Алыпсатарлық — нағыз бизнес емес

Қазақстан экономикасын дамытуға билік емес, қарапайым халық мүдделі. Өйткені, экономика дамыса, халықтың әл-ауқаты да артады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрмыс түзеледі. Дамыған елдерде экономиканы алға сүйрейтін негізгі күш – шағын және орта бизнес. Ал, бізде ше?

Үкімет шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Кәсіп бастаймын деген адамға түрлі жеңілдіктер, гранттар мен пайызы төмен несиелер ұсынылуда. Бір сөзбен айтқанда, ізденіп, еңбектенген адамға мүмкіндік көп. Бірақ…

Бүгінде Қазақстанда той бизнес пен алыпсатарлардың дәурені жүріп тұр. Соларға қарап, былайғы жұрт «бизнесмен болу – тойхана салу немесе саудагер болу» деп түсінеді. Ал, оның ел экономикасына тигізер пайдасы бар ма? Қазір ірі мегаполистерді былай қойғанда, шағын қалалардың өзінде дүкеннен көп нәрсе жоқ. Яғни, бұл салада бәсекелестік жоғары. Бірақ, солай екен деп баға арзандаған жоқ. Қайта азықтүлік, киім-кешек сынды күнделікті қажеттіліктегі тауарлардың бағасы ай сайын құбылып, қымбаттап жатыр. Неге? Өйткені, дүкен сөрелеріндегі өнімдердің басым көпшілігі шетелдік тауарлар. Яғни, сіз бен біздің қаражатымыз отандық өндірушілерді емес, шетелдік кәсіпорындарды дамытуда. Жергілікті кәсіпкерлер тұрғындарды өз өнімдерімізбен толық қамтып, халықтың сұранысын қанағаттандыра алмай отыр.

Кеңес Одағы ыдырап, нарықтық экономикаға көшкен кезде ағайындарымыздың көпшілігі күнкөріс қамымен ала дорба арқалап, базар жағалап кетті. Әрине, заманның талабы сондай еді. Еліміздегі кәсіпорындардың жұмысы тұралап қалған шақ. Шекаралар шалқасынан ашылды. Осы кезде жұрттың бір бөлігі сауданың арқасында әлеуметтік ахуалын түзеп алғаны рас. Бірақ, қазір заман өзгерді ғой. Бүгінде елімізде «Қазақстанда жасалған» өнімдерге басымдық беріледі. Алайда, бұл саланың дамуы көңіл көншітерлік деңгейде емес. Әсіресе, шағын өнеркәсіптерге кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық аз. Өйткені, оның машақаты көп. Қалталы азаматтардың көпшілігі өндіріс ашып, өнім шығарып әуре болудан қашады. Сондықтан, лажы болса қаржыны әуре-сарсаңы аз, түсімі жоғары тойхана салуға жұмсауды құп көреді. Кейін «бизнесменмін деп күпінеді». Бұл – бос мақтан, дарақылық. Нағыз бизнесмен – халық сұранысына сай өнім шығара білген азамат.

Өнім шығару үшін міндетті түрде қымбат құрылғылармен жабдықталған зауыт салып, жүздеген адамды жұмысқа алудың қажеті жоқ. Ұлы істер ұсақтүйектен басталады. Мәселен, қазір жұмыссыз отырған азаматтар бар ғой. Олар жұмыс жоқ деп қарап отырмай, қолынан келген іспен айналысқаны абзал. Қарапайым мысал, тоқыма немесе тігіншілік. Ниет білдірген адам интернеттен тегін сабақтар алып, аз уақыттың ішінде осы саланың хас маманы атана алады. Тұтынушы тауып, алғашқы тапсырысты алуға да интернеттің көмегі зор. Кейін өнімдері жұрт назарын аударып, тапсырыс көлемі ұлғайған кезде қосымша адам алып, өндіріс көлемін ұлғайтуға болады.

Рас, елдің бәрі кәсіпкер бола алмайды. Ол үшін адамның бойында көшбасшылық қабілет және ынта керек. Бірақ, «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» демекші, әр адам өзін сынап көруі керек. Тәуекелге барып, қиындықтарға шыңдалған кезде ғана биік белестерді бағындыруға болады.

Жанна Байқоңырова,
кәсіпкер, бизнес-тренер