік деп білемін. Әсіресе, аудан және қала төңірегінен шалғайда орналасқан, жоғары білікті педагогикалық кадрлар жетіспейтін, материалдық-техникалық базалары әлсіз, шағын жинақты ауыл мектептері үлкен алаңдаушылық туғызады.

Шалғай ауылдарда орналасқан ШЖМ-дер тұрғындар өміріндегі бірден-бір әлеуметтік-мәдени орталық болып табылады және демографиялық проблемаларды шешудегі ықпалы зор мәселе. ШЖМ-ні жабу келеңсіз әлеуметтік және этикалық салдарға әкеліп соғатыны сөзсіз. Ата-аналар ауылдарын тастап, мектебі бар аймаққа көшуге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, ауылда мектептің болуы – адам өміріндегі мемлекет болмысының көрінісі.

ШЖМ-ні қамтамасыз етуге мемлекет толыққанды мектепке қарағанда бес есе артық қаржы жұмсайды. Дегенмен, бұл қаржы мектепті дамытуға жетпейді, себебі, оның басым бөлігі педагогтердің жалақысын төлеуге және коммуналдық қызметтерді өтеуге жұмсалады. Басты проблемалар: біріншіден, әлсіз инфрақұрылым: бейімделген нысандар, спорт залының және асхананың болмауы, тасымал ауыз су, аулада орналасқан қажеттіліктер. Екіншіден, жаңа ақпараттық технологиялармен жеткіліксіз жабдықталуы. Интернетке қосылу көрсеткіштері –100%, кең жолақты интернетке 50% шамасында. Бұл білім беруді заманауи деңгейде тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін сандық білім ресурстарын (СБР) толыққанды пайдалануға жеткіліксіз болып табылады. Үшіншіден, баланың білім сапасы педагогтердің кәсібилігіне тікелей байланысты. Ауыл мектептерінде жоғары білімді, жоғары және бірінші санатты, деңгейлік курстардан өткен мұғалімдер саны қала мектептерімен салыстырғанда анағұрлым аз. Оқушы санының аз болуына байланысты педагогикалық жүктемесі аз мұғалім бірнеше шектес пәннен сабақ береді. Арасында өз мамандығы емес пәндерді жүргізетін мұғалімдер бар. Сонымен қатар, жаратылыстану-математикалық пәндері мен ағылшын тілі мұғалімдері жетіспейді.

Біздің ойымызша, ауылдық жердегі білім беру проблемаларын шешудің бірден-бір жолы – шалғайдағы ауыл мектептері балаларының сапалы білімге қол жеткізуі үшін  білім беру үдерісін ұйымдастырудың тиімді формасы ретінде  тірек мектептері мен ШЖМ-ні  интеграциялау болып табылады. Тірек мектептері базасында жыл бойында 3 сессия – бағыттау, аралық және қорытынды оқу сессиялары өткізіледі. Сессия кезінде базалық және бейіндік пәндер бойынша тереңдетілген сабақтар жүргізіледі. Сабақтар негізінен жобалау, оқу-зерттеушілік іс-әркеттерін, қосымша білім беру бағыттарын қамтиды. Сессия ұйымдастыруға балалардың санына және мектептер арақашықтығына байланысты 150 мыңнан 850 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады.  Сессия аралық кезеңде білім беру үдерісі қашықтықтан оқыту негізінде жүзеге асырылады. Онда онлайн және оффлайн құралдармен оқыту пайдаланылады.

Қарағанды облысындағы біздің ауылдық білім беру кешенінің жұмыс тәжірибесі (2001-2010 жж) 2011 жылы ҚР «Білім туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізу барысында – 1-бап 53-2 тармағын енгізуде ескерілді. Бүгінгі күні облысымыз бойынша 29 тірек мектебіне 149 ШЖМ бекітілген.

Тірек мектептерінің артықшылығы мынада – шағын жинақты мектеп оқушыларының білім сапасы жоғарылайды, ең бастысы, мұғалімдер арасындағы шығармашылық байланыстар нығаяды. Тиімді және көп қаражатты керек етпейтін жұмыс құралы – қашықтықтан оқыту болып табылады. Заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану кәсіби мамандар жетіспеушілігі проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

Біздің тірек мектепте қашықтықтан оқытудың ақпараттық орталығы жұмыс істейді. Қарағанды Қазтұтынуодағы экономикалық университетімен (ректоры – Е.Аймағанбетов) серіктестік ынтымақтастық нәтижесінде қашықтықтан оқытудың ақпараттық орталығының техникалық базасы құрылған және оқу орнының электрондық кітапханасымен байланыс орнатылған. Сандық білім ресурстарын енгізу бойынша «Bilim Media Group» Білім беру компаниясымен әлеуметтік серіктестік (басшысы – Рауан Кенжеханұлы) арқасында тірек мектебі қашықтан оқыту жүйесін жақсарту, нәтижесінде педагогикалық үдерісті ілгерілету бағытында барлық аудан мектептері үшін тағылымдық алаңға айналды. РО мұғалімінің кәсіби өсуінің негізі үздіксіз білім алу, кәсіби-тұлғалық тұрғыдан өзін-өзі дамыту және  жетілдіру, яғни, өмір бойы білім алуда жатыр. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру ресурстық орталықтың әдістемелік қызметі, желілік қауымдастығы  арқылы жүзеге асырылады. Басқа білім беру мекемелері және қоғамдық ұйымдармен серіктестік те үлкен пайдасын тигізеді. Әр кездерде тірек мектебі базасында ҚР БҒМ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, мұғалімдерді компьютерлік сауаттылыққа, электронды оқулықтарды қолдануды, «Ақпараттық бастамалар» Қоры қолдауымен  интернет-ресурстармен жұмыс істеуді  үйрету бойынша республикалық семинарлар өткізілді. Ресурстық орталықтың әдістемелік қызметі онлайн-оқытуларды ұйымдастырып отырады – ел ішіндегі және алыс шетелдердің ақпараттық ресурстарына шыға отырып, семинарлар, біліктілікті арттыру, проблемалық курстар, интернет-конференциялар, интернет-сабақтармен қамтамасыз етеді.  Осындай дайындықтардан өткен мұғалімдер бүгінде білім беру үдерісінде АКТ табысты пайдаланып отыр.

Жаңартылған білім мазмұнының қазіргі заман талаптарына сай тірек мектептерінің табысты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін келесі жағдайларды жасау керек деп есептеймін: атқару органдарының тірек мектептерінің іс-қызметі бойынша бекітілген құжаттардағы талаптарды орындауын қамтамасыз ету, ШЖМ оқушыларын және тірек мектебінен пән мұғалімдерін тасымалдау мәселесін шешу, сессия кезінде ШЖМ оқушыларының орналасуын ұйымдастыруға жағдай жасау, кең жолақты интернетке толыққанды қол жеткізуді қамтамасыз ету және компьютерлік паркті жаңалау шараларын қолға алу, әрбір тірек мектебінде пән тьюторлары, кеңесші, жаттықтырушы және басқа штат бірліктерін енгізу, тірек мектептері жанынан шағын жинақты мектеп оқушылары үшін интернаттар ашу.

Бұл проблемалар шешілмей, тірек мектептері өзінің басты міндеті – ШЖМ оқушыларының білім сапасын көтеру міндетін жүзеге асыра алмайды.

Сонымен, алға қойылған міндеттерді мақсатты қаржыландыру арқылы жүзеге асыру ШЖМ-дің жаңа инфрақұрылымын құруға, инфрақұрылымдарды дамыта отырып (тірек мектебі, мектеп жанындағы интернаттар) сапалы білім алуға деген мемлекеттік тапсырысты қамтамасыз етуге, қашықтан оқытуды ұйымдастыру арқылы білім алушылар мен педагогтердің ең үздік білім ресурстарына ел қатарлы қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Тірек мектептері мен ШЖМ интеграциялау жаңа буын, жас ұрпақтың рухани жаңғыруының негізін қалайтын құндылықтар – баланың отбасы аясында тәрбиеленіп, ұрпақтар сабақтастығының нығая жалғасуына, туған ауылына деген сүйіспеншілігі орнауына жағдай туғызады.

Кез келген мемлекеттің баға жетпес байлығы – жас ұрпақ, бала бақыты. Сондықтан, біз, қоғаммен бірлесе отырып, шағын жинақты ауыл мектебі оқушыларының сапалы білім және табысты әлеуметтенуге деген конституциялық құқығын жүзеге асыруға көмек беруіміз, сонда олар болашақта ауылымызды көркейтетін болады.

Қымбатты әріптестер, ата-аналар және оқушылар, кәсіби мереке – Мұғалімдер күні құтты болсын!

 

Айман ТҮКБАЕВА,

«Білім» бағыты бойынша 

Қарағанды облысының

партиялық кураторы, 

облыстық мәслихат

депутаты,

Ақтоғай ауданы Шашубай

кентіндегі  «Мектеп – балабақша кешені» базасындағы

Тірек мектебі

(ресурстық орталық)»

КММ директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button