Жаңалықтар

Алтын жүректі азамат

Ғабдулмәжит Мамалинов жұлдыздай жарқ етіп, жақсылығымен жұртқа жағып, жылдам сөнген жандардың бірі. «Адалдық пен тазалықтан жаралған нағыз азамат еді. Ағзам аға, абзал дос еді…» деп күрсінеді оның көзін көргендер. Бір бойында қаймақты адами қасиеттер қаншама! Сыпа сүйекті сындарлы адам болды. Бірақ, өмір деген осы – қас-қағым…

Осыдан 15 жыл бұрын ақ халатты абзал жан Ғабдулмәжит Қалиұлының келместің кемесіне мініп кете барды. Небары 37 жыл жер басып жүру маңдайына жазылған екен. Өзің өтсең де тірі кезіңде еткен еңбегің, жасаған жақсылығың, ұрпағыңа қалдырған өшпес өсиетің, дос-жарандарыңа, туған-туыстарыңа деген аңқылдақ адалдығың сені сол адамдарың жүрегінде мәңгілік тірі етері ақиқат. Міне, ет-жақын туыстары, ағайын-жұрағаты, жолдас-таныстары Ғабдулмәжиттің есімін ардақ тұтып, үнемі тек жылы сөзбен, естеліктермен ғана еске алып отырады.

Ғабдулмәжит аға қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында үлкен жетістіктерге жетті. Көптеген адамдарға риясыз көңілмен жақсылық жасады. Еткен еңбегіне сай тек алғысқа бөленді. Медицина ғылымдарының докторы, профессор атанды. Қарағанды облысының көпсалалы емдеу-диагностикалық бірлестігінің бас дәрігері орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Білімі мен біліктілігі жоғары ғалым аға 64 ғылыми жұмыс пен монографияның авторы атанды.

Медициналық академияда мамандар даярлады. Амал қанша, өзгенің дертіне араша түсемін деп жүгіріп жүріп, өзінің жүрегіне жүк түскенін сезбей де қалды.

Ғабдулмәжит Қалиұлы Мамалиновтің өмір жолына тоқталар болсақ, 1965 жылы 6 наурыз күні Бұқар жырау ауданының Токаревка кентінде теміржолшы отбасында дүниеге келген. 1982 жылы орта мектепті аяқтап, Қарағанды медициналық институтына түседі. Жоғары оқу орнында қатарластарының алды болды. Ленин стипендиясының иегері атанды. Институтты үздік аяқтады. Клиникалық ординатураны госпитальдік хирургия кафедрасында өтті. 1993 жылы медицина ғылымдарының кандидаты атанып, 2001 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 35 жасында медицина ғылымдарының докторы атанды.

Ғабдулмәжиттің ғылым шыңына шығуға медицина ғылымдарының докторы, профессор С.Лохвицкийдің қосқан еңбегі ерен. 5 курстан бастап сол кісінің жетекшілік етуімен талантын танытты, білім көкжиегін кеңейтті. Қызығынан қиындығы басым мамандығын жан-жақты жетік меңгерді. Студент кезінде көзге түсіп, ассистенттіктен ғылым докторы, профессоры дәрежесіне қол жеткізді. Жүздеген науқасқа ауыр оталар жасап, аман алып қалды. Қарағандыдағы микрохирургияның мықты маманы атанды. Оның ғылымға қосқан үлесі – бас ми ауруларын емдеуге қатысты әдісі заманауи хирургияда кеңінен қолданылады. Өйткені, бұл бағыт Қазақстанда әлі де толық зерттелмеген.

Жүзінен жылылықтың нұры есіп тұратын. Ағайын-туысқа деген сүйіспеншілігі, достарына деген құрметі, алдына ем іздеп келген науқастарға деген ықылас-ниеті, адалдығы ерекше еді. Әріптестерінің арасында беделі биік болды. Оның жұмысына деген жоғары жауапкершілігінен, еңбекқорлығынан жас мамандар өнеге алды. Хирургиялық ота жасауда тәжірибесін ғылыммен ұштастырып, ізденуден жалықпайтын. Сол талап-талпынысының арқасында облысымызға танымал жоғары санатты дәрігер-микрохирург атанды.

Жұмысын жақсы көргендігі соншалық, күндіз-түні еңбек етті. Науқаспен бірге ауырып, жан азабын өзінің тұла бойынан өткізіп, сезінді. Ең ауыр оталарды өзі жасауға тырысты. Осылайша жүздеген адамның үмітін жалғап, емделушінің құлан-таза айығып кеткенін көргенде балаша қуанатын. Қай жерде, қандай қызмет атқармаса да сеніп тапсырылған жұмысты дер кезінде бар күш-жігерін салып орындайтын деп еске алады замандастары. Жауапты басшылық қызметте азаматтық тұлғасы, адами қадірі, ұйымдастырушылық қабілеті айқын көрінді.

Мінезінің ерекшелігі – адамның көңіл кілтін таба білетін. Әділетті, шынайылықты жаны сүйетін. Қайнардай мөлдір көңілімен, кең жүрегімен, парасаттылығымен жақындарының жадында қалды. Ол барлығының жадында алтын жүректі азамат болып сақталып қалды.

Асылбек ТОЙБЕК.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button