Бас тақырыпРуханият

Алыс та жақын Наурыз

 Еліміз 1991 жылдан бері Наурыз мейрамын тойлап келеді. 2009 жылдан наурыздың 21, 22 , 23 күндері Наурыз мейрамы болып жарияланды. Іле-шала ЮНЕСКО наурыз мейрамын материалдық емес құндылықтар тізіміне енгізді. Ал, 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Наурыз мейрамын ресми түрде 21 наурыз күніне белгілеп, халықаралық наурыз күні деп жариялады.

Сонымен, Наурызды тойлап келеміз…

Қалай тойлап келеміз?..

Жасыратын ештеңесі жоқ, айтуын айтып алып, айтқанымызды жұтып, өзімізді де, өзгені де ыңғайсыз жайға қалдырған жайларымыз аз болған жоқ. Басқа жерді айтпағанның өзінде осы Арқа өңірінде Наурыз мейрамын қилыша тойлап келдік. Жылымықты тосатын болдық. Соған орай, 22 наурыздан басталған тойымыз Арқа төсінде наурызда да, сәуір де, мамырда да тойланып жатты.

Үш күнге белгіленген мейрамымыз солайша үш ай бойы тойланатын болды.

Сөйтіп, қолымыз той тойлаудан босамады. Елді де, өзімізді де мезі қылдық. Наурыз мейрамына деген құрметіміз солайынша кеміп жатты.

Содан да бүгінде қарапайым тұрғындардан бастап министрімізге дейін Наурыз мейрамын жаңаша тойлау форматын ұсынып жатыр.

Әрине, бұрынғы жосығымызды жоққа шығарып, ұшпаққа шығамыз десек, бұл да надандығымыздың бір белгісі болар еді. Дегенмен, ертеңгі күнге құрқол баруға да болмайды.

Біз өзі әсіре әсершіл халықпыз ғой. Онымыз, әрине, кеңістік – Дала баласына жарасымды. Алайда, арнамыздан асып-тасып жататынымыз бар. Мәшекеңше (Мәшһүр Жүсіп) айтсақ, жиегімізде тұрмаймыз.

 Сондағы тапқан сөзіміз әз сөзі болды. Жер-көктің бәрін ӘзНаурыз деген жарнамалар жаулап алып жатты. Оған құлағымыздың үйренгені соншалық, Наурыз десек, есімізге еріксіз әзі қоса түседі. Шын мәнінде әз деген сөз соқыр, ақ деген мағынаны береді. Дұрысырағы, көзінің қарасы кетіп, ағы қалған адамды әз адам деген. Мәселен Әз Жәнібек, Әз Тәуке сондай адамдар болған. Өкініштісі, жазармандарымыз әз сөзін әскери шен деп түсініп, елді адастыруға себеп болды.

Тағы бір шегіншек түсінігіміз, Наурыз мейрамын діни мереке қылып алдық. Қайда барсақ та, дастархан басында сәлдесін қоқайтып молдаларымыз отыратын болды. Аузымыз қисаймай біздің той, Шығыстың тойы дейтінді шығардық.

Шын мәнінде Наурыз өмір сүру ұстынымыз!

 Бұл – жалпы адамзаттық ұстын!

Наурыз мейрамының бірізділіктен ажырап, қилы сипат алуы неліктен? Қазақы ұғымда бұл – көктем мерекесі, жуанның жіңішкерген тұсы. Жағырапиялық тұрғыдан келсек, мұнымыз өзімізге жөн болғанымен, басқа ендіктер мен белдеулерде басқа маусымдар жүріп жатады ғой.

Бабаларымыз Наурызды «қызылбастың наурызы» деп жатады. Қызылбасымыз – парсы жұрағаты. Мұнымызды тарихи жәдігерлеріміз де қуаттайды.

«Нау» деген парсыша «жаңа» деген мағынаны береді. Латынның «ное»-сі, немістің «нойе»-сі, орыстың «ново»-сы осы «нау»-дан шыққан.

 «Руз» да парсы сөзі. «Күн» деген мағынаны береді. Сонда «Наурыз» сөзі «Жаңа күн» деген мағынаны береді. Демек, Наурыз деген сөз – Жаңа күн деген сөз екен!

Жаңа жыл деген сөз емес!

Сонда жұртымыздың Наурызды Жаңа жыл деп тойлап отырғанын қайда қоямыз?!

 Адамзаттық күнтізбенің шәмси және қамар жүйесімен есептелгені белгілі. Алайда, құдайәлпеттес, аллаәлпеттестердің күштеп таңуымен күнтізбе есебінен жаңылдық. Біздің желтоқсанымыз қазіргі жалпы өркениетте декабрь/децембер деп қабылданған. Күнтізбеге он екінші ай болып кірген. Алайда, «дека» деген латынша «он» деген мағынаны береді ғой. Олай болса, жыл григориан күнтізбесі бойынша декабрьде – оныншы айда біткенімен, астрономиялық санау бойынша ақпан айымен бітеді.

Олай болса, Жыл басы Наурыз айымен бірге кіру керек еді ғой.

Олай болса, Жыл басы бірінші Наурыз ғой!

Алайда, Жылдың бізде, басқа да елдерде 21-і болмаса 22 наурызда тойланатыны қалай?

22 наурыз күні түн мен күннің теңелетіні белгілі. Мұнан былай түн қысқарып, күн ұзара беретін болады. Ендеше, бұл Жыл мерекесі емес, Күн мерекесі.

Күн ең алдымен сайран болса, соңынан – от!

 Бұл – Күн мерекесі!

Бұл – От мерекесі!

 Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям тәрізді әлем таныған тарихи тұлғалардың еңбектеріндегі Шығыс халықтарының Наурыз мейрамын қалай тойлағаны туралы деректерінде парсы тілдес жұрт Наурызды бірнеше күн тойлаған.

Олар Наурыз күндерінде әр жерден от жағып, отқа май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті, ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыны аяқты сындырған. Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «Күн символын» салған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.

От деген – өмір!

От деген – жылымық!

От деген – көк!

Ең соңында от деген – аластау!

Терістіктің бәрін отпен аластаған!

Сөйтіп жаңарған!

 Ал, Наурыз мерекесін бабаларымыз наурыз айының он төртінде атап өтіп отырған. Өйткені, бұл күні көктем кіреді. Өйткені, бұл күні Арқада наурызек торғай су ішеді. Мұны Арқа жұрты мейрам суы дейді.

Мейрам суы дегеніміз тірі су, мұны ғылымымыз да қуаттайды.

Бұл мерекеміз еліміздің батысында «Көрісу күні» деп аталып жүр. Сол көрісу күні наурызға жалғасқан. Ата-бабаларымыз Наурыз мейрамын қазіргідей үш күн емес, солайша бір апта тойлаған.

Тойлағанда дастарқан басынан тұрмады деген сөз емес.

Қыс ішінде қатыса алмаған алыс-жақынның аманшылығын білген, адамы опат болған отбасылардың үйіне барып бата жасаған.

Күнесіген қарияларын күн көзіне шығарған.

Малдың да, жанның да бауыр етінің екі есеге дейін ұлғаятын кезі осы кез.

 Ал оның уытын қайтаратын дәрмен – ақ.

Олай болса ақ мол болсын!

Ұлыс оң болсын!

Төрехан Майбас

Басқа материалдар

Back to top button