Алыстағы ауылдарға жылжымалы медициналық кешен барады

Елбасының Үкімет отырысында берген тапсырмасына орай, медицина саласында цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта Қарқаралы ауданында да тиісті жұмыстар жасалуда. Электронды денсаулық паспорты жасалып, барлық медицина мекемелері кешенді медициналық-ақпараттық жүйе арқылы қызмет көрсетуде.

Медицина мекемелерінің материалдық-техникалықжағдайын жақсарту, әлемдік талапқа сай медициналық құралдармен жабдықтау жұмыстары да біртіндеп шешімін табуда.

Былтыр реанимациялық бөлімге 9 млн. 218 мың теңгеге «ИВЛ» аппараты алынды. Ақтасты ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жұмыстары жасалды.

Жақында жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Астана қаласы №4 емханасынан арнайы жіберілген медициналық кешенде бірқатар дәрігерлік кабинеттер бар және толық жабдықталған. Бұл кешен енді алыстағы ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін болады.

Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»