Алтын шырақ

Ешкімнің елемей-ақ сый, атағын,

Ұлтыңның түгендесең ұят, арын.

Тасына тағдырымыз таңба салған

Басына бір түнеп қайт Би атаның!

Би ата!

Аты осындай, заты осындай,

Бабамның бәтуәлі батасындай.

Шалқардың шағалалы айдынындай,

Арқардың алшы түскен сақасындай.

Кездерде асылымнан тірі айырған,

Шыр еткен шындық тауып шырайымнан,

…Байрақтай басымызға бақ байлаған

Қаймақтай қара сөзден қыл айырған.

Қазыбек!

Қазыбек би Қаздауысты,

Жалғадың рухыңмен жазға қысты.

Төріңе Төле,

Әйтеке малдас құрып,

Көліңе аққу қонып, қаздар ұшты.

Оралтып он сан ойын, жамыратып,

Төгілген көкейінен лағыл, ақық.

Дауылын дәуірлердің кері айдаған,

Бауырым,

Бабамыздың бары бақыт!

Шындықтың шым батырып шырғалаңы,

Мұңайсаң, мұнар күннен мұң қалады.

… Рухы Қаздауысты Қазыбектің

Басына Балқантаудың бір қонады.

Соқпағы керуенімнің әр күн сынақ,

Қайтесің,

Қасиетінің парқын сұрап?

… Қазақтың Қаздауысты Қазыбегі –

Алаштың қолындағы Алтын шырақ!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.